«Теріс ағым» деп, дәстүрлі дінмен күресіп жүрміз бе?

Махамбет аудандық обаға қарсы күрес бөлімінде ағымдағы жылдың 13 наурызында «Теріс ағымдардан қоғамды арылту – жалпыға міндет» тақырыбында кездесу өтті. Аудандық ақпараттық түсіндіру тобының  жұмыс жоспарына сай өткен жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Аруев, «Жәрдем –Атырау» корпоративтік қорының теолог-маманы Н.Ибадуллаев, Махамбет АПБ Криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Е.Зинелғабитов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Қуаныш, аудандық «Қоғамдық кеңес» төрағасы А.Есенғалиев және «Жастар ресурстық орталығының» басшысы А.Қонысбаев қатысты. 

Кездесу барысында теолог-маман Н.Ибадуллаев  қоғамдағы теріс ағыммен күресте ауызбіршілік пен сауаттылық керек екенін алға тартты. Сонымен қатар, кейбір адамдардың теріс ағым деп дәстүрлі дінімізбен күрес жүргізіп жатқаны да өкінішті екенін айтты. Жастарға ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, Исламның ізгі амалдарын үйрету, ата-бабамыз ұстанған тура жолдан таймауға шақырды. Оның ішінде, ата-анаға қарсы шығу, өлілерді сыйламау, жұмада жеті шелпек пісіруді әбестік деп қарсы шығу әдепсіздік деп бағалады.  Қатысушылар тарапынан жиі қойылған сұрақтардың қатарында: «мектеп оқушыларының мешітке баруы , ораза ұстауы дұрыс па? Ақпарат тез тарап жатқан заманда жат ағымнан қалай сақтанамыз?» деген өзекті мәселелер қозғалды. Біра байқағанымыз АТТ-ның әр жиынында тұрғындарды мазалаған осы сауалдар жиі қойылады.Мектеп оқушыларының  ең әуелі ата-анасы, білім беретін ұстаздары оның тәртібі мен әдеттеріне жауап беріп, тиым сала алмаса, дінде оған зорлық жоқ екенін теолог-маман да түсіндіріп жүр. Әйтсе де, бұл мәселенің ең осал тұсы сол-жастар ата-анасынан көрі, мешіттегі ұстаздардың, айналасындағы достарының немесе дінді насихаттап жүрген түрлі ғаламтордағы дін өкілдерінің кеңесіне құлақ түретін секілді.  Ал, телефонның ар жағынан өсиет, уағыз айтушының өзі жат ағым өкілі болуы да әбден ықтимал.

Осы ретте аудандық «Қоғамдық кеңес» төрағасы, ауылымыздың сыйлы азаматы А.Есенғалиев ағамыз да, «Ата-ана, ата-әже баланың болашағы үшін жауапкершілікті өздеріне алып, оң мен солын таныту, теріс қимылдарын қадағалауы керек» деп пікір білдірді. «Ел болам десең, бесігіңізді түзе» демекші ұрпақ тәрбиесінде жанұядағы татулық , түзу тәрбие бірінші кезекте екенін де ағамыз түсіндіріп өтті.

Ал, ақпараттың рас-өтірігін тексермей тарату, дінге қатысты дүниелерді оңды-солды таныстарға жіберу, әлеуметтік желідегі шамадан тыс белсенділік пен сенімсіз дереккөздерді пайдалану заңмен тексерілетінін Полиция майоры Е.Зинелғабитов ескертіп өтті. Атап айтқанда, ҚР Қылмыстық Кодексі 179-бабына сәйкес, «билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау, оған жария түрде шақыру, аталмыш кодекстің 274 – бабына сәйкес жалған ақпарат тарату» заң шеңберінде тәртіптік шараға алып келетінін атап өтті.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT