«Өңірлерді дамыту: 2020-2025» бағдарламасы аясында 5 жылда үш жарым мыңға жуық ауылды жаңғырту жоспарланған болатын. Осы жоба аясында ауданымызға қарасты ауылдық округтерде, бірінші кезекте, әлеуметтік инфрақұрылымға мән беріліп келеді. Атап айтқанда, ауылды сапалы ауыз сумен, жарықпен, жылумен, жолмен қамтамасыз етуге, мектептер мен ауруханалар салуға айрықша мән берілуде.
Атырау қаласымен іргелес жатқан Алға ауылының жыл санап аумағы да, тұрғындарының саны да өсіп келеді. Ауыл халқы толықтай дерлік өмір сүруге қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Аталған бағдарлама аясында жыл сайын ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ауылдық округтің әкімі Р.Мусиннің айтуынша, ауыл бойынша тұрғын үй үшін жер алуға 436 адам кезекке тұрған. 2023 жылы тұрғындардың сұранысы бойынша жер кезегіндегі 150 адамның құжаттары тұрғын үй жер берілуі үшін аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөліміне жіберіліп, бас жоспар бойынша жер берілетін оңтүстік шығыс жаққа инфраструктура жүргізу жұмыстары оң шешімін тапқан. Алайда электр желісі толық тартылмай қалғандықтан жаңа мөлтек ауданына инфраструктура жүргізу үшін 522,308,000 теңге сараптамадан өтіп, қаржысы бөлініп, конкурстан жеңімпаз анықталған. Сонымен қатар, жаңадан салынған көшелерге жол салу жұмыстары осы жылы жасалады деп күтілуде көрінеді.
Ауылдан жаңа балабақша ғимаратын салу да күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Балабақша құрылысын салу үшін 2019 жылы аудандық әкімдігімен жобалық сметалық құжаттама (жобаның құны 696 860 ,0 мың теңге ) жасақталған болатын. Алайда бюджеттен 3 жыл мерзім ішінде қаржыландырмауына байланысты аталған жобаның мерзімі өтіп кеткен. 2021 жылдан бастап білім беру нысандары облыстық білім беру басқармасының бағыныстылығына өтуіне байланысты жобалар басқармаға ұсынылған. Алайда ауыл халқының жыл санап өсуіне орай, бала санының артуына байланысты 160 орындық балабақшаның құрылыс жобасын 280 орындық балабақша құрылыс жобасына ауыстыру туралы облыстық құрылыс басқармасына ұсыныс жолданған. Қазіргі уақытта жобалық сметалық құжаттамасы сараптамадан өтуде.
-Ауылда спорттық ойындарға қатысушылар мен спортқа қызығушылық жастар арасында жоғары болғандықтан спорт комплекстің де қажеттілігі жоғары.Ауыл жастары қалаға барып жаттығады және көптеген жастар түрлі қала құрамаларында өнер көрсетіп, ауылдың, ауданның, облыстың намысын қорғап жүрген жайы бар. Бұл мәселе тұрғындарды да толғандырып жүрген мәселе болғандықтан 2023 жылы Алға ауылына спорт кешенін салу мақсатында жобалау – сметалық құжаттамасын жасақтау «Проект строй» мекемесі арқылы демеушілікпен жасақталыпты. Осы жылы құрылысына қаржы сұралады,-дейді ауыл әкімі.
Ойынмен өсетін ауыл баласы үшін таза ауада ойнаудың маңызы зор. Осы орайда балаларға арналған ойын алаңына 475,0 мың теңге қаржы бөлініп «Аружан Кеңес» жеке кәсіпкерлігі арқылы қосымша ойыншықтармен жөндеу жұмыстары жүргізілген. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балалар ойын алаңы алдына автокөлік жылдамдығын баяулату үшін 2 дана жол кедергісі орнатылған.
Барлық ауылға тән аз қамтылған отасыларды баспанамен қамту мәселесі бұл ауылда да бар. Көпқабатты тұрғын үйлер негізінен аудан орталығынан салынатындықтан, ауылдық округтерден үй салу мәселесі кенже қалып келе жатқаны жасырын емес. Осы мәселені бірден болмағанымен біртіндеп шешуді ойластырған аудандық әкімдік, соңғы жылдары ауылдардан үй сатып алып немесе салып кезекте тұрған отбасыларға табыстауды қолға алуда. Осындай игілікті іс Алға ауылында да жүзеге асып, көп балалы екі отбасыға екі пәтерлі тұрғын үй салынып табысталды. Тағы бір айта кетер жайт су тазарту қондырғысын қайта жаңғырту үшін ЖСҚ жасақталып сараптамадан оң қорытынды алынып, мердігер мекеме анықталды. Төтенше жағдайдан соң жұмысын бастайды,-дейді Р.Мусин.
Жедел жәрдем қызметінде еңбек ететін әрбір дәрігердің адам өмірін сақтап қалуда еселі еңбегі зор. Түрлі тосын жағдайларға тап болып, жол көлік оқиғасында зардап шеккен жолаушыларға мезетінде көмек беру олардың басты ұстанымы. Бұл ретте сала мамандары үшін заманауи үлгідегі автокөліктердің қажеттілігі бар. Осы орайда Махамбет ауданында медицина қызметкерлеріне берілген бес жедел жәрдем көлігінің біреуі алғаға берілді. «ГАЗель» маркалы санитарлық автокөліктер жол талғамайды, іші алғашқы көмек көрсетуге арналған заманауи медициналық құрал жабдықтармен жабдықталған.
– Ауырған жанға алғашқы болып жететін жедел жәрдем қызметінде еңбек ететін мамандардың еңбегі ерекше құрметке ие. Дегенмен, соңғы жылдары арнайы автокөліктердің дені ескіріп, талап үдесіне сай келмей жатқаны байқалады. Ауылдарды аралап, халықпен кездесулерде осы мәселе жиі көтеріліп отырады. Осыған байланысты тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, заманауи үлгідегі «жедел жәрдем» реанимобилі бізге де берілді. Бұл мүмкіндік тұрғындардың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына алғашқы медициналық- санитариялық көмекті дамыту бағытына өз септігін тигізеді деген сенімдеміз. Бұған қоса ауылға өрттен келетін қатердің алдын алу мақсатында өрт сөндіру автокөлігі алынды,- дейді ауыл әкімі.
Б.СҮЙЕУОВА