ТӨЛ ТЕҢГЕМЕН ҚАУЫШҚАН КҮН

Тәуелсіз Қазақстан төл теңгесімен қауышқан жылдардың қиындығы мен қуанышы қатар болды. Ел экономикасын тұрақтандырып, еңсесін жию үшін де өз валютасын бағамдайтын сәт келген еді.

Сол тарихи кезеңге сәл шегініс жасасақ, 90-жылдары бұрынғы кеңестік жүйедегі экономика тоқырап, өндірістер жаппай жабылып қалды. Ақша орнына есеп айырысу чектері жүре бастады. Құны қара суға татымай­тын сабан ақша қолға әупірімдеп барып тигенімен, оған ешкім мардымды тауар ала алмады. Үкімет пен Ұлттық банк күн санап күшейіп келе жатқан гипе­ринфляциямен күресіп жатқанда 1993 жылы инфляция бірден төрт есе өсіп кетеді. Сол жылы Ресей жаңа үлгідегі төл ақшасын енгізіп, Қырғызстан да қалыспай, тамыз айында өз сомын шығарды. Айналымнан шығып қалған ресейлік ескі ақша көрші елдерден толассыз ағылып, Қазақстанға кіре бастады. Нәтижесінде халықтың өмір сүру деңгейі күрт құлдырап, несиелердің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 300 пайыздан асып кеткен.

Төл теңгенің дүниеге келуінің бүтін бір тарихы бар. Оның дизайнынан бастап, дайындалуы, елге шетел асып келуі, айналымға енуі жолында талай адамдар тер төгіп, еңбек етті. Ескі ақшаны жаңа ақшаға айырбастау үшін халық ұзын – сонар кезекке тұрып, қаржыгерлер күні-түні жұмыс жасады. Ұлттық банкпен қатар сол кездері Мемлекеттік банк, «Агро­промбанк» мекемесі де бірдей қызмет атқарып, ұлттық валютаны айырбастау жұмысына белсене атсалысты. Сондай бір дүрбелең уақыттарда аталмыш банкте еңбек еткен жандардың бірі – Қайдарова Гүлнәр Әбубәкірқызы.

–1993 жылдың 13 қараша күні барлық газет теңге мен қағаз тиын үлгілерінің бейнесін жариялады. Ақша купюрасы теңге мен қағаз тиындар, ауыстыру тәртібі туралы республикалық, облыстық баспасөз хабарлап жатты. Сомды теңгеге ауыстыруға қарашаның 15-інен 20-сына дейін, алты-ақ күн уақыт берілді. Өңір тұрғындарындағы құны арзан ескі ақша көлемі едәуір көп. Оны небәрі алты күн ішінде жаңа ақшаға ауыстырып үлгеру керек. Жағдай бірден банк қызметкерлеріне түсіндіріліп, жұмысқа қосымша кас­сирлер тартылды. Барлық қызметкерге қажетті нұсқаулықтар берілді. Осы­лайша күн мен түнді алмастырып, ауысыммен жұмыс жасай бердік. Қателеспесем, бір адамға 200 рубльге дейін айырбастауға ғана рұқсат берді. Ол уақытта компьютер деген жоқ. Бәрін қағазға жазып, жайып қойып, есептейміз. Халықтың аманаты болған соң шатысып кетуден қорқамыз. Сонда ұжымның ауызбіршілігі, шыдамдылығы арқасында үлкен жұмысты жұмыла атқарып едік,-деп Гүлнәр Әбубәкірқызы теңге ауысқан уақытты еске алды.

Ақша реформасын негізінен Ұлттық банк жүзеге асырғанымен, жергілікті жерлерде әкімшіліктер мен ақша ай­ырбастау комиссияларының еңбегін атап кеткен жөн. Соның ішінде Мемлекеттік банктің жер-жердегі филиалдарында қарбалас жұмыс қайнап жатты. 1988 жылы есеп және кредит техникумын бітіріп келген жас қаржыгер Гүлнәр Қайдарова осы мекемеге кассир болып, жұмысқа орналасады. Сол уақыттағы басшы Сәпи Салықов жас мамандарға ба­рынша қолдау көрсетіп, жұмыстың қыр-сырын үйреткен. Ал бас есепші Валентина Козыреваны кассир қыздар «тәлімгер» деп атап кетеді.

Мемлекеттік банктің аудандық филиалында жиырмаға жуық маман қызмет етті. Атап айтқанда Сапар Киталиев, Ермұқаш Түсекенов, Райхан Уайсова, Рахыш Уайсова, Клара Кемелова, Елемес Жолғұтов, Гүлнәр Нұрқиева, Ғилат Ғабдиева, Нәсіп Жәрдемова, Назым Сәменова, Майра Губашева, Ризабек Жұмекеев, Алуаш Мұқашева, Айгүл Жұмабаева, Гүлмира Ерғалиева, Х.Баймұқашева, Ж.Садықова, С.Ниязов сынды азамат пен азаматшалардың қолтаңбасы қалған мекеме 1991 жылы Мемлекеттік банктен бөлініп, «Агропромбанк» акционерлік коммерциялық мекемесіне айналады. Басшы лауазы­мына тағайындалған Нұрзила Ниязова апайымыз да осы салада тәжірибесі бар білікті мамандардың бірі болды. Теңге ауысқан тұста ұжымда әр кассирге, бухгалтерге, инкассаторға түсетін жүктеме әдеттегі режимінен бірнеше есе асып кетсе де, жұмыс үйлесімді жүрді. Банк қызметкерлері өз орында­рынан кетпей, аз ғана тынығып алып, тәулік бойы бел жазбай, қызмет істеді. Түнде қап-қап ақшаның үстінде аз ғана көз шырымын алып, сәл демалып алған олар жұмыстарына қайта кірісіп кете беретін.

«Ол кезде көбіміз жас анамыз. Балаларымыз емізулі. Қазынашылық мекемесінің биік ғимаратында сығырайған жарық шамның астында ақша санап, есеп шығаратынбыз. Бүгінгідей ұялы телефоны бар дамыған заман емес. Несиесін төлемей жүрген борышкерлерді үй-үйге ба­рып, аралап, ескерту қағазын беріп жүретінбіз. Қарап тұрсаңыз, қазіргі сот орындаушылардың, коллекторлардың қызметін де атқарыппыз», – дейді Гүлнәр Әбубәкірқызы.

Теңге ауысқан тұста шағын және орта бизнесті қаржыландыру жұмыстары қарқынды жүріп, несие беру қайта жанданады. Әсіресе, ауданымыздың бірқатар жергілікті кәсіпкері де осы банк арқылы жұмысын бастаған еді. Теңге ауысқан тұста елде өндіріс тұралап, киім мен тамақтың тапшылығы білінген еді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы деп ата-анамыз бекер айтпаса керек. Тіпті балалар сүтін даярлайтын ас үйлер жабылып, жас аналар нәрестеге сүт таба алмай да қиналған. Осындай үлкен қиындықты артта қалдырып, жас сәбидей қайта аяғына тұрған еліміздің қаржылық экономикасы бүгінде 31 жылды артқа тастап, әлемдік нарыққа шығып отыр.

Қырық жылға жуық қаржы саласын­да есептен жаңылмай еңбек етіп келе жатқан Гүлнәр Әбубәкірқызы – өз ісіне ерекше ықыласпен қарайтын қызметкер. Осы саладағы елеулі үлесі үшін бірнеше мәрте аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған ол бүгінде аудандық мәслихатта еңбек жолын жалғастырып жатыр.

Тәуелсіздікпен бірге тарту болып келген төл теңгенің тарихы терең, мәртебесі биік, ғұмыры ұзақ болсын дейміз. Теңгеде біздің тарихымыз бар деп бекер айтпаймыз. Оның бетіндегі әр таңба, әр бедердің, әр ою мен бейнеленген тұлғаның қазақ елінің тарихында алар орны қашанда айрықша. Теңгемен қауышқан күн де ел шежіресінде алтын әріптермен таңбаланатыны сөзсіз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT