Қосарал орта мектебінде ұзақ жылдар бойы Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Атырау облыстық ұйымы Махамбет аудандық комитетінің төрайымы қызметін атқарған ауданның қадірлі ұстазы Индира Нұрланқызын еске алу мақсатында «Тәрбиенің шамшырағын жаққан тұлға» атты байқау директордың тәрбие орынбасарлары арасында ұйымдастырылды.
Индира Нұрланқызы саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, өмірінің соңына дейін ұстаздық қызметте болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласа жүріп, аудан тарихшылары мен географтарына бағыт беріп, аудандық білім бөлімінде әдіскер, аудандық салалық кәсіподақ комитетінде төрайым, ауданда тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына басшылық етті.
Байқауға Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігі төрағасы Қылышбай Сүндетұлы қатысып, әріптесі туралы өз естеліктерімен бөлісті.
Мектеп директоры Эльмира Жайлашева балалардың жазғы демалысын көңілді ұйымдастыруда, оларды облыстық, республикалық, тіпті шетелдегі лагерьлермен қамтамасыз етуде, ұстаздар біліктілігін арттырып, жас мамандардың жұмысқа орналасуына, баспанамен қамтылуына атсалысып, тәлімгер, психолог, тәрбие жөніндегі орынбасар, тарих-география мамандарымен қоян-қолтық қызмет атқарғанын еске алды. Марқұмның сіңлісі Мунира да әпкесінің еңбекқорлығы мен жауапкершілігі бала кезден қалыптасқан қасиеті екенін атап өтті. Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебінің тәрбие жөніндегі орынбасары Самал Бержанова да көп жылдай Индирамен қызметтес болғанын, қазір оның орны ойсырап тұрғанын айтты.
Шара барысында биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына орай, «Жетістікке жол – адал еңбекте» бөлімінде Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы ҚБ Алғыс хатымен білім беру мекемелерінде жасайтын бір топ еңбек адамы марапатталды. Ал байқауға қатысқан мамандар бірінші бөлімде «Мен және тәрбие: егіз ұғымда « Stand-up» форматында өз білім беру ұйымындағы жұмыс тәжірибесін, өзі атқарып отырған қызмет мерзіміндегі шығармашылық зертханасын, білім алушылардың оқу-тәрбие жүйесін дамытудың инновациялық идеяларын, жетістіктерін слайдтан көрсете отырып әңгімеледі. Ал «Арт-жоба: тәрбие маманының күнделігі» бөлімінде білім алушыларды тәрбиемен сусындату жолындағы өз тәжірибесін бейнематериал арқылы көрсетіп, қорғап шықты.
Байқауды аудандық білім бөлімінің тәрбие әдіскері Гүлнар Хасанқызы қорытындылап, жүлдегерлерді анықтады. Байқаудың жүлделі 1-орнын Самал Бержанова жеңіп алса, 2 орын Нұргүл Бақтыгерееваға бұйырды. Жүлделі 3 орынға Гүлжайна Батырғалиева мен Айдана Галиева ие болды. Осылайша, өмірден озғанына бес жыл болса да, жарқын істері ел жадында қалған Индира Нұрланқызын әріптестері жылдағы дәстүрмен еске алып, рухына құрмет көрсетті.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА