АТАКӘСІПТЕН НӘСІП ТАПҚАН

Өз алдына аудан болып құрылғанына ғасырға жуықтаған шежiрелi Махамбет топырағында өсіп-өніп, адал еңбегiмен көптiң құрметiне бөленген азаматтар жетерлік. Оның ішінде нарықтық қоғамның қиындықтарына мойымай, атакәсібіміз - ауыл шаруашылығын қайта өрлете отырып, аудан экономикасының дамуына айрықша үлес қосқан ел ағалары бар. Солардың бірі, бүгінде өзі өмірден өтсе де, кейінгі ұрпаққа үлгі етерлік еңбек жолы қалған Жеңісбай Досқайыров туралы айтпақпыз.

ӨМІР ЖОЛЫӨНЕГЕ...

Махамбет ауданының Құрметті азаматы, «Энциклопедия геройы», «Құрмет» орденінің иегері, «Жыл шаруагері – 2020», «Жыл меценаты – 2018», еңбек ардагері Жеңісбай Досқайыровты білмейтін жан кемде- кем. Оның есімі аудан жұртшылығына, қала берді облыс халқына жергілікті табиғи мал өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқан «Досқайыров» шаруа қожалығының негізін қалаушысы ретінде жақсы таныс. Талай жылғы төгілген маңдай тердің нәтижесінде жеткен аты дардай қожалықтың тізгінін ұрпағына аманат еткен Жеңісбай Досқайыров биылғы жылы наурыз айында 79 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Өзі өмірден өтсе де, өлмейтұғын ізі қалған еңбек ардагерінің өмір жолын тағы бір еске түсіріп өтсек артық болмас.

Жеңісбай Досқайыров 1945 жылдың 6 тамызында Бақсай ауданы, Топайлы ауылында дүниеге келген. Ұлы Жеңіске қол жеткен жылы ізін жалғар ұлының өмірге келгендегі әкенің қуанышы жөнінде жазған жазбасында белгілі журналист Бақытжан Жұмат былайша баяндайды.

– «...Ұлы Отан соғысының қанды майданында болып, 1944 жылы елге жаралы оралған Досқайыр кешікпей үйленді. Бүкіл ел «Жеңіс» деп «уралап» дүрлігіп, қуаныштан бөрікті аспанға атып жатқан жылы келіншегі босанып, ұл тапты. Досекең өмірге келген сары шақалаққа көп ойланбастан ел болып, асыға күткен Ұлы Жеңістің құрметіне «Жеңісбай» деп есім берді» делінген.

Соғыс салған ауыр жарақатының салдарынан әкесі Досқайыр төсек тартып, кейін өмірден өтіп, үйдің бар тауқыметі онжылдық мектепті енді ғана аяқтаған Жеңісбайға артылады. 1962 жылы мектепті үздік аттестатпен бітіргеніне қарамастан, анасына қолғабыс болып, ауылда қызмет етуге бел буады. Ел ішінде сол жылдары тың игеру деген үлкен реформа жүріп, мектеп бітірген, жұмыссыз жандардың барлығы жер жырту техникаларына үйретіліп, оқытылып жатты. Осы топтың ішінде Жеңісбай Досқайыров та 1963 жылы жүргізуші мамандығын меңгеріп, еңбек жолын «Путь Ильи­ча» кеңшарынан бастады. Қайнаған еңбектің майданына еніп кеткен ол араға жыл салып, 1964-1967 жылдары Кеңес әскері қатарына алынады. Азаматтық борышын өтеп, елге оралған соң ауылда есепші, кассир қызметтерін атқара жүріп, 1980-1982 жылдары Аққыстауда сақтандыру мекемесінде инспектор, 1992 жылға дейін Ақтоғайда байланыс бөлімшесінің басшылығында жұмыс жасаған.

«ЖЕҢІСБАЙ АУЫЛЫН»  БІЛЕСІЗ БЕ?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары нарықтың қатал заңына төтеп беру кім- кімге де оңай соқпағаны белгілі. Соған қарамастан Жеңісбай ағаны жеке шаруа қожалығын құру туралы ой мазалайды. Көп ұазамай тәуекелге бел байлап, мемлекеттен жалға жер алып, 250 мың теңгелік субсидияға он сауын түйе сатып алады. Көзі тірісінде берген сұхбатында Жеңісбай аға қожалықтың алғашқы жылдары туралы былайша еске алған екен.

- Ол кезде қазіргідей емес, біраз қиындықтар болды. 10 сауын түйемен шаруашылық жұмысын бастаған едім. Содан бергі кезеңде шаруашылықты жетілдіру жұмыстарын жүргіздік. Әрине, оңай болмады, бірақ шын ниетімен еңбектенген адам қашанда табысқа жететінін дәлелдеп келеміз. 2012 жылдың қорытындысымен «Үздік шаруа қожалығы» аталымы­на ие болдық. Қазір біздің шаруа қожалығымызда техникаларымыз жеткілікті, жұмыс жасайтын адамдар қатары көбейді. Ауданнан сүт, шұбат, қаймақ, сүзбе және ет сататын арнайы дүкенімізді аштық. Жеке иелігімізде 600 гектар жеріміз бар. Бұған қоса 1 мың 400 гектар жер аумағын 49 жылға жалға алып отырмыз. Енді жалға алған жерімді 50 пайыздық жеңілдікпен сатып алуыма жаңа мүмкіндік ашылып отыр. Бұл мен секілді жердің қадірін білетін, ауыл шаруашылығы саласын дамытуды мақсат етіп, нық қадам жасаған барша шаруагерлерге қолдау деп есептеймін. Өйткені, бұл мәселе көп жылдар бойы осы салаға бар күш-қуатын жұмсаған шаруашылық иелерінің көкейінде жүргені де даусыз. Сонымен бірге жастарды осы салаға бет бұруға ынталандыруға да септігін тигізеді, - деген екен кейіпкеріміз бір сөзінде.

Бірі білсе, бірі білмес, «Атырау- Орал» автожолының бойындағы Ақтоғай ауылынан жиырма шақырым жердегі Жайық жағасынан қоныс тепкен шағын ауылды былайғы жұрт «Жеңісбай ауылы» деп атап кеткен. Бүгінде 1000 гектар аумақты алып жатқан «Досқайыров» шаруа қожалығы және ондағы қара шаңырақ әкеден балаға аманат болып, үйдің кенжесі Мұрагер Жеңісбайұлына берілді. Мұнда Жеңісбай ағаның жұбайы Бақытылы апа және бала- келіні, немерелерімен бірге тұрады.

- Негізігі мамандығым мал дәрігері бойынша бес жылдай қызмет етіп, 2018 жылдан бастап әкемнің қасына келіп, қолғабыс еттім. Осы жылдар ішінде шаруашылық ісін жүргізудің мектебінен өттім десем артық бол­мас. Бүгінде әкем өмірден өтсе де, оның салған сара жолын жалғап, шаруашылық жұмысын дамытуға бар күш-жігерімді салып жатырмын. Қазіргі таңда табиғи әрі сапалы өнімдерімізді аудан, облыс тұрғындарына қолжетімді бағада ұсынып келеміз. Шаруашылық ісіне көмекші ретінде үш отбасын жұмыспен қамтып отырмыз. Оған қоса 500 түп алма бағымыз және оған жауап­ты бағбанымыз бар. Биыл су тасқыны салдарынан мал шығыны болмаса да, зардабы тиді. Қазір соны қалыпқа келтіру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Болашақтың еншісіндегі жоспарларымыз көп. Соның негізгісі ірі қара малдарын ақ бас асыл тұқымға айналдыруды қолға алғалы отырмыз, - дейді кенже ұлы Мұрагер Досқайыров.

МҰҚТАЖДАРҒА МЕЙІРІМІН ТӨККЕН...

Жеңісбай Досқайыров өз кәсібін дөңгелентіп қана қоймай, туған өлкенің дамуына айтарлықтай үлес қосқан азаматтардың бірі. Ол – атадан балаға мирас болып келе жатқан қазақы қасиетіміздің айқын белгісі қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырған жан. Ағайынға болысу, әлсізді демеу, жасы кішіні қолдау оның өмірлік ұраны болатын. Сол ұстанымымен ол аудандағы аз қамтылған, көпбалалы жанұяларға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсетіп және ірі әлеуметтік жобалар­ды жүзеге асырғанын айта кетуіміз керек. Оған қоса Ақтоғай ауылында балаларға арналған мұз айдынын салып және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ескерткіш те орнатты. Атырау агро колледжінің ветеринария бөлімінде білім алып жатқан студенттерді қамқорлығына алып, ауылдың аз қамтылған отбасыларын жұмыспен қамтығаны тағы бар. Осыдан алты жыл бұрын Астана қаласында «Жомарт жүрек» байқауының лауреаттарына сыйлық табыстау шарасы өткен болатын. Сонда туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлері мен зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін марапатталғандардың қатарында Жеңісбай Досқайыров та болды. «Жыл меценаты - 2018» номинациясын иеленіп, барша халықтың алдында зор мәртебеге ие болды. Бұл бергенін екшемейтін, ақылын міндетсінбейтін, жомарттығын саудаламайтын дархан жүректі қазақ ұлтының қалыпқа сыймайтын бір келбеті, болмысы, азаматтығы мен жомарттығы.

Саналы азаматтың өмірде алды­на қояр мақсаты үй салып, ағаш отырғызып, ұрпақ өсіріп, оларға дұрыс тәрбие беру болса, Жеңісбай аға да осы үш міндетін толық орындап кетті. Жұбайы Бақтылы апа екеуі төрт ұл, үш қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Шаңырақтың ішін шаттыққа бөлеп, дүниеге келген үйдің тұңғышы Майра Досқайырова ұстаздық салада еңбек етсе, екінші перзенті Тегісбай Досқайыров – механик, одан кейінгі қызы Гүлбану да мұғалім. Шәрбану қызы болса – шаштараз маманы. Нұрлыбегі – заңгер, Нұрқуаты – мұнайшы. Үйдің кенжесі, жоғарыда атап өткеніміздей, мамандығы – мал дәрігері. Әрқайсысы мамандық игеріп, өмірден өз жолдарын тапты. Бүгінде бір-бір шаңырақ иесі атанып, қазіргі таңда ұл-қызынан тараған немере- шөбере, жиендерінің қуанышына кенеліп, жапырағы жайылған мәуелі бәйтеректей ел қызыға қарайтын әулетке айналып отыр.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT