Субсидиядан арзан несиеге көшу

Биылғы жыл ауыл шаруашылығы саласының мамандары үшін сынаққа толы болды десек болады. Табиғаттың тосын мінезі сал­дарынан еліміздің біраз аймағын су басып, төрт түліктің шығыны көп болды. Қала берді жайылым мен егістік алқаптарын да қарғын су шайып, өнім жерге кеш егілді. Соған қарамастан шаруагерлер де тәуекелге бас тігіп, мыңдаған гектар жерін жыртып, тұқым септі.

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 2024 жылы 169,5 га картоп, 571,71 га көкөніс, 277,77 га бақша және 535,5га мал азықтық дақылдар егілді. Егіннің барлық көлемі 1572, 48 га құрады. Күні бүгінде егістіктен 44949,8 тонна өнім алынған.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи техникалық жабдықтар, түрлі ресурс пен жұмыс күшіне ауқымды инвестициялар қажет. Ал, ауыл шаруашылығының тұрақты және серпінді түрде дамуы үшін үнемі мемлекеттік қолдау мен реттеу қажеттігі бар. Мұндай қолдау негізінен мемлекеттік қаржыландыру және субсидиялар арқылы көрініс табады. Қоғам мен тұтас мемлекеттің дамуын ауыл шаруашылығынсыз еле­стету мүмкін емес.

Субсидиялау өтінімдерін қабылдау және төлеу бойынша жұмысшы органы «Атырау облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі болып табы­лады. Күні бүгінге инвестициялық субсидиялау бойынша сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасы, там­шылатып суару және жаңбырлатып суару құрал-жабдықтары үшін аудан бойынша 13 шаруашылыққа 99,8 млн. тенге субсидия төленді. Ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысымен аудан бойынша элиталық жылыжай тұқымдарын сатып алғаны үшін 1 шаруашылыққа 2,4 млн теңге субсидия төленіп отыр. Аудан көлемінде күні бүгінге мине­ралды тыңайтқыштарды сатып алуға субсидиялау бағдарламасы шеңберінде 21 шаруашылыққа 28,3 млн теңге суб­сидия төленген.

Есепті кезеңде «Аграрлық несие корпорациясы» облыстық филиалы арқылы 16 несие алушыға жалпы со­масы 327 750,0 млн. тг несие берілді. «Агробизнес» бағдарламасымен алты несие алушы 156 800,0 млн. тг, «Бизнес аймақ» бағдарламасы бойынша жеті несие алушы 133 950,0 млн. тг, «Еңбек» бағдарламасы бойынша үш адам - 21 млн. тг алып отырса, қайтарылған қаражат бойынша екі адам - 16 000,0 млн. тг алды.

Ел Президенті осыған дейінгі Жол­дауында агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту өте маңызды міндет екеніне баса назар аудара отырып, салаға бөлінетін қаражаттың 70 пайы­зы мемлекет қаржысы деп атап өткен болатын. Бұл орайда екінші деңгейлі банктерді тартып, субсидиядан арзан несиеге көшу мақсаты тұр. Биыл агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау қағидаларына бірнеше өзгерістер енгізілген. Оның ішінде аграрларға жеңілдікпен несие беруді ұлғайтуға мүмкіндік беретін түзетулер де бар. АӨК субъектілеріне жылдық таза 5 пай­ыз сыйақы мөлшерлемесі бойынша не­сие беру үшін қаржы институттарының сыйақы мөлшерлемелерін тікелей суб­сидиялау тетігі іске қосылған. Бұл ретте қарыз алушылар тарапынан субсидия­лар алуға құжаттарды беру қажеттілігі жойылады. Арзандату ағымдағы жылғы қаржы институтына несие берудің жалпы көлеміне аванстық төлеммен жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда бұл механизм АӨК саласындағы даму институттары үшін қолжетімді. Атап айтқанда, «Аграрлық несие корпорациясы», «Қазагроқаржы», «Қазақстанның даму банкі». 2026 жылдан бастап, еліміздің барлық қаржы институттарына таратылмақ. Бұл тетік тауар өндірушілерге бірден арзандатылған кредитті субсидия­лау және алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік берері сөзсіз.

Кейде осындай қолдауға ие болған кей шаруашылықтардың қаржыны тиімді әрі ұтымды пайдаланбайтыны кездесіп жатады. Расында, агромамандар мен ауылшаруашылық кәсіпкерлігінің жоғарғы палата өкілдерінің сөзінше, малға берілетін несиені басқа қажетке жаратар пысықайлар баршылық. Құжаттағы мал санын бұрмалап не­месе асыл тұқымды аталықтардың орнына тұқымы басқа жылқы және ірі қараны саудалап алатын көрінеді. Егін шаруашылығында да осындай жайттар анықталған. Сол себепті, Президент атап өткендей, мұның бәрі – мемле­кеттен субсидия алу үшін жасалатын көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет екендігін, тіпті, шаруалардың өздері де мақұлдап отыр. Олардың айтуынша, мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек. Үкімет үстемақысы төмен несие беруде банк­ке қоятын кепіл мүлкіне шаруаларға «Даму» қорықолұшын созатын болады. Мұнан бөлек жоғарыда айтылғандай, шаруаларға тауарлы кредит беру жайы да қарастырылуда. Бұл – ақшаның орнына тауар арқылы несие беру. Мысалы, егін мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына керекті трактор, соқа, дәнді дақылдар тартатын маши­налар. Осылайша ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар да арзан несиенің игілігін көреді деп күтілуде.

5 ЖЫЛДА 97 ЖЕР УЧАСКЕСІ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Ауылдағы ағайынның қай кезде де байлығы, сәні төрт түлік мал болды. Сол мал басын көбейту үшін үкіметтен жер телімдерін жалға алып отыр. Десек те, мал аламын деп, үкіметтен бөлінген субсидияны басқа мақсатқа пайдаланып жүргендер де бар. Әрине, бұл мемлекет қаржысына зиян және қоғам экономикасына орасан ой­сырау әкелері сөзсіз. Дәл осындай көзбояушылық жер телімдеріне де қатысты ашылып жатыр. Жерді не өзі пайдаланбай, не ел игілігіне бермей отырғандар да тексерусіз қалмайды. Дегенмен, әлемнің әртүрлі елдерінің ауыл шаруашылығын қолдау тәжірибесін талдау көптеген елдердің субсидиялауды ауыл шаруашылығы өндірісін қолдаудың түйінді құралы ретінде пайдаланатынын жоққа шығармайды. Алайда, сөйте тұра, алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушы елдер, оның қатарында, Австралия, Жаңа Зеландия, Аргентина, Бразилия сияқты елдер тікелей субсидиялауды қолдамайды екен. Өйткені, олардың өзіндік жүйесі бар.

Жер – ауыл шаруашылығы саласы­на инвестиция тартудың басты кепілі. Бұл туралы Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында айтып өтті.

- Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселеге қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн, - деді Президент Қ.Тоқаев.

Аудан бойынша игерілмей жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін қайтару бағытындағы жұмыстарға көз жүгіртсек. Аудандық жер қатынастары бөлімінің бер­ген мәліметіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы жері 265 634,90 га (776 жер пайдаланушы бар) құрайды. Одан бөлек елді мекендер жері 54 992,72 га, өнеркәсіп, көлік және басқа мақсаттағы жерлері 7 942,84 га, орман жері 11 914 га, су қоры жері 4 623,69, босалқы жер қоры 520 783,80 га және басқа ауданға пайдалануға берілген жер 31 866 га құрайды.

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 43-1 бабының 20 тармағында шаруа немесе фермердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің пайдаланы­луына, оның ішінде жеңімпаздың жерді пайдалану жөнінде қабылдаған міндеттемелерін орындауына: 1) жалға алудың алғашқы бес жылында жыл сайын; 2) келесі кезеңдерде: суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарында – әр үш жыл сайын, суарылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарында әр бес жыл сайын мониторинг жүргізіледі делінген.

Бұл ретте, аудан бойынша 2015- 2020 жылдар аралығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы табысталған 123 381 (бір жүз жиырма үш мың үш жүз сексен бір) гектарды құрайтын 457 жер учаскелеріне мони­торинг жүргізілді. Нәтижесінде, 34 392,8 гектарды құрайтын 133 жер учаскесі игерілмегендігі анықталды. Осы игер­мей отырған жер пайдаланушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу негізінде 13 719 гектарды құрайтын 40 жер учаскесі өз еріктерімен мемлекет тарапына қайтарды. 6 691 гектар 22 жер учаскесі игерілді.

Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы мақсатындағы игермей отырған 31 435 (отыз бір мың төрт жүз отыз бес) гектарды құрайтын 97 жер учаскесі мемлекет тарапына кері қайтарылған. 2022 жылы мақсатына сай игерілмеген, белгіленген мерзімінде құжат жасақталмаған, уақытша өтеулі, өтеусіз жер пайдала­ну мерзімі аяқталған, өз еріктерімен ауыл шаруашылығы мақсатындағы 32 жер пайдаланушының 11 649 (он бір мың алты жүз қырық тоғыз) гектар жер учаскесі кері қайтарылды. 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмай жатқан 16 953,63 гектар болатын 65 жер учаскесі қайтарылды. Сондай ақ, жер ресурстарын басқару департаментіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей отырған 13 547 га (69 уча­ске) жер пайдаланушыларына заң шеңберінде шара қолдану жөнінде ұсыныс берілген еді. Соған сәйкес, 23 жер пайдаланушыға 1 жылға нұсқама беріліп, (3542 га) сот арқылы қайтару жұмысы жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 3 шілдедегі №252 «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту тура­лы» бұйрығына сай, аудан әкімінің 16.03.2023 жылғы №104-ө өкімімен жұмыс тобы құрылған болатын. Осыған орай, 2021 жылы барлығы 55 жер жалпы көлемі 12 557,4 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер пайдалануға берілген. Оның ішінде 23 жер пайдаланушы 8 820,4 гектарды игерген. 12 жер пайдаланушының 2 160 гектарды құрайтын жер көлемі игерілмеуі себепті мемлекетке қайтарылды. 20 жер пайдаланушы 1 561 гектарды күні бүгінге дейін игермей отыр. 2022 жылы барлығы 56 жер, жалпы көлемі 15 555 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер пайдалануға беріліп, оның 17-сі 5 152 гектарға ауыл шаруашылығы жануар­ларын алып немесе егін егіп игерген. 37 жер пайдаланушы 10 401 гектар жерді пайдалана қойған жоқ. Ал өткен жылы жалпы көлемі 7 879,7 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер пайдалануға берілді. Оның 3 987 гектары игеріліп, 3 892,7 гектарв игерілмеді. Осы жылдың он айының қорытындысымен өз мақсатына сай игермей отырған 6709,0 гектарды құрайтын 32 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет тарапына кері қайтарылған.

Субсидияны несиеге көшіру жұмыстары 2028 жылға дейін кезең- кезеңімен жүзеге аспақ. Бұл тұста екінші деңгейлі банктерді аграрлық саланы қаржыландыруға шақыру мәселесі де тұр. Көп жағдайда банктер бұл салаға келгенде құлықсыздық танытады дейді ма­мандар. Жеңілдетілген несиенің тағы бір түйткілді тұсы кепілдік мәселесі болып отыр. «Пайызы аз болғанымен, ауылдық жердің халқына арзан несиені алу үшін бір үйді кепілге қою аздық етпей ме?» - деген заңды сауал туындайды. Бұл ретте үкімет тағы да ауылдағы шаруаларға жеңілдік жасау үшін, 80 пайыз кепілдікті «Даму» бағдарламасы арқылы ұсынып, 25 пайызын ғана несие алушы шаруа кепілге қояды деп белгілемек.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT