Су сапасы күнделікті бақылауда

Жайық өзеніндегі судың деңгейін тексеріп, халықты ақпараттындыру мақсатында Махамбет және Сарайшық ауылдарында командалық-штабтық автокөлік орналастырылды. Ол жерлерге қашықтан мониторинг жүргізу үшін камералар орнатылған.

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері су мөлшерін есептейтін арнайы белгілерді 2 сағат сайын бақылайды. Кейін бейнебайланыс арқылы республикалық штабқа ақпарат беріледі.

– Жайық өзенінің жоғары және төменгі ағыстарына арнайы өлшеу белгілерін қойдық.  Келіп жатқан су деңгейін тексеріп, ақпаратты жергілікті жердегі штабқа және республикалық штабқа жолдап отырмыз. Әрбір 2 сағат аралығында өлшеу белгілерін қарап шығамыз,- дейді ақпараттандыру,  цифрландыру және байланыс бөлімшесінің басшысы Шоқан Шәуенов.

Өр суының көп мөлшерде келуіне байланысты халықты таза ауыз сумен қамту шаралары күшейтілді. Жыл басынан бері аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Жайық өзенінен 25 сынама алды.  Мамыр айында алынған сынамалардан өзгеріс байқалып, иістенген мал өлекселерінің өзі судың сапасына күмән туғызған. Басқарма басшысы Зирек Орынбек су арқылы таралатын түрлі инфекцияның алдын алу үшін тұрғындардың қайнаған немесе бөтелкедегі суды қолдану қажеттігін айтады.

– Бүгінгі күні басқарма тарапынан санитариялық профилактикалық және эпидемияға қарсы іс шараларды жүргізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда ауыз су мәселесі күрделі мәселе күйінде қалып отыр. Сондықтан аудан тұрғындарына қайнатылған немесе бөтелкедегі судың ішуге кеңес береміз. Жіті респераторлы вирусты инфекцияларды және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу үшін осы іс-шаралардың ұстануға шақырамыз,- дейді З.Орынбек.

Ал Сарайшық ауылындағы бөгеттердің нығайту жұмыстары қарқынды жүруде. 10-ға жуық техника, жергілікті тұрғындар мен сарбаздардың көмегімен 13,6 шақырым ескі дамбы жаңғыртылса, 8,2 шақырым жаңадан соғылған. 100 мыңнан астам құм толы қапшық қапталып, бөгеттің іргесіне қойылды. Ауылдан 33 шақырым жерде арнайы орын жасақталып, 4 мыңнан аса төрт түлік жануардың 1200-ге жуығы қауіпсіз жерге көшірілген.

Бөгеттер 8 секторға бөлініп, әр секторға жедел штаб пен жергілікті тұрғындардан кезекшілік жасақталған. Бастапқыда «Рукав» сайына келген су ауылға қатынайтын кір беріс жолға қауіп төндірген болатын. Ауыл тұрғындарының көмегімен 1 тонналық құм толы қапшықтар қойылып, қорғаныс бөгеті жасалды. Бүгінде жайылма су жол астындағы өткізгіш тұрба арқылы өтуде. Эвакуациялық қабылдау пункті мектеп мен көпбейінді колледжде дайындалып, 400 адамды қабылдауға әзір.

Жедел штабтың мәліметінше, Махамбет ауданы тұсындағы Жайық өзеніндегі судың деңгейі 10 сантиметрге көтеріліп, 903 сантиметрге жетті. Бұл қауіпті деңгейден 53 сантиметрге жоғары болғанымен, үрейге бой алдырудың қажеті жоқ. Өйткені ерікті азаматтардың көмегімен судан қорғану бөгеттерінің осал тұсы 3 метр биіктікте көтерілген болатын.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT