Ахмедияр Бақтыгереев – алты қыздың әкесі

Бұл шаңырақ қашанда қыздың күлкісі мен қылығынан жарқырап тұрады. Өмірге алты қыз әкелген аяулы ананың да, сол қыздарын қамқорлап, жақсы көретін әкенің де отбасында өз рөлі сақталған.

Қазақта «Қызың қалса – ізің қалғаны, ұлың қалса – өзіңнің қалғаның», - деген нақыл бар. Ал, Табиғин ғұлама Хасан Басри (р.а.): «Қыз – жақсылық, ұл – нығмет. Жақсылық үшін сауап аласың, ал нығмет үшін есеп бересің» -деген екен. Түсіне білген жанға бұл сөздердің астарында төрткүл дүниеде қыз баланың дәрежесі мен нығметі шешіліп қойғаны айтылып тұр. Қыз тәрбиелеп өсіру оңай емес. Әсіресе, халықтың тыныштығы үшін қызығы мен шыжығы қатар қызметтегі жандарға.

Таң атқаннан кеш батқанға дейін тағдырын тәуекелге тігіп жүрген тәртіп сақшыларының жұмысы оңай емес. Түзде қызмет күтсе, үйде қызғалдақтай алты қызы мен жары тосып отыр. Осындай күйбең тірліктің арасынан оларға да уақыт та­уып, көңіл бөлу бір бөлек. Себебі, қыз бала қашанда әкесіне жақын емес пе?!

Осы орайда, «Қылмыстың ізін табамын деп, үйіңе тізерлеп келсең де қыздарымның мойныма асылғаны бар шаршағанымды ұмыттырып жібереді», - дейді көпбалалы әке Ахмедияр Бақтыгереев.

Ахмедияр Жәнібекұлы Атырау об­лысы Махамбет ауданы полиция бөлімінің жергілікті қызмет бөлімшесі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етеді.

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Ми­ялы селосында туып-өскен ол 2007-2011 жылдар аралығында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «құқықтану» пәні бой­ынша заңгерлік мамандығын тәмамдаған. Оқуын ойдағыдай бітірген соң 2011 жылы сүйген жарымен отау құрып, бүгінде баянды махаббаттарының жемісіндей қарақат көз 6 қызды дүниеге әкеліп, өсіріп отыр. Ішкі істер органы саласында он жылдан аса адал қызмет етіп келе жатқан полиция майоры жұмыста қатал болғанымен, отбасында үлгілі әке, сыйлы жар бола білген.

Қыз баланы ерекше құрметтеп, қонағындай күтетін қазақ халқының салт- дәстүрі бұл шаңырақта да берік ұсталған.

«Асыл дініміз де, салт-санамыз да қызды әуелден ана, жар ретінде құрметтеп, қылығы мен еркелігін кешіре білген. Қыздарымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, абыройлы, иманды, инабатты бойжеткен етіп өсіргім келеді. Бүгінгі за­манда қыз тағдыры бір сыналып жатқандай көрінеді. Сондықтан әкелер ұлдың қамын да, қыздың ұятын да қорғай білгені дұрыс. Қыз бала отбасына, нұр әкеледі, құт әкеледі екен»,-дейді алты қыздың әкесі Ахмедияр.

Қыз қашанда әкеге еркелеп, назданып өседі. Болашақ жарын да қыз бала әкесіне қарап таңдайды. Әкеден көрген сол бір жылулық, қамқорлық пен мейірім оның бүткіл өмірінде ер азаматтарға деген сенімі мен құрметін оятады. Қыздың қылығын ескеріп қана қоймай, көңілін таба білу – әкелердің бірден-бір міндеті. Бұл орайда Ах­медияр Бақтыгереев өз қатарластарына үлгі боларлықтай әке, азамат деп айта аламыз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT