Түрлі түсті кәмпиттер: ҚАУІП НЕДЕ?

СОҢҒЫ УАҚЫТТА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР МЕН ИНТЕРНЕТ- ДҮКЕНДЕРДЕ ТҮРЛІ ТҮСТІ, ШАҒЫН ҚАПТАМАДА САТЫЛА¬ТЫН АРЗАН КӘМПИТТЕРДІҢ КЕҢ ТАРАЛЫП ЖАТҚАНЫ БАЙҚАЛАДЫ. ӘСІРЕСЕ, МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАЛАР МЕН ТОЙЛАРДА ШАШУ РЕТІНДЕ ҚОЛДАНЫЛАТЫН МҰНДАЙ ӨНІМДЕР ТҰТЫНУШЫЛАР АРА¬СЫНДА ҮЛКЕН СҰРАНЫСҚА ИЕ.

САПА СЕРТИФИКАТЫ КӨРСЕТІЛМЕЙДІ 

Көбіне көтерме бағамен ұсынылатын бұл кәмпиттердің сырт келбеті тартымды болғанымен, құрамына қатысты нақты ақпараттың болмауы алаңдаушылық тудыруда. Мамандардың айтуынша, белгісіз өндірушілерден шыққан немесе құрамы толық көрсетілмеген кәмпиттер адам денсаулығына әртүрлі қауіп төндіруі мүмкін. Көп жағдайда мұндай өнімдердің қаптамасында өндіруші туралы мәлімет, сапа сертификаты, санитарлық талаптарға сәйкестігі жөніндегі деректер көрсетілмейді. 
Жасанды бояғыштардың шамадан тыс болуы, аллерген қосылымдардың анық көрсетілмеуі, сақтау мен тасымалдау талаптарының сақталмауы – бұл өнімдерді балалар мен қарт адамдарға тұтынудың қауіптілігін арттыра түседі. 

Той-томалақ кезінде таратыла салатын тәттілерді балалардың бірден жейтіні белгілі. Сондықтан мамандар өнім қауіпсіздігіне аса мән беруге шақырады. Санитарлық нормаларға сәйкес Қазақстан аумағында сатылатын кез келген тағам өнімі тиісті сертификатқа ие болуы және қаптамасында толық ақпарат көрсетілуі тиіс. 

KISSCAM КӘМПИТІНЕ ҚАТЫСТЫ ДАУЛЫ АҚПАРАТ 

Әлеуметтік желілерде соңғы күндері KissCam маркалы кәмпиттің балалар денсаулығына зиян тигізуі мүмкін деген ақпарат тарауда. Кейбір бейресми жазбаларда бұл өнімді тұтынған соң бас ауруы, тамақтың салқындауы және басқа да жайсыздықтар байқалғаны айтылады. Алайда бұл деректер ресми түрде дәлелденбеген және медициналық мекемелер арқылы расталмаған. 

Қазақстандағы медициналық мекемелерден, жедел жәрдем бөлімдерінен немесе санитарлық қадағалау органдарынан бұл кәмпитке байла¬нысты улану фактілері тіркелмеген. Қазіргі уақытта өнімнің қауіпсіздігіне қатысты тексеріс жүргізілуде. Осыған байланысты мамандар ата- аналарға сақтық шараларын ұстануды, балаларға белгісіз құрамдағы тәттілерді көп мөлшерде бермеуді ескертеді. 

Егер бала тәтті жегеннен кейін өзін нашар сезінсе, аллергия байқалса немесе жүрегі айныса, дереу дәрігерге жүгіну қажет. Мектептер мен балабақшалар да сатылымдағы өнімдерге мониторинг жүргізіп отырмақ. Есенбай Ағелеуов атындағы орта мектептің медбикесі Шырын Тұрсынова да бұл тәттілерге түбегейлі қарсы екенін айтады 

– Өз басым бұл тәттілерге қарсымын. Мектепте осы Қытай кәмпиттерін тұтынатын оқушылар көп. Алайда ата-аналарға да, сынып жетекшілерге де ескерту жасап, бұл кәмпиттің зиян екенін түсіндіремін. Тіпті қолдарынан көретін болсам, алып қоямын. Ата-аналар «хит» деп не болса соны ала бермей, балалардың денсаулығын ойлауы керек. Улану фактісі болмаса да, алдын алу – басты міндет,- дейді медбике. 

САУДАСЫ ҚЫЗЫП ТҰРҒАН «СҮЙІКТІ АС» 

Тұтынушылардың әсіресе, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сауда орындарындағы аталған өнімдерге қатысты жо¬спардан тыс тексерістер жүргізуде. Импорттық кондитерлік өнімдердің құрамына зертханалық сараптама тағайындалды. Аудан көлемінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде шамамен 10- ға жуық дүкен сөрелерінде қытай кәмпиттерінің үлкен сұранысқа ие екені анықталды. 

Тұтынушылардың 90 пайызы – 9-14 жас аралығындағы балалар. Дүкен иелері бір күнде 30-ға жуық кәмпиттің сатылатынын айтады. Сөздерінше, балалар қаптамасына және тиімді бағасына қызығып жиі сатып алатын көрінеді. Бір рет дәмін көрген балалардың қайта келіп алатын жағдайлары жиі кездеседі. Бұл тәттілердің құрамында ментол секілді салқындатқыш синтетикалық қоспалар бар. Алдымен ауыз қуысын салқындатып, кейін тәтті дәм беретін қасиеті балаларды қызықтырып, олардың «сүйікті асына» айналған. 

Соңғы жылдары Қазақстанға Қытайдан әкелінетін кәмпит түрлері көбейгенімен, олардың барлығы қауіпті деп айтуға болмайды. 2024- 2025 жылдары Қытайдан экспортталған шоколад пен кондитерлік өнімдер көлемі – шамамен 97 мың тонна. Қазақстан бұл кезеңде қантты кондитерлік импортқа 9,15 млн қаржы жұмсаған. Тұтынушылардың талғамы мен сатып алу қабілетінің артуы нарықтың өсуіне себеп болып отыр. 

«КҮМӘНДІ ӨНІМГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНУ КЕРЕК» 

Үш баланың анасы Келбет Жомартқызы бұл мәселе жөнінде өзінің алаңдаушылығын білдірді.

– Бала тәрбиелеп отырған ана ретінде денсаулық – бірінші орында. Күнделікті балаларымның жейтін тамағы мен тұтынатын заттарын бақылауда ұстауға тырысамын. Алайда бала болғасын барлығына қызығып, қазіргі трендтегі нәрселерді де сұрайтынын жасырмаймын. Шама келгенше қалауларын орындауға тырысамын. Соңғы уақытта барлық дүкенде сатылып жүрген Қытай кәмпиттері де сұраусыз қалмады. «Мектепте барлық балалар дәмін көрді, тек мен ғана қалдым» деп қиылып сұрағасын алып бергенбіз. Кейін әлеуметтік желідегі пікірлерді оқып, құрамында жарамдылық мерзімі көрсетілмеген өнімді балаларыма беруді тоқтаттым. Күмәнді заттардың зиян келтірмеуін қалаймын,- дейді К.Жомартқызы. 

Осы орайда Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Аслан Ернар да өз ойын бөлісті. 

– Мен мектеп оқушысы ретінде дүкендерде сатылатын Қытай кәмпиттерін жиі көремін. Олардың түсі ашық, сыртқы қаптамасы тартымды болғандықтан көбіміздің назарымызды аударады. Бірақ соңғы уақытта мұғалімдер мен ата-аналар тәтті өнімдерді таңдағанда құрамына мән беруді айтып, ескертіп жүр. Сондықтан мен де күмән туғызатын кәмпиттерді сатып алмауға, алған жағдайда қаптамасындағы ақпаратқа қарауға тырысамын. Мұғалімдер мен ата-аналар да құрамына қарауды ескерткені дұрыс. Өзім де және інілеріме де күмәнді тәттілерді алмауға кеңес беремін,- дейді оқушы. 

Иә, Қытайда өндірілген кәмпиттердің басым бөлігі стандартқа сай болуы мүмкін, алайда нарықта сапасыз өнімнің кездесуі де ықтимал. Сол себепті тұтынушылардың басты міндеті – құрамын тексеру, сақтау шарттарына назар аудару және балаларды артық тәтті тұтынудан шектеу. Дұрыс таңдалмаған және шамадан тыс қолданылған тәттілер денсаулыққа зиян. «Бірінші байлық – денсаулық» екенін естен шығармайық. 


Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT