Сартоғайдың сазды бағдарламасы

Махамбет Өтемісұлының 220 жылдық мерейтойына арналған  «Жайықтың бойы көк шалғын» атты аудандық өнер фестивалін Сартоғай ауылының өнерпаздары жалғастырды.  Концертке келгендерге арналып  кітап, қолөнер көрмелері жасақталып, ағаш шебер Орынғали Сариевтің  көз жауын алар  мүсіндері де әкелінген.    Саздық бағдарламаны  Төре Паңгерей мен Фарида Есімова жүргізіп, өр рухты  Махамбет өлеңдерінен шашу шашылды.

 Кеш басында  Махамбет ауылдық округі әкімі  Р.Әженов   жиналғандарды  ауданымыздың 95 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген Махамбет  бабаның 220 жылдығымен құттықтап,  Сарытоғай ауылының өнерпаздарына  сәттілік тіледі.  

Көңілді кеш  әсем ән  мен күмбірлеген күйге,  мың бұралған биге ұласты.  Сарытоғайлық  әнші   Ерлан Базарбаев  «Ақ ерке ақ Жайық» әнімен   тәнті етсе,  одан әрі  жергілікті  сазгер Қ.Ихсановтың «Саялы Сарытоғай» әні де шырқалды. Махамбет Өтемісұлының  «Исатайдың Ақтабаны-ай»,  Н.Тілендиевтің «Әлқиссасын» да  Бердімұрат Сембаев домбыра үнімен әсем жеткізді.  

Өнерпаз  Гүлфайруз Ізбасарова Махамбеттің «Мен, мен, мен едім» термесін, «Жайық арулары» би тобы «Қазақ» биін, домбырашылар триосы «Туған жер» әнін орындап көрермен көзайымы болды.   Трио «Жайықтың толқындары» орындап, көптің көңілін бір серпілтті.  Ақ кимешекті әжелер ансамблінің  халық әні «Дедімай-ау», «Сарыжайлау» әндерін нақышы келтіре, тыңдарманға жеткізе орындауы да  үлкен өнер деп ойлаймыз.  Жезтаңдай әнші Гүлдана Сисенбаеваның «Ізін көрем», «Ризамын» әндерін  де жұртшылық жылы қабылдады. 

Жұмабаевтар отбасылық ансамблі  «Туған жер» әнімен көрінсе, Ерлан Базарбаев «Қазақстаным» әнімен өнер сүйер қауымның рухын көтергендей.  Сазгер А.Дүйсеновтің «Туған жер» әнін Гүлназ Төлешова, «Жаным қазақ» әнін Арман Дүйсенқұлов  шырқады. Талай ел-жерді  аралаған сарытоғайлық  Арман  мүмкіндігі шектеулі болса да әуезді үнімен,  тамаша әндерімен тыңдарман жүрегіне тікелей жол тапқан әнші екенін білеміз.  Кеш соңы хордың «Батыр баба ұрпағымыз» әнімен мәресіне жетті.

Әділқазылар атынан  мәдениет саласының ардагері, Қ.Түсекенова  фестивальді қорытындылап,  концертте барлық жанр қамтылғанын айтып, әйтсе де алға қарай   әжелер ансамблін одан әрі  жандандырып,  жергілікті сазгерлер шығармашылығы кеңінен  насихатталса деген ұсынысын білдірді. 

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521