Еліміздегі атаулы күндер қатары тағы бір мерекемен толықты. Нақтырақ айтқанда, маусым айының үшінші жексенбісі енді Қазақстанда «Әкелер күні» болып белгіленді. Бұл үрдіс әлемнің біраз мемлекеттерінде бұрыннан барын ескерсек, әкелер күнін тойлаудың отбасы институтын қалыптастыруда алар орны ерекше деуге болады. Мерекеге орай аудандық «Өнерпаз» үйінің қолдауымен «Рахмет, әке!» атты ток-шоуы өткізілді. Бағдарламаның ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі – мәдениет үйінің әдіскері Элеонора Файзуллаева.
Ерекше форматтағы ток-шоудың қонақтары да ерекше болды. Әр салада жемісті еңбек етіп қана қоймай, бір-бір үйдің отағасы, асқар тау әкесі атанып отырған ер азаматтардың қатарында «Халық банкі» акционерлік қоғамы Махамбет аудандық бөлімінің бастығы Еркебұлан Сүндетов, Махамбет аудандық жергілікті полиция қызмет бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Бақтыбек Абуталин, Махамбет ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Рүстем Жақсылықұлы және О.Шонаев атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Думан Жеңісұлы болды.
Әнші Нұрболат Баяхметтің орындауында әкелерге арналған ән -шашумен басталған ток шоу бірден сұрақ-жауап бөліміне ауысты. Бірі майор, бірі басшы, бірі капитан, бірі ұстаз кейіпкерлеріміз өздерін әке ретінде бірауыз сөзбен сипаттап берді. Жүргізушінің «балаларыңызға ат қоюда атсалыстыңыз ба? Асыл дініміздің қағидасына сүйенсек, атты балаға әкесі қою керек. Осыған көзқарасыңыз қалай?» деген сұрақтың жауабына әкелердің пікірі бір арнаға тоғысты. Барлығы дерлік ұлттық тәлім-тәрбиемізге сай әлбетте, үлкендердің алдына шықпай алғашқы баланы ата-әжесіне, екіншісін нағашы жұртына, содан кейін барып өздері ат таңдауға араласқанын ашық айтты. Ислам дінінде балаға есім таңдауды, оны азан шақырып қоюды әкесінің таңдағаны ләзім делінген. Бірақ, қазақы тәрбиеде ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша алғашқы баланы ата-әженің бауырына салып, ат қоюды да үлкендерге, болмаса сыйлы жандарға жолдап жатады. Әкелерге қойылған келесі сауалдарда «отбасындағы бала тәрбиесінде нені басшылыққа аласыздар? Сабағын оқытасыз ба? Ата-аналар жиналысына барасыз ба? Телефон ұстауға рұқсат бересіз бе?» деген маңызды тақырыптар төңірегінде болды. Бұл сұрақтарға да әр әке өзінің субьективті пікірін білдірді. Соның ішінде төрт ұлдың әкесі Еркебұлан Сүндетов ұлдары ұялы телефон ұстамайтынын айтып таң қалдырса, Думан Жеңісұлы оқушы ұлының сабағына өзі жауапты екенін айтты. Қалған әкелер де бала тәрбиесіне бейжай қарамайтындығын нақтылап өтті.
Ток-шоу форматындағы бағдарламаның келесі бөлімі блиц- сұрақтарға арналды. Ал, жағдаяттар бөлімінде өмірден алынған әке мен бала арасындағы мәселені шешуде, диалог құруда әр әке көрегендігін, ұстамдылығын, ақыл-парасатын, қажет жерінде әкелік мысын да көрсете білді. Мерекелік бағдарламаға қатысушыларға «Өнерпаз» мәдениет үйінің басшысы Ербол Идрисов ерекше алғысын білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады.
А.САТАЕВА