Бұл жоба – «Amanat» саяси партиясы мен «Ұлы Дала» ауыл бизнесін дамыту ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірлескен бастамасы. Жобаның негізгі мақсаты - халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру.
Жобаның мақсатты топтары несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрғандар, ағымдағы несиелері бар және олар бойынша кешіктірулері болуы мүмкін адамдар, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын, жеңілдетілген несиелер алып, кәсіп бастағысы келетіндер. Оқытудың алғашқы үш күнінде қатысушылар тренердің көмегімен жеке және отбасылық бюджетті құрастыра білуді, тауарлық несиесіз тауарлар мен қызметтерді алу мүмкіндігін, несие мен қарыздың тұзағына түспеу және ипотекаға үй алу жолдарын талдады. Несие нарығын талдап, дұрыс және тиімді шешім қабылдау үшін несиелеу шарттарын түсіне білуді, қамсыз қарттыққа қаржы жинаудың жолдарын үйренді. Алдағы екі күнде қаржылық инвестиция құралдары мен жалған компаниялардың алаяқтық әрекеттерін ажыратуды, жеке тұлғалардың банкроттық рәсімінде өз құқықтарын қорғауды, бизнес-жобалардың табыстылығын анықтау үшін қаржылық есептер жасау, қаржылық тәуекелдерді талдау, қаржылық «қауіпсіздік жастықшасын» қалыптастыруды меңгереді.
-Бұл жоба былтыр еліміздің 8 аймағында пилоттық жоба ретінде өтті. Биыл 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қалада өтіп жатыр. Атырау облысының 4 ауданында, атап айтқанда Махамбет, Исатай, Индер, Жылой аудандарында өтеді. Қазақстанда 20 млн. халық болса соның экономикалық белсенді 10 млн. халықтың 8 миллионында несие бар екен. Оның милионнан астамы несиелерін төлей алмай жүр. Ол адамдар әлеуметтік шиеленіспен бетпе бет келіп, болашаққа деген үміттерін сөндіріп алғандар. Осы орайда Атырау қаласында жобалық кеңсе ашылады. Сол жобалық кеңседе айына бір рет несиесін төлей алмай жүрген адамдарға кеңес беріледі. Сол жерге банк өкілі де шақыртылады. Сонымен бірге қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігінің өкілі қатысады. Сол жерде жеңілдікпен қайта график жасақталады. Мүлде төлейтін мүмкіндігі жоқ адамдар үшін жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң аясында несиесін кешіру мүмкіндіктері қарастырылады ,-дейді Атырау облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Ақан Қайырғалиев.
Зоя Өмірбекова, ардагер ұстаз:
-«Amanat» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, отбасылық бюджетті жоспарлауды үйреніп, қаржылық сауаттылығымызды арттырып жатырмыз. Бұл жоба қазіргі таңда халыққа ең керек жоба деп ойлаймын. Өйткені, қазір несиесі жоқ адам жоқтың қасы. Алаяқтарға алданып, сан соғып қалып жатқандары қаншама. Сонымен қатар, бизнес бастап өз кәсібін ашқысы келетін жастарға да бағыт-бағдар берілетіні ұнады. Қатысушылар, ең бастысы, отбасының әл-ауқатын арттыруға қажетті қаржылық сауаттылығын арттырады деп сенемін. Осындай жобалар көбейе берсін.
Жобаға Махамбет ауылы бойынша 7 адам қатысуға өтініш білдірген. Жоба аясында түске дейін қатысушыларға сабақ өткізіледі. Түстен кейін несиесін өтей алмай жүрген жандар үшін кеңес беріледі. Егер 90 күннен артық несиесі төленбеген тұрғындар болса « Amanat» партиясының ғимаратына келіп құқықтық кеңес алуға болады.
Б.СҮЙЕУОВА