Еріктілердің еңбегі ескерусіз қалмайды

«Ел басына күн туғанда, толарсақтан саз кешіп»,  өңіріміздегі тасқын сумен күрес жұмыстарына белсене араласқан азаматтардың еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ.   19 маусым  күні Ақордада Мемлекет басшысы су тасқынымен күреске бар күш-жігерін жұмсап, белсене қатысқан азаматтарды еліміздің әр түкпірінен арнайы шақырып, марапаттаған еді. Солардың қатарында жерлесіміз, жас кәсіпкер, Махамбет ауданындағы жаға бекіту жұмыстарына күні-түні қызмет еткен Асыланбек Ақылбеков те барын мақтанышпен айта аламыз.

Жалпы еліміздің  10 аймағында орын алған бұрын соңды болмаған бұл жойқын табиғи апатпен күрес жұмыстарына  50 мыңнан астам ерікті, 63 мыңнан астам күштік құрылымдар жұмылдырылған. Бір ғана Махамбет ауданының өзінде 1600 ден астам ерікті  күрек пен қап ұстап Жайық жағалауына шықты. 8 арнайы бақылау бекетінде ауылдың азаматтары  кезекшілік ұйымдастырып, бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Осындай сындарлы сағаттарда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілік танытқан, ел үшін ерінбеген ерлердің еңбегін Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің  Атырау облысы бойынша филиалы басшылары да бағалап жатыр.

Аталмыш қоғамдық бірлестіктің 5 жылдық есеп беру жиынында Махамбет ауданы бойынша төтенше жағдай басталғаннан бері тынбай еңбек еткен 16 ауыл азаматын «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Атап айтқанда,  Алмас Жолдасов , Сансызбай Сүйесінов, Манарбек Маханов, Асқар Бегинбаев, Адилбек Мухамедин, Таймус Кушенов,  Қоныс Сатқанғалиев, Жылқышы Нұрғалиев, Гибадат Каныкомов, Самат Губашев, Дархан Мурзагалиев, Рустембек Жонабаев, Анарбек Избулов, Аманер Аймуханов, Айбек Купбаев, Асыланбек Ақылбеков.

Жоғарыда атап өткендей, Қазақстан Республикасы Президентінің 14 маусымдағы Жарлығына сәйкес « Ерен Еңбегі үшін» медальімен наградталған Атыраулық 5 азаматтың қатарында ауданымыздың еріктісі  Асыланбек Ақылбеков те болды.  Ауыл үшін төккен тердің жемісі ақталып, кеудесіне қос төсбелгі таққан Асыланбек 3 баланың әкесі, бір үйдің асыраушысы. Соған қарамастан сәуір айынан бастап бөгет соғу жұмыстарына қатысып, тәуліктің 24 сағатында жағада жүріп, басқа да еріктілермен бірге кезекшілікті де атқарған.  Екі ай бойы тынымсыз еңбек еткен осындай жігерлі  азаматтардың арқасында ауылымыз тасқын судан аман қалды десек артық емес.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT