Төл өнерді ұлықтаған Ұзақбай

Домбырашы, мәдениет саласы ардагерінің келбеті, жүріп өткен жолы жөнінде.

Шілде айының тағы бір шуақты таңы керімсалданып көтеріліп келеді. Көгілдір аспан жүзі мөп-мөлдір. Бір шөкім ақша бұлт та көрінбейді. Төңірек бозаңдау тартқан. Ұлы күн шығар тұсына енді таянып келіп жатқанға ұқсайды. Шығыс тұстағы жермен зеңгір аспан тоғысқан жиекке күн сәулесінің сызаты көз ұшына жаңа байқала бастаған. Ұзақбай табиғаттың таңғы көрінісін тамашалап тұрды да, кеше жоспарлап қойған ісін жасауға қозғалды. Ұзекең шие ағаштарының ортасына қондырылған сәкіге шығып отырды. Шие ағашын осы өңірдің бар торғайы өз мекеніне айналдырған ба дерсің. Шиқылы аула кеңістігін сазды әуенге бөлеп тұрғандай, адам жанын рахатқа бөлейді. Ұзекең кеше осы жерге шығарып қойған домбыра мен гитараның пернелерін, тиектерін, шектерін түзеп, саз ырғақтарына келісті түсіріп қоюға кірісті.

Үй жандары оянып, қозғалысқа түскен. Жазғы асханадан шығып жатқан таңғы астың жұпар иісі майталман домбырашының шабытын оятқандай болды. Атасын асқа шақыруға келген немересі домбыраның сазды әуеніне елігіп, негізгі шаруасын есінен шығарып алды. Ол атасының қасына жақынырақ отыра қалып: «Ата, мені домбыра тартуға үйретші»,-дегенде Ұзекең : - «Дұрыс екен. Сөйтші. Менен пенсия сұрамай, ән, домбыра тартуды үйретші деп сұраңдар»,-деп өз сөзіне кеңкілдеп күліп алды да, немересінің басынан сипап, бетінен сүйді.

-Назерке, біз сені атаны шәйға шақыр деп жібердік қой,- деп келін Қарылғаш келді.

-Мә, ата, домбырадан төгілген саз әуенін тыңдаймын деп, сізді таңғы асқа шақыруға келіп тұрып, есімнен шығарып алыппын... Кешіріңіз... Асқа барайық.

Домбыраның көңіл елітер күмбірлеген әуені таңғы дастархан басында да шалқып тұрды.

Бозала таңмен таласа тұрып, домбырасы мен гитарасын баптап-күйттеп жүрген кейіпкеріміз майталман домбырашы, мәдениет саласының ардагері Ұзақбай Хамидоллаұлы Шонышев еді. Үзақбай Шонышев 1953 жылы желтоқсан айының 15 жұлдызында Хамидолла мен Үнзира шаңырағында дүниеге келеді. Бұл отаудан негізі Тұрақбай үлкені, Ұзақбай ортаншы, кенжесі Дариға деген екі ұл, бір қыз өрді. Бәрі де жер басып келеді. Ұзақбай мен Дариға өнер жолын қалады. Балалардың үлкені Тұрақбай ауыл шаруашылығы маманы болды. Дариға да кезінде ауданға, қала берді облысқа, республика сахналарынан күй шертіп, ән боздатқан танымал домбырашылар сапында жүрді. Қазіргі таңда Дариға Хамидоллақызы Алмалы ауылдық округіне қарасты Береке ауылында тұрмыста.

Кейіпкеріміз Ұзақбай Шонышев, әке Хамидолланың ортаншы баласы, 1962 жылы Өрлік орта мектебінің табалдырығын аттайды. Мектепті 1972 жылы бітірген кезі, сол оқу қабырғасынан алған механизаторлық мамандығымен «Передовик» кеңшарына жұмысқа алынады. Сол жылдың желтоқсан айында кеңес армиясының қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын 1974 жылы ойдағыдай өтеп қайтады. Әскерде автокөлік айдап, машықтанып қайтқан Ұзақбай ауданның ауылшаруашылығын техникамен, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін «Казсельхозтехника» мекемесіне жүргізуші болып, еңбекке араласады.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» енді басталады. Ұзақбай пішеншілердің керек – жарақтарын тиеп, қосқа түске тақап келеді. Пішеншілер қосынының сыртқы тұсында аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб көліктерінің екеуі, киноның, дәрігердің, автодүкеннің машиналары көгендеулі тұр екен. Шабындық алқабындағы орақшылардың тракторлары доғарылған. Пішеншілердің төрт көзі қос басына түгел жиналған. Олар аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалауға бас қосыпты. Ұзекең жүгін түсіріп, алыс-беріс қағазын реттеп болғанша концерттік бағдарлама да тәмамдалады.

Қонақтар пішеншілермен түскі ас мәзіріне отырады. «Келгенше қонақ ұялар, келген соң үй иесі ұялар»,- деп алған кексе пішеншілер бригадирі өздерінің де қара жаяу еместігін көрсеткісі келді ме, шеттеу отырған Ұзақбайға келіп, Мұхит пен Ғарифолланың бір-екі әндерін орындауын сұрайды.

Ұзекең Мұхиттың «Үлкен айдайын», Ғарифолланың «Сүйген жарын» орындағанына тәнті болған, «ел іші өнер кеніші» қағидасын өмір бақи ұстанған, мәдениет қайраткері Нариман Үлкенбаев орнынан тұрып, үздіксіз қол соғады. Сол кезде аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Нариман Үлкенбаев кейін әлгі домбырашы шофер жігітті іздеп тауып, мәдениет бөліміне қызметке алады.

Содан майталман әнші, домбырашы Ұзақбай Шонышев мәдениет саласына қызметке 1977 жылы келіп, 1997 жылға дейін қызығы мен шыжығы қатар жүретін өнердегі қызметті абыройлы атқарады. Еліміздің тоқсаныншы жылдары өзіндік даму жолына түсер кездегі дағдарыс ықпалымен болған, қызмет орындарын оңтайландыру саясатымен ол көмекші мектепке жұмысқа ауыстырылады. Майталман домбырашы Ұзақбай Хамидоллаұлы 2017 жылы аталған мектептен зейнеткерлікке шығады.

Ол дарындылығымен, өнер жолындағы қызметінің жиырма жыл өтілінің он тоғыз жылын орта мектепте ілген, тоқыған білімімен автоклуб меңгерушісі лауазымдық қызметті шебер атқара білді. Ұзақбай Шонышевтың репертуарында, немесе орындауында халық әндері «Асыл қарға», «Тілеуқабақ» тағысын-тағы дегендей, Мұхиттың «Үлкен айдайы», «Зәуреші», Ғарифолланың «Әнші даусы», «Сүйген жары» тағы басқаларын қосқанда жүзге тарта әндер бар. Домбырамен қатар гитарада, сырнайда басқа да ұлттық аспапты өте шебер меңгерген Ұзақбай Шонышевтың әңгімесіне сүйенсек, бұл өнер оған нағашы жағынан келген. Анасы Үнзира сауықшыл болмағанмен «бұдан да жаманымда тойға барғанмын» қағидасымен шақырған жерден қалмаған кісі болған. Үнзира ана қатысқан тойдың асы ішілмей, әнмен, өлеңмен, шалыс айтыспен, бимен өткен. Ұзақбай «балам тойға шақыра қалса, тойып бар»,- дейтін ана сөзін, сондай-ақ анасының ән салғандағы, қыз - жігіт айтыстарындағы дауыстарының жібектей есіліп шығатынын еске алады.

Қара шаңырақты ұстаған Ұзақбай мен Алуаштан бес ұл дүниеге келді. Бұл күндері олардан он бір немере өрбіген. «Бұл өмірдің тәттісі мен шырайы немеремнің тәттісіндей болмайды-ау. Олардың жамырасып, ата дегені ұнайды»,- дейді Ұзекең. Өнерге құлшынысы бар немерелерінің басынан сипап қойып, домбыра мен гитараны да үйретуден жалықпайды.

Марат ҚҰЗАЙЫРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521