ӨЛКЕ ТАРИХЫНЫҢ ЖАНАШЫРЛАРЫ

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы көне Сарайшық қалашығының тарихын зерттеуге, ортағасырлық тарихи ескерткіш орнын қорғап, сақтап қалуға сүбелі үлес қосқан жергілікті өлкетанушылар Мұстажап Намазғалиев, Қуанғали Жұмалиев, Молдаш Бердімұратов және Жанұзақ Ғизатовқа арналған «Өлке тарихының жанашырлары» атты «дөңгелек үстел» өткізді. Шараға музейдің жандануына атсалысқан өлкетанушы Ж.Ғизатов, арнайы шақырылған өлкетанушылардың жанұясы мен таныстары марқұм М.Намазғалиевтің қызы Алмаш пен немересі Айкөркем, марқұм Қ.Жұмалиевтің зайыбы Сәбила апай мен қызы Лариса, әріптестері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Музей-қорық директоры, т.ғ.д., профессор Ә.Мұқтар алғы сөз сөйлеп, қонақтарды қазіргі таңда музей-қорықта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, жаңалықтары және жетістіктерімен бөлісті. Келесі сөз кезегі арнайы келіп отырған Жанұзақ ағамызға беріліп, өлкетанушы өткізіліп жатқан шара үшін алғысын білдіріп, ізденіс жолындағы қызық оқиғаларымен қатар кездестірген қиындықтары туралы да бөлісті. Сондай-ақ, музей қызметінде жүрген сәттегі М.Намазғалиев және М.Бердімұратовпен жеке кездесулерін еске алды.

Әр өлкетанушының өмір жолы мен атқарған жұмыстарын кері жаңғырту мақсатында қонақтардың назарына музей бұрышында өлкетанушылардың жеке көрмесі ұсынылып, музей-қорық мамандары қысқаша баяндама жасады. Кез­десуге жиналған жанұя мүшелері және қонақтар естеліктерімен бөлісіп, ой-пікірлерін айтты. Өлкетанушы Қ.Жұмалиевтің қызы Лариса Қуанғалиқызы музей қорына әкесінің домбырасы мен қолтаңбасы бар кітаптарын сыйға тартып, музей кітапханасы оқырман назарына ұсынарлықтай құнды кітаптармен де толықты. Шара соңында қатынасқан көпшілік тарапынан өлкетанушылар М.Намазғалиев пен Қ.Жұмалиевтің атын мәңгіге асқақтатып, атқарған істерінің ел жадында сақталып қалуы үшін Сарайшық ауылынан көше беру туралы ұсыныс білдірілді.

Ортағасырлық Сарайшық қаласының тарихы баяндала­тын «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының негізі – мектеп ұстазы Мұстажап Намазғалиевтың басшылығымен Сарайшық орта мектебінен ба­стау алады. 1961 жылы Махамбет ауданындағы Сарайшық ауылына көшіп, Сарайшық орта мектебінде тарих пәні мұғалімі бола жүре, өлкеміздің тарихи шежіресі ежелгі қаланың тарихын зерттеумен айна­лысады. Осылай тарихи ескерткіш орнында ашық аспан астында жатқан жәдігерлерді жинақтап, мек­тепте музей бұрышын жасақтады. Жылдар өте мектеп музейінің қоры толып, сол кездегі ауылымыздағы тәжірибе станциясы құрылысының бірінші қабатына көшіп, 1971 жылы М.Намазғалиевтің қарауындағы «Сарайшық» селолық тарихи- өлкетану мұражайы қалыптасады. Ежелгі Сарайшық қаласының өткені мен бүгінінің жан-жақты зерттеліп, тарихқа енуіне, келер ұрпақтың Сарайшық тарихын терең білуіне қол жеткізу жолында еңбек етті.

Өлкетанушы Қуанғали Қаштеұлы Жұмалиев Сарайшықта 1996 жыл­дардан басталған археологиялық қазба жұмыстары, одан табылған жәдігерлер ортағасырлық Сарайшық қаласының тарихынан ақпарат беретін 1999 жылғы «Хан ордалы Сарайшық» музей-қорығының ашы­луына себепкер болды. Сол кездері Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметін атқарып жүріп, облыстық әкімдіктің назарын өлкедегі музей ісіне аударады. Сол кездегі Президент әкімшілігі басшысының орынбаса­ры, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі И.Тасмағамбетов облыс зиялыларын ортағасырлық Сарайшық қаласының мәселелерін шешу бағытына тоғыстыра білді. Оның тікелей араласуымен облыста «Сарайшық – Қазақстанның ежелгі қаласы» атты қоғамдық қор құрылып, қор жарғысында Сарайшық қаласында «Солтүстік-шығыс Каспий аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығын құру және ортағасырлық қаланы қорғау, сақтау басты мақсат ретінде жазылды. Қорды басқару кеңесі бекітілген кезден бастап, Қуанғали Қаштеұлы 1998 жылы Атырау облысының жұмыс жоспарына Сарайшықта қазба жұмыстарын жүргізу, археологиялық ескерткіштерді консервациялау, музеефикациялау, Сарайшықта туристік инфраструк­тураны жүргізу сынды бөлімдерді негіздеп, оны қаржыландыруға қажет сомаға дейін есептеген. 1998- 2002 жылдарға арналған Сарайшық дамуының кешенді жоспарын да жасақтаған.

Ал «Хан ордалы Сарайшық» музей-қорығы болып ашылған сәттен бастап, басшылық қызметті абыройлы атқарған Бердімұратов Молдаш ағамыздың еңбегі ерен десек қателеспейміз. 1999 жылы 18 ақпанда Атырау облысы әкімі болып тағайындалған И.Тасмағамбетов Сарайшық қалашығына айрықша назар аударып, ел үкіметінің 1997 жылғы 11 желтоқсандағы «Қазақстан мұнай өнеркәсібінің 100 жылдығын өткізу туралы» қаулысын орындау мақсатында жасалған жұмыстарға жаңа қарқын беріп, Сарайшықты дамытуға күш салады. 1999 жылы 7 сәуірде оның тапсыруымен әкім орынбасары Н.Мақашев облыстағы ірі өндірістік мекемелермен кездесу өткізіп, нәтижесінде қатысушы мекемелер бір ауыздан «Сарайшық» мемориалдық кешен құрылысын бүкілхалықтық құрылыс етіп жариялауға келіседі. Кешен құрылысы 2 мамырда басталады. 1999 жылы 2 тамызда Атырау облыстық мәдениет және туризм басқармасы бұйрығымен кешен директоры болып М.Бердімұратов тағайындалады. 2012 жылы 14 на­урызда М.Бердімұратов Атырау облыстық Мәдениет басқармасының бастығы Н.М.Ерғалиевке хат жол­дап, хатында мұражай мекемесінің жайын толық сипаттап, көне қала орнының су тасыған сайын су астына шайылып кету мәселесін де көтереді. Ортағасырлық Сарайшық қаласын су шаю қаупінен сақтау туралы жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша, 2017 жылы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың бастамасымен көне Сарайшық шаһарының орнын сақтап қалу жұмыстары басталады. Нәтижесінде Жайық суының ескі қала орнын басуына жол бермейтін биіктігі 3,6 м, ұзындығы 1,5 км бөгет тұрғызылады. 1999 жылдан 2018 жылға дейін үздіксіз музей-қорықты басқарған М.Бердімұратовтың ел арасындағы еңбегі еленіп, «Лениннің 100 жылдығы», «Ел ардақтысы», «Егеменді Қазақстанның 20 жылдығы», «Халық ағарту ісінің үздігі» медальдарымен марапатта­лып, «Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың құрметті қызметкері», «Махамбет ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Өлке тарихын зерттеуге үлес қосқан өлкетанушылардың бірі – «Сарайшық» музей-қорығының ардагері – Жанұзақ Ғизатов. Бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаумен қатар, ел жұртшылығына қарымды қаламгер, өлкетанушы ретінде де танылды. Жанұзақ ағай ғылымға бетбұрыс жасап, 1999 жылы «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығына аға ғылыми қызметкер болып орнала­сып, музейдің ғылыми жұмыстарын жүргізді. Он алты жыл ішінде музей жұмысының дамуына үлесін қосады. Сол кезеңде өлке тарихына қатысты түрлі «дөңгелек үстел», тақырыптық конференциялар, қызықты кездесу­лер өткізіп, мемлекетіміздегі өзге де музейлермен байланысты да орнат­ты. Осындай ерекше кездесудің бірі – Жанұзақ ағайдың өзі білім берген Ұлытау ауданындағы шәкірттерінің ұстаздарын іздеп келген сапары бол­ды. Бұл кездесудің арты Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы «Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығымен болған қарым-қатынасқа ұласты. Сонымен қатар, Жанұзақ ағай үнемі ізденіс үстінде болды. Жылда еліміздің астанасы, Алматы қаласындағы кітапхана, архивтерге барып, қала тарихына қатысты мағлұматтар, деректер жинайтын. Оларды өңдеп, жинақтап, 20-дан астам еңбек жазды.

Сарайшық өңірі тарихының жаңғыруына, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей- қорығының дамуына тынбай еңбек етіп, үлес қосқан өлкетанушылардың есімі әрқашанда ел есінде болмақ. Аға буын өлкетанушылар өскелең ұрпаққа үлгі болып, өлке тарихын, аймақ, ел тарихын зерттеуге ықылас- ынталарын оятса дейміз.

Айкөркем МҰСТАЖАП,

«Сарайшық» мемлекеттік

тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT