Ағымдағы жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді.
Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-нен 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады.
Жәбірленушіні азаптағаны үшін – 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Педофилді өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмаған 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлағандарға – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады.
Бұл заң жобасының қалыптасуына Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі де өз үлесін қосты.
Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни, мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды.
Өткен жылдың қараша айында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық конференция өткізді. Оның барысында мемлекеттік органдармен, сарапшылармен, ҮЕҰ және дағдарыс орталықтарының өкілдерімен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға ықпал ететін негізгі факторлар талқыланды. Нәтижесінде заңнамалық түзетулер пакеті қалыптастырылып, Қазақстан Республикасы Парламентіне жолданды.
Бұл заң отбасылық ортада зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған. Бұл–қауіпсіз және әділ қоғам құру жолындағы маңызды қадам.
А.САПАРҒАЛИЕВА,
Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны