Тіл туралы заңды сақтамағанға айыппұл салынады

Ономастикалық нысандардың тарихы және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау мақсатында құрылған жұмыс тобының тексеруі барысында аудан орталығындағы кейбір мекемелерде тіл туралы заңның сақталмай отырғаны анықталды.

Бұл туралы жұмыс тобының отырысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Нұрғали Аруев мәлімдеді.

-Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің маңдайшасындағы Елтаңба жаңартуды қажет етеді. Сонымен қатар бөлімдегі медицина қызметкерлері бөлмесінің атауы тек орыс тілінде жазылса, қорғаныс саласы бойынша бөлмелердің атауы мен Президент Жолдауы тек қазақ тілінде, күнтізбелік жоспар орыс тілінде жазылған.

Аудандық Халық банк филиалындағы «Обьект под видеонаблюдением», «Выход»,«Күзет бөлімі», «Аға менеджер» жазулары қазақша-орысша екі тілде орналастырылмаған. Ал халыққа қызмет көрсету орталығының кіре берісінде орыс тілінде жарнама ілінген. Бұған қоса «Ресепшн», «EXIT», «Стой, напряжение», «Посторонним вход воспрещен», «При пожаре звонить» сөздері орыс тілінде берілген. Бұл мекемелердің басшыларына аталған жазуларды заңға сәйкестендіру жөнінде ұсыныстар берілді.

Махамбет ауылдық округі бойынша көрнекіліктердің жай-күйін бақылау үшін жұмыс тобы «Жұма» «Ақ ниет», «Ислам», «Жасмин», «Жайық», азық-түлік дүкендерінде, «Сұлтан» шағын маркетінде , «Сұлтан Палас» мейрамхансында, «Электротауарлар», «Ойыншықтар» дүкендерінде және «Open» кафесінде болып, «Қазақстан Республикасы Тілдер туралы» заңына қайшы ресімделген нысандардың басшыларына қараша айының 8-не дейін түзету жұмыстарын жүргізу туралы түсінік берілді,-деген Нұрғали Латифұлы «кәсіпкерлер көрнекілікті ілместен бұрын ауылдық округ әкімі және кәсіпкерлік бөлімі арқылы бізбен келісіп алуы тиіс. Әйтпесе жасатып қойғаннан кейін ауыстыру екі шығынға ұшыратады» деген ұсынысын да жеткізді.

Өз кезегінде аудандық қорғаныс бөлімі мен Халық банк өкілдері ескертулер бойынша жұмыстар жасалып жатқанын айтты.

Отырысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Света Аманшиева түзету, заңға әйкестендіру жұмыстарының көрсетілген мерзімге дейін орындалуы қажеттігін айтты. Махамбет ауылдық округ әкімі Басер Мыңбаевқа ескертуге құлақ аспаған кәсіпкерлерге заңға сәйкес айыппұл салуды тапсырды.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521