Президент Қ.Тоқаевтың: «Жұртқа жақын полиция қағидаты» мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда полиция органдары қызметкерлері сүбелі үлес қосып келеді. Тәртіп сақшылары күні-түні қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тік тұрып, қызмет етуде. Жұмыс барысында өз басын қатерге тігіп, халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында құрбан болған полицейлер бар. Олардың адал қызметтері кейінгі жас мамандарға үлгі-өнеге. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Қылмыспен күресіп, азаматтардың алаңсыз тіршілігін қамтамасыз ету–тәуекелі көп жұмыс. Полиция қызметі қашанда қырағы әрі ширақ болуы керек. Тәртіп сақшысы кез келген уақытта қатердің бетін қайтаруға дайын тұруға тиіс. Бұл зор жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Тәртіп сақшысы деген абыройлы атқа лайық болу керек. Тәртіп сақшысына берілген ең жоғары баға – халықтың сенімі мен алғысы» деген еді.
Қоғамда тәртіп сақшыларына деген құрмет пен сенім бар. Жалпы қоғамдық тәртіпті қадағалаудағы сақшылардың өмірі, жұмысы қауіп-қатерге толы екенін жақсы білеміз. Отандық полиция сапында өз ісін мінсіз атқарып, антына адал, берік қалпында қалтқысыз қызмет етіп жүрген жігіттер жеткілікті. Солардың бірі, Махамбет аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Сансызбай Абатұлы.
Сансызбай – Индер ауданының тумасы. Ол Елтай ауылындағы М.Сиранов орта мектебінен орта білім алып, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетіне оқуға түсіп, оны 2003 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Сансызбай 2004-2005 жылдары әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеген. Еңбек жолын 2006 жылдан Атырау облыстық жол полициясында аға сержант шенімен бастайды. Атырау қалалық жол полициясы, облыстық жол полициясында еңбек ете жүріп, Ішкі істер Алматы академиясын 2012 жылы бітіріп шығады. Сол жылы Махамбет ішкі істер бөліміне жол полициясы тобының әкімшілік-тәжірибе инспекторы, полиция капитаны болып тағайындалса, 2019 жылы әкімшілік полиция бөлімшесі бастығы қызметіне ауысады. Полиция подполковнигі Сансызбай Абатұлы 2024 жылдан аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары лауазымында.
Полиция – аса күрделі де жауапты, адам бойындағы өжеттілік қасиетін талап ететін мамандық. Құқық қорғау саласында қызмет ету үшін тек қана білімді, білікті ғана емес, шымыр, білекті, спортқа бейім болған да артық етпейді. Сабыр, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті қасиеттер қатарында. Сонымен қатар ұстамды болу, адамдармен араласа білу, сыпайы болу да маңызды. Сансызбай осындай толып жатқан талаптар үрдісінен шыға білді. Ол әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетіп жүрген жанның бірі десек қателеспейміз. «Ең бастысы өз кәсібіне кір келтірмеу үшін адалдық керек. Халыққа қамқор бола білсе, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болса, «полиция –қорғаның» дегеніне ел-жұрт сенер еді» дейді ол.
Махамбет аудандық полиция бөлімінде 12 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Сансызбай Абатұлы қылмыстың алдын алуда, заң бұзушылықтың жолын кесуде үлкен жұмыстар атқарып жүр. Ол төзімді тірек қылған тағылымды тәртіп сақшысы. Сала маманы болу үшін ең алдымен физикалық тұрғыдан мықты, жүйкесі берік, шапшаң әрекет ете алатын, адал, талапшыл, тіпті керек жерде психолог та болу керек екен.
Толассыз еңбекпен нәтижелі жұмыстар арқасында департамент пен басшылықтың құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталғанын да айта кеткен жөн. Ол ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар полиция департаментінен алған алғыс хаттары, 2016-2021 жылдар аралығында алған 10-15 төсбелгісі бар. Ел арасынан шыққан жүгенсіздерге тыйым салып, тыныштық сақшысына айналған полицейлерге артылатын жауапкершілік пен жүктелер міндет жеңіл емес. Сол жауапты істі өз мойнына алған билік пен заң өкілінің қызметке адал болуы қауіпсіздікті сақтап, қылмысты дер кезінде ашуы, адамгершілік тұрғысынан қателікке жол бермеуі - бұлжымайтын парыз.
Сансызбай түзде полицей, үйде үлгілі әке, бақытты шаңырақтың алтын діңгегі. Ол жұбайы Самал екеуі екі қыз тәрбиелеп- өсіруде. Жақында ғана өмір есігін ашқан Әлем есімді ұл да отбасының шырайын келтірді. Жан жары Самал Максимқызы есепшілік қызметте, қыздары – мектепте үздік оқитын білімді балалар. Ата-анасы балаларының болашағынан үлкен үміт күтеді.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА