Соңғы жылдары өңірде қолжетімді баспана алу бағытында жаңа бағдарламалар қабылданып, жемісті жұмыс жасап келеді. Соның бірі «Атырау жастары» өңірлік бағдарламасы 35 жасқа дейінгі үйі жоқ жастар үшін тиімді болып отыр. Өңірлік деп аталуының да өзі де тек емес. Бағдарламаның «Атырау қала жастары» және «Атырау аудан жастары» деп бөлінетінін бірі білсе, бірі білмес. Небәрі 6%-бен аудан орталығынан тұрғын үй алудың жолдарын Сіз де біле жүріңіз.
Жалпы биыл өңірде «Отбасы банк» АҚ және облыстық әкімдіктің қолдауымен «Атырау қала жастары-2024» тұрғын үй бағдарламасы тағы да іске қосылады. Өткен жылы да дәл осы жоба аясында 100 жас отбасы өз баспанасын алып үлгерген еді. Ал биылғы жылға бөлінген қаражат мөлшері – 2 млрд 300 млн теңгені құрап отыр. Бұл туралы “Отбасы банк” АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұржан Мұғалімов баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бағдарлама қатысушыларына берілетін несиенің ең көп сомасы – 20 млн теңге. Несиелік мөлшерлеменің жылдық көрсеткіші – 6%, ал бастапқы жарна – 10%. Несиенің максималды мерзімі - 19 жыл.
Бұл қала жастарының тұрғын үй алуы бойынша шарттары. Ал, «Атырау аудан жастары» бойынша: жылдық мөлшерлемесі– 6%, ауданда сатып алуға болатын үйдің сомасы 15 млн. теңгеден аспауы керек. Бастапқы жарна 10% құраса, қарызды өтеу мерзімі – 19 жылға дейін белгіленіп отыр.
АТАЛМЫШ БАҒДАРЛАМАҒА КІМДЕР ӨТІНІШ БЕРЕ АЛАДЫ?
Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының, ЖОО мен ғылыми-зерттеу инс- титуттары, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік сала мамандары, коммуналдық қызметтер/ мекемелер, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, ішкі істер органдарының, прокуратураның, ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Атырау қаласы мен облыс аудандарының құқық қорғау органдарының өзге де қызметкерлері осы бағдарлама бойынша тұрғын үйге өтініш білдіре алады.
Сонымен қатар, «Атырау аудан жастары» өңірлік бағдарламасы үшін «Қазпочта» АҚ қызметкерлері, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаттары да енгізілді (техникалық және әкімшілік персоналдан басқа).
ҚАТЫСУШЫҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
Біріншіден, өтінім берушінің жасы 35-тен аспауы шарт. Екіншіден, қатысушының Атырау қаласында кемінде соңғы бір жыл тұрақты тіркеуі және өтініш берген кезде өзімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Атырау облысының ауданында болуы тиіс. Үшіншіден, бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу құқығымен жалға берілетін немесе меншік құқығындағы тұрғын үйінің жоқтығы ескеріледі. Төртіншіден, Атырау қаласында таңдаған мамандығы бойынша ресми жұмыс өтілі болғаны жөн. Бесіншіден, бағдарламаға ерлі- зайыпты жастардың біреуі ғана қатыса алады.
«Атырау ауданы жастары» бағдарламасына өтініш беру онлайн түрде жүзеге асады. Ол үшін eatyrau.kz электрондық веб- порталы арқылы 12 тамыздан бастап өтінімдер қабылданып, 31 тамызға дейін жалғасуда. Күні бүгінге дейін Махамбет ауданы бойынша 2 адам осы бағдарламаға құжат тапсырып жатыр. Ол үшін аудандық әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне келіп, толық ақпарат алуға болады. Бөлімнің бас маманы Рамазан Тәжбентаев кез келген уақытта тұрғындардың сауалдарына жауап беруге дайын екенін айтып отыр.
Аудан жастары үшін тағы бір тиімді мүмкіндік. Биыл бұл бағдарламаның үй алуға берілетін шектік сомасы 15 млн-ға дейін көтерілді. Өткен жылдары 13 млн болса, нарықта тұрғын үй бағасының өсуіне байланысты ипотека сомасы да өзгерді.
Қаламен салыстырғанда мұндай көлемдегі сомаға аудан орталығынан ауласы, бау-бақшасы бар жер үй алуға болады. Бастысы, несие пайы- зы жеңілдетілген әрі шарттары да тиімді.
Бағдарламаны ұсынудағы басты мақсат - жастардың барынша тиімді шарттармен баспана сатып алуына жол ашу. Әсіресе, табыс көзі аз жас буынның үй алудағы мәселесін оңынан шешуге мүмкіндік береді деп отыр мамандар.
А.САТАЕВА