Тұрақты дамудың жаңа кезеңі

«ЖАСЫЛ ҚАЗАҚСТАН» – БҰЛ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ЖОБА. ОНЫҢ МАҚСАТЫ – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТЫП, ЕЛДІ «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА» КӨШІРУДІ ЖЕДЕЛДЕТУ. ЖОБА АЛҒАШ РЕТ 2021 ЖЫЛЫ ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, БІРНЕШЕ БАҒЫТТЫ ҚАМТЫДЫ: ЭКО­ЛОГИЯ, ОРМАНДАРДЫ КӨБЕЙТУ, СУ РЕСУРСТАРЫН ТҰРАҚТЫ ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ КӨГАЛДАНДЫРУ.

«100 МИЛЛИОН АҒАШ» АКЦИЯСЫ

«Жасыл Қазақстан» жобасының аясында экологиялық реформалар енгізу жоспарлануда. Мысалы, 2020 жылы қабылданған «Экологиялық кодекс» табиғат қорғау шараларын күшейтуді, экологиялық нормаларды жақсартуды көздейді. Бұл кодекс ая­сында табиғи ресурстарды пайдалану кезінде экологиялық стандарттарды сақтау міндеттеледі.

Қазақстанның энергетикалық сая­сатын жаңғыртуға арналған маңызды қадамдардың бірі – жаңартылатын энергия көздерін дамыту. «Жасыл Қазақстан» жобасы шеңберінде 2025 жылға қарай еліміздің энергетикалық балансының 30%-ын жаңартылатын энергия көздерімен қамтамасыз ету жоспарланған.

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында 5 жыл ішінде республикамыздың орман қорында 2 млрд. және елді мекендер­де 15 млн. ағаш түбін отырғызуды тапсырды. Сондай-ақ, 2021 жылы «100 миллион ағаш» акциясы аясын­да еліміз бойынша миллиондаған ағаш отырғызылды.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМДІ АРТТЫРУ АСА МАҢЫЗДЫ

Экология – біздің өміріміздің маңызды аспектісі, табиғатпен үйлесімділік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін сала. Халықтың экологиялық сауатын арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл мәселе экологиялық дағдарыстар мен климаттық өзгерістердің нәтижесінде барған сайын өзекті болуда. Сауаттылықтың төмендігі экологиялық проблемалардың ушығуына әкеледі. Сондықтан, халық арасында экологиялық білімді арттыру аса маңызды.

Мектептерде экология пәнін енгізу, жоғары оқу орында­рында экологиялық білім беру бағдарламаларын дамыту жастардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Қоғамдық ұйымдар экологиялық білім беру мен насихаттауда маңызды рөл атқарады. Олар түрлі жобаларды іске асырып, экологиялық мәселелерді талқылап, халықты ақпараттандырады. Қоғамдық акциялар мен волонтерлік бағдарламаларға қатысу арқылы адамдар экологиялық мәселелерді тереңірек түсініп, оларды шешу жол­дарын іздеуге көмектеседі.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту мен табиғат ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар. Жобаның әрбір бағыты тұрақты даму мен экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған. «Жасыл Қазақстан» арқылы Қазақстанның болашағы экологиялық тұрғыдан тұрақты және таза ортада қалыптасады. Бұл жоба тек экологияны қорғап қана қоймай, қоғамның дамуына, экономиканың тұрақтылығына және азаматтардың әл-ауқатына да оң әсерін тигізеді.

МАҚСАТ – ӨМІР СҮРУ САПАСЫН АРТТЫРУ

Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайда­лануды мақсат тұтқан жобаның ая­сында 2024 жылы бірқатар маңызды шара атқарылды. Мысалы, биыл «Таза Қазақстан» акциясы бары­сында 5,8 млн. шаршы метр аумақ тазартылып, 8,4 млн. метр арық тазаланды. Сондай-ақ, «Жасыл ел» жобасы арқылы 33 мыңнан астам жас жұмысқа тартылып, елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына қатысты.

2024 жылы «Жасыл Қазақстан» жобасы аясында қайта қалпына келетін энергия көздерін кеңейту және көміртегі бейтараптығына жету жоспары күшейтілді. ЕО-ның қазақстандық мұнай өндірушілерге қоятын экологиялық талаптарын орындау үшін экологиялық стан­дарттарды сақтау шаралары да қолға алынуда.

«Жасыл Қазақстан» жобасы – 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұсынылған ұлттық экологиялық бағдарлама. Бұл бағдарлама Қазақстанның 2050 жылға қарай көміртегі бейтарап және экологиялық таза елге айналу мақсатын көздейді. Бұл ұлттық бағдарлама арқылы Қазақстан су және жер ресурстарын тиімді басқарып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруды мақсат етеді. Жобаның негізгі бағыттары: орман алқаптарының көлемін ұлғайту, жасыл желілер құру, қайта өңделетін қалдықтар жүйесін дамыту, жаңартылатын энергия көздерін қолдану.

ТӨРТ ЖЫЛДА 3,7 МЛН. АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Аудан көлемінде де «Жасыл Қазақстан» жобасы белсенді түрде іске асып келеді. Атап айтқанда, облыс бойынша 2019-2023 жыл­дар аралығында 3,7 млн. ағаш отырғызылды. Ауданда 2021 жылы 50 мың ағаш отырғызылса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 60 мыңнан асты. Бүгінгі таңда «Жасыл Қазақстан» жобасы Атырау облысында, оның ішінде Махамбет ауданында белсенді іске асырылып, елеулі нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Алдағы жыл­дары осы бағыттағы жұмыстар көлемінің одан әрі ұлғаюы күтілуде.

2024 жылы Атырау облысында «Жасыл Қазақстан» жобасы аясын­да бірнеше маңызды экологиялық іс-шара өткізілді. Жобаның басты мақсаттары ретінде аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту және табиғи ресурстарды сақтау көзделген. Бұл бағытта атмосфералық ауаның сапасын арттыруға, су ре­сурстарын тиімді пайдалануға және өнеркәсіптік қалдықтарды дұрыс басқаруға басымдық берілді.

Атырау облысында ауаны ластай­тын заттардың шығарылуын азайту жұмыстары күшейтілді. Бұл аймақта ірі мұнай және газ кәсіпорындары орналасқандықтан, олардың экологиялық әсерін азайту ерекше назарда болды. Сонымен қатар, су көздерін ластанудан сақтау үшін бақылау жұмыстары жүргізілді. Жасылдандыру шаралары аясында ағаш отырғызу мен көгалдандыру жұмыстары жалғасын тапты, об­лыс көлемінде мыңдаған ағаш отырғызылды.

ЖОБА АЯСЫНДА ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Жастарды экологиялық және құрылыс салаларындағы жұмысқа тарту арқылы «Жасыл ел» жобасы «Жасыл Қазақстан» бағдарламасына маңызды үлес қосып отыр. 2024 жылы «Жасыл ел» Атырау облысын­да айтарлықтай белсенділік көрсетті, бұл өңірде шамамен 326 жас осы жоба аясында жұмысқа орналасты. Олар қала мен ауылдық округтерді көгалдандыру, аумақтарды тазарту және экологиялық акцияларға қатысу жұмыстарымен айналысты. Сондай-ақ, Жылыой ауданында «Жа­сыл ел» аясында құрылыс бағыты да ашылып, жастарды жергілікті инфрақұрылымдарды жақсарту мақсатында жұмысқа тартты. Бұл бағытта 140 жас құрылыс саласына тартылып, келісімшарт негізінде еңбекақы алды.

Сонымен қатар, «Жасыл ел» жасағы жалпыұлттық деңгейде «Таза Қазақстан» акцияларына қатысып, экологиялық сананы арт­тыру және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше мән берді. Атырау өңірінде де экологиялық шаралар ұйымдастырылып, жа­старды қоршаған ортаны қорғауға бағытталған квесттер мен тренинг­тер өткізілді. Осылайша, «Жасыл ел» экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастарды жұмысқа тарту арқылы «Жасыл Қазақстан» жобасына маңызды үлес қосып отыр.

«Жасыл Қазақстан» жобасы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бірнеше негізгі бағытта үлес қосуда. Ең алдымен, жоба экологияның жақсаруына бағытталған шараларды қамтиды, оның ішінде қалдықтарды азайту, су және ауаны ластанудан қорғау, жасыл аймақтарды кеңейту сияқты әрекеттер бар. Мысалы, экологиялық жағдайдың жақсаруы арқылы халықтың денсаулығы жақсарады, өйткені таза ауа, таза су және жасыл аймақтар әрдайым тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырады.

БАСТАМАЛАР БОЛАШАҚТА ПАЙДАСЫН КӨРСЕТЕДІ

Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы 2050 жылға қарай жоспарланған өзгерістерге байланы­сты елдің жылдық жалпы ішкі өнімі базалық сценариймен салыстырғанда төрттен бір есеге артады деп бол­жайды. Құжат авторлары уақыт өте келе бірқатар іс-шаралар арқылы ел «жаңа өндірістер мен қызметтерді қалыптастыруға немесе жаңғыртуға, барлық жерде халықтың өмір сүру сапасының жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге» сенімді.

Құжатты әзірлеушілердің есептеулері бойынша, шараларды қабылдау инвестиция ағынын жан­дандырып, олардың елдегі жалпы ішкі өнімдегі үлесін іске асыру фа­заларына қарай 3-13%-ға арттырады. Сонымен қатар, осы шараларды жүзеге асыру жылдық инвестиция көлемінің 2031-2040 жылдарға орта есеппен 7-8%-ға (10 жылда 235–270 млрд. АҚШ доллары) және 2041-2050 жылдарға 14-15%-ға жоғары болуын қамтамасыз етеді.

«Жасыл Қазақстан» баста­масы іске қосылғаннан бері айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру, судың сапасын жақсарту, бірегей табиғи экожүйелерді қалпына келтіру – осының барлығы қабылданған шаралардың тиімділігін растайды. Дегенмен, Қазақстанның алдында өзгермелі климатқа бейімделу, экономикалық өсу жағдайында табиғи ресурстарды тұрақты пайда­лану және қалалардағы қоршаған ор­таны сақтау сияқты жаңа міндеттер тұр.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT