Игілікті жобаның тұсаукесері

Ұлттық бірегейлікті сақтап, мәдениетті дамытуда салт-дәстүрдің маңызы зор. Рухани құндылығымызға айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұрпақтан ұрпаққа жалғасын табуы – ұлт дамуының негізі. Түрлі мәдениет тоғысқан жаhандану кезеңінде ұлттық рух пен қасиетті сақтайтын – осы үрдісіміз. Жуырда бірлігі мен берекеті жарасқан Бейбарыс ауылында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» ұйымының тұсаукесері өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім», ҚХА «Алтын шаңырақ» Аналар кеңесі, аудан әкімдігі, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ Атырау филиалы, аудандық Аналар кеңесі ұйымының ұйытқы бо­луымен өткен шараға ауданға қарасты ауылдық округтің ақ жаулықты анала­ры, ардагерлері мен мектеп оқушылары қатысты. Негізгі мақсат – қазақ халқының дәстүріндегі аналардың қасиетті бас киімі – ақ кимешекті, салт-дәстүрді, отбасылық ұлттық құндылықтарды, қазақ аналарының ісмерлік қолөнерін ұрпаққа насихаттап дәріптеу.

– Біздің ауданда соның ішінде Бей­барыс ауылында тек қазақ халқы ғана емес, өзге ұлт өкілдері де тұрады. Бәрі де қазақтың салт-дәстүрлерін, отбасылық құндылықтарын дәріптеуде етене атсалысып келеді. Бүгінгі шарада ұлттық бірегейлікті сақтап, мәдениетті дамытуда салт-дәстүрдің маңызының зор екендігі дәріптелуде. Рухани құндылығымызға айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұрпақтан ұрпаққа жалғасын табуы ұлт дамуының негізі деп білемін. Сондай-ақ Қарашаш, Күнбике, Айғаным, Зере, Домалақ аналарымыздың елі мен жеріне де­ген сүйіспеншілігі, ерлік істері тарих беттерінде айқын сақтаулы. Қазіргі таңда сан түрлі салада әйелдер қауымы қызмет етіп, жоғары жетістіктерге жетуде,- деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Аруев.

«Алтын шаңырақ» аналар кеңесі мен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ Атырау филиалының төрағасы Жанар Әбіш жобадағы ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлер, ақ кимешектің қасиеті, ұрпақ тәрбиесі жөнінде дәріс сағатын жүргізді.

– Әр ауылда өз еліне пайдасын тигізуді мақсат еткен аналардың басын қосып, бірлестік құруды жоспарлаған болатынбыз. «Қазақ ана­лары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалада, әр ауданда бөлімшелерін ашып жүрміз. Ұлттық тәрбиеміз, ұлттық құндылығымыз, ұлттық кодымыз әрбір қазақтың жүрегінен орын алса, бұл біздің болашағымызға салған сара жо­лымыз,- деді Ж.Әбіш.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев, Бейба­рыс ауылдық округінің әкімі Сейілбек Зұлқашев қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, алғысын жеткізді.

– Қазақтың салт-дәстүрі, ғұрыптарының бастауында аналары­мыз тұрды. Бүгінгі күні сол аналары­мыз бастап берген жол жалғасын та­бады деп сенемін. Ертедегі салтымыз жастарға жетіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді,- деді С.Жайлашев.

Мәдениет үйінің фойесіне іскер әйелдердің қолөнер бұйымдары қойылып, келушілерге көрме ұйымдастырылып, аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, жиылған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT