Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы басты әрі біріктіруші идея – цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу. Мемлекет басшысы экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын жедел енгізу міндетін нақты айқындады.
Аталған бастамалар Қазақстанның жаңа ұлттық цифрлық даму стратегиясы аясында жүзеге асырылмақ. Еліміз цифрлық жаңғыруды кешенді әрі жүйелі түрде қолға алған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болып отыр. Бұл қадам Қазақстанды болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған, бәсекеге қабілетті елге айналдыруды көздейді.
Жолдауда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу ұлттық идея деңгейінде белгіленді. Сонымен қатар ұсынылған парламенттік реформалар президенттік саясаттағы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын одан әрі дамытуға бағытталды.
Референдум өткізу жөніндегі ұсыныс Мемлекет басшысының ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді халықпен кеңесе отырып шешу қағидатын берік ұстанатынын көрсетті. Президент бұған дейін де 2022–2023 жылдардағы реформаларды алдын ала жариялап, ашықтық пен сабақтастықты қамтамасыз еткен болатын. Бұл жолы да Конституцияға жедел өзгерістер енгізу немесе Президент сайлауын өткізу мәселесі көтерілген жоқ.
Басты мақсат – саяси жүйенің институционалдық негіздерін одан әрі нығайту. Мемлекет басшысы ойластырылған, бірізділікке негізделген дәйекті тәсілді қолдайды. Қазақстан кезең-кезеңімен, жан-жақты жүзеге асырылатын саяси жаңғыртудың тиімді үлгісін көрсетіп отыр.
Саят БАҚТЫГЕРЕЙ,
аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы


