Төрт жігіттің төресін тәрбиелеп отырған әке

Әке – қашанда құрметті есім. Отбасының қамқоршысы, асыраушысы, қолдаушысы – әкелердің орны бір төбе. Сүрінсең тірек болар, жаурасаң пана болар, адассаң жол көрсетер әкеңдей адам бар ма, сірә?! Әке атауына тәртіп те, тәрбие де сияды. Үлгі де, үміт те осында. Ойланған жанға мұндайда перзенттік парыз да сабақтаса шыға келеді. Сол себепті бала өмірінде әкенің рөлі өте зор.

Таңдай ауылындағы Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің мұғалімі Ер­болат Алтыбаев – төрт ұлдың әкесі. Шырайлы шаңырақтың ұйытқысы Ерболат Сакембайұлы – Атырау университетінің түлегі. Ол 1986- 1992 жылдары Гурьев педагогика институтының тарих, қоғамтану және советтік право пәнінің мұғалімі мамандығын бітірсе, кейін 2003-2009 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бастапқы әскери дайындық және дене тәрбиесі мамандығы бойынша сырттай оқыған. Ерболат кеңес әскері қатарында бо­лып, Отан алдындағы борышын абы­роймен өтеген. Жоғары оқу орнын бітірген соң 1992-1994 жылдары Теңіз ауданының Балқұдық совхо­зына қарасты Азғыр ауылындағы С.М.Киров атындағы мектепте ең алғашқы ұстаздық жолын бастаған. Ол 1996-2009 жылдары Таңдай орта мектебінде мұғалім, мектеп жанындағы интернатта тәрбиеші, та­рих, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен. 2009-2010 жылдары Сарытоғай ауылындағы Қ.Қалыбеков орта мектебінің ди­ректоры қызметін де атқарды. Ербо­лат 2010 жылдан бері Қ.Ахмедияров мектебінде дене шынықтыру пәнінің ұстазы. Сондай-ақ, 2014 жыл­дан бастап Махамбет БЖСМ-де тоғызқұмалақтан жаттықтырушы. Отбасында төрт ұлды тәрбиелеп отырған үлгілі әкенің балалары да өзі секілді спортшы, өнер десе ішкен асын жерге қояды. Бүгінде баласының алды жоғары оқу орнын бітіріп, еңбекке араласып, қолғанат болып жүр.

- «Жалпы біз отбасында төртағайынды жігітпіз. Үлкен ағам теміржолшы болса, бір інім кәсіпкер, ең кіші інім Ерлан «Аtyray» газетінде фототілшілік қызметте. Шаңырақта әкенің рөлі зор. Жол­дасым Гүлмира екеуміз төрт ұлға саналы тәлім-тәрбие беріп, аялап өсірдік. Оларды спортқа да, өнерге де баулыдық. Жастайынан еңбекке баулып, еңбектің наны тәтті болаты­нын сезіндірдік. Зейінді, зерек бала бәрін үйреніп, лезде қағып алады. Үлкен ұлым Айбек құрылысшы, вахталық жұмыста. Екіншісі Нұрбек газ-мұнай университетін бітірген, Теңізшевройль компаниясының серіктесі Саncan мекемесінің ин­женер маманы болып, вахталық жұмыста істеп жүр. Арсен Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы университетінің экономика мамандығын бітіріп жатыр. Кенже ұлым Ералхан – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің өнер факультетінің 2 курс студенті. Төртеуі де спортқа жақын, футболға бейім. Әзірше ұлдарым үйленген жоқ. Кіші ұлым Ералхан домбы­рада, сазсырнайда(баян)керемет ойнайды. Бәрі де мен сияқты мек­теп кезінен тоғызқұмалаққа бейім. Жолдасым Гүлмира Бақсай ауылдық округі әкім аппаратында жұмыста. Әке жанұяның қамқоршысы, асы­раушысы болса да отбасының берекесі әйел-ананың қолында деп білемін. Шаңырақтың ұйытқысы, отбасындағы бала тәрбиесінде жан жарым Гүлмира үлкен рөл атқарады. Анасы үнемі ұлдарына бағыт-бағдар беріп отыратынын жасырмаймын.

Ұлдарға үлгі болу үшін өзің жан- жақты, білімді, ізетті, парасатты отағасы болуың керек. Әрине, балаларың саған қарап өседі. Әкенің қадірі болуы –өз борышыңды орын­дап, баласына жақсы өнеге көрсетуі. Жанұяда біз өзара сыйластықта, бір-бірімізді қас-көзбен ұғынысамыз. Шетінен еңбекқорлығы басым. Жа­стайынан спортпен шұғылданады, жат қылықтардан аулақ. Дастархан басында отырғанда ылғи үлкенді сыйлаңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар, өтірік айтпаңдар, кішіге қамқор болыңдар деп айтып оты­рамыз. Әйтеуір шүкір, бізде бәрі жақсы,-дейді төрт ұлдың әкесі.

Ол барлық қоғамдық жұмыстарға, сайлау науқандарына да белсене араласады. Ерболаттың еңбек жолында алған марапаттары да жетерлік. Атап айтсақ, «Жыл мұғалімі-2012» конкурсында жүлделі ІІ орын алса, Махамбет аудандық кәсіподақ комитетінің «Құрмет гра­мотасымен» марапатталған. Оның Ұлы Жеңістің 65 жылдығында ау­дан әкімінің «Алғыс хатына» ие болғанын да білдік. Ал 2017 жылы «Атырау облысының үздік дене шынықтыру мұғалімі» аталымын иемденсе, екі рет республикалық әкелер слетіне барған. Арамызда осы Ерболаттай абыройлы, өнегелі әкелер жүрсе, көргенді ұрпақ өсіп шығарына сенеміз.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT