Отбасындағы зорлыққа жол жоқ

Бүгінгі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның екінші адамға қатысты дене немесе психологиялық зардап келтіретін, сондай-ақ келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті ретінде сипатталады.

Көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары — әйелдер мен балалар, деп хабарлайды Махамбет ауданы полиция бөлімінің баспасөз қызметі.

Аталған бағыттағы негізгі мақсат – азаматтарға отбасылық-тұрмыстық негіздегі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ олардың қайталануына жол бермеу шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Осы мақсатта Махамбет ауданы полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция капитаны Арайлым Сапарғалиева құқық бұзушылық жасаған азаматтармен және жәбірленуші әйелдермен профилактикалық әңгімелер өткізіп, ақпараттық үнпарақтар таратты.

— Отбасындағы зорлық-зомбылықтың соңы орны толмас өкінішке алып келуі мүмкін. Егер сіз зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, үнсіз қалмаңыз. Махамбет аудандық полиция бөліміне немесе сенім телефондарына хабарласыңыз, — деді А.Сапарғалиева.

Мамандар отбасындағы татулық пен өзара сыйластықты сақтаудың маңызын атап өтіп, мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу әр азаматтың жауапкершілігі екенін еске салады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT