Біздің қазақ халқының тілі – өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл-адамның барлық саналы өмірінің құралы. Өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды адам тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде, біздің ана тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру – әрбіріміздің борышымыз.
Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Ана тілін жақсы білу — әркімнің қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. Еліміздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендік алуы тілі мен психологиясына, оның өз мәнінде дамуына мүмкіндік берді. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу мәселесі үлкен маңыз алып отыр. Соңғы кезде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның өркен жайып дамуына ықпал ететін басты- басты қадамдар жасалуда.
Тіл туралы заңның қабылданғаны, оның баптарының жүзеге асырылуының бағдарламаларының жасақталғаны, мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы мектептерде қазақ тілін оқып үйретуді дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз. Сол себепті басты жауапкершілік тіл мамандары біздерге жүктеліп отыр. Ата заңының баптарында, сонымен қатар, «Тіл саясатының тұжырымдамасы» мен «Тіл туралы Заңда» айтылған басты мәселе – мемлекеттік қазақ тілін дамыту.Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өз заманында: «Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері» деп тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын.
Бұрынғы даналардан қалған: «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден көз жазып қалмайық! Қазақстандықтардың бәріне жуығы көпұлтты ортада өмірге келген. Қазақстанның көпұлтты болуы – ешкімнің қолдан жасаған әрекетінің нәтижесі емес, тарихи даму жолымен солай қалыптасты. Және бұл біздің еліміздің кемшілігі емес, басқалардан артықшылығы. Өйткені, көптүрлі мәдениеттің, діннің, дәстүрдің, білімнің, т.б. арасынан шыққан жақсылықтарды бойымызға сіңіре аламыз.
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да — тіл. Ол – қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда. Қазіргі таңда көптеген отбасылар балаларын қазақ тілінде оқытатын мектептерге ана тілін жетік меңгеру үшін беріп, оқытып жатқандары қуантарлық жағдай. Әрбір отбасында, осындай тілге деген жанашырлық болса, «тамшыдан тама-тама дария болар» дегендей, тіліміздің жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілер деген сенімдемін.
Г. НАУРЫЗОВА,
Ақтоғай ауылдық кітапханасының кітапханашысы