Тұрғындар тілегі – басты назарда

Фото: zh-shugylasy.kz

«АМАNAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің кон­сультанты Алпамыс Әбенов Махамбет ауданына жұмыс сапарымен келді. Мақсат – мобильді қоғамдық қабылдау өткізіп, ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдау. Қоғамдық қабылдау барысында Бейбарыс, Алға ауылының тұрғындары бірқатар проблеманы атап, шешуге ықпал етуді сұрады.

Қоғамдық қабылдау келгендердің бірі Бейбарыс ауылының тұрғыны На­дежда Кадынцева баспана мәселесін көтерді. Бүгінде І топ мүгедектігі бар қызымен және немересімен апатты үйде тұрып жатыр. «AMANAT» партиясының өкілдері биыл тұрғын үй мәселесін шешуге уәде берді.

– Қазіргі тұрып жатқан үйім 1947 жылы салынған. Жаңбыр жауса, шатыры да, іргетасы да жоқ үйдің төбесінен су кетеді. Жергілікті әкімдік осы жылы үй алуға қаржы бөлетіндігін, болмаса жаңа үй алып беретіндіктерін айтты. Қандай да бір мәселе туындаса, көмектесетіндіктерін жеткізді,- дейді ауыл тұрғыны.

Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл ауылының тұрғындары ауылішілік жол, жаға бекіту жұмыстары, құрылысы тоқтап тұрған ашық спорт алаңы, мектеп ғимаратын жөндеу сынды өзекті про­блемаларды қаузап өтті. Сондай-ақ, тұрғындар 1978 жылы салынып, бүгінде тозығы жеткен ауылдық әкімшілік ғимаратының жай-күйі, дене-шынықтыру және спорт кешенін салу, қоқыс алаңын көшіру, таза су қондырғыларын жөндеу жұмыстары жөнінде мәселе көтерді. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың дені ауыз су мәселесіне алаңдаулы. Жауаптылар ауылды таза ауыз сумен тәулігіне 24 сағат қамту жыл аяғына дейін жоспарланған іс-шаралардың бірі екендігін айтты.

– Жергіліті тұрғындар инфрақұрылым, мектеп құрылысы, баспанамен қамту мәселелерін көтерді. Азаматтардың көтерген мәселесіне байланысты жергілікті атқарушы орган басшылығымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мысалы, конкурстық құжаттарды, жобалық-сметалық құжаттарды дай­ындау бойынша түсінік берілді,- дейді республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты А.Әбенов.

Сонымен қатар, ауыл-аймақты көгалдандыру жайы да сөз болды. «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы аясындағы үш жылдық жоспарлы жұмыстар туралы айтылды. Айта кетейік, биыл Махамбет ауданы бой­ынша 14 мыңнан астам жасыл же­лек отырғызу көзделген. Қоғамдық қабылдау барысында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес берілді.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521