Махамбет ауданында ұзақ жыл мұғалімдік қызмет атқарған Жүсіп Кенжиннің жеке тектік құжаттарынан видеокөрме ұйымдастырылды.
Көрмеге ұлағатты ұстаздың өмірдерегі, фотосуреттер,ұстаздық қызметте жүріп алған марапаттары,құжаттары қойылды. Жүсіп Кенжин 1933 жылы 25 ақпанда бұрынғы Гурьев облысы, Индер ауданының Қазбек ауылында дүниеге келген.Еңбек жолы 1952 жылы Есбол ауданы Зеленый ауылының орта мектебіндегі мұғалімдік қызметтен басталған. 1959 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп биология және химия пәні мұғалімі мамандығын алып шығады.
1961 жылы Есбол аудандық партия комитетіне инструктор болып қабылданып, 1963 жылы Махамбет өндірістік басқармасына партия комитеті инструкторы боп ауысады. 1973-1982 жылдары Махамбет орта мектебінде хи- мия пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасаған. Химия пәнінің қыр-сырын шәкірттеріне үйретуден жалықпаған ұстазға 1982 жылы «Махамбет орта мектебінің методист-мұғалімі» атағы берілген.
Адал еңбегінің нәтижесінде В.И.Лениннің 100 жыл толуына орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен, 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалімен және тағы да басқа алғыс хаттармен марапатталады.
Жүсіп Кенжин 2003 жылы өмірден өтті. Ағайдың жеке тектік құжаттары ауданның білім беру саласына сіңірген еңбегі зор ұстаз ретінде аудан архивінде сақтаулы.
И.АЙСИНА,
аудандық архивтің мұрағатшысы