Кәсіпке икемі бар, бірақ қаржы мәселесі қолбайлау адамдарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы көп мүмкіндік беруде. Бүгінде облыста игілігі мол жобаға қатысып, өз кәсібін бастап жатқандардың қатары күн санап артып келеді. Жобаға қатысушылардың бірі – махамбеттік Айнагүл Жұмекеева Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында аудан орталығынан «Ризық» балалар ойын орталығын ашты.
Кәсіп иесі Айнагүл Жұмекеева өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген 2,5 пайыз мөлшерлемесінде 8,6 млн теңге алған болатын. Аталған қаржыға орталыққа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Орталық балалардың уақытын қызықты да көңілді өткізуіне арналған батутты аймақ пен ойын кешені, әткеншектер мен сырғанақ, өрмелеуіш сынды заманауи үлгідегі ойын құрылғыларымен жабдықталған. Кәсіпкер ойын орталығына келуші балалардың дұрыс тамақтануына баса назар аударып отыр.
– Пайдалы әрі дәмді тамақтарды дайындауға арналған электрлі комби пеш (пароконвектомат), тоңазытқыш сатып алдым. Комби пештің ерекшелігі бу арқылы тамақтың дұрыс пісіп шығуын қамтамасыз етеді. Қазір балалар фаст-фудқа үйір, сондықтан олардың дұрыс тамақтарды пайдалануын қадағалайтын боламыз. Өзімнің ойымдағы істі жүзеге асыруда жәрдемдескен «Ауыл аманаты» жобасына, құжаттарды жинақтауда көмек берген «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының менеджерлеріне алғысым шексіз,- дейді А.Жұмекеева.
Бұл ойын орталығы – Махамбет ауданындағы жабық ғимаратта орналасқан әзірге жалғыз нысан. Осы күнге дейін қаладағы ойын орталықтарына балаларын ойнатуға апарып жүрген ата-аналар үшін де жағымды жаңалық болды. Ойын орталығында уақыт өткізу құны әр балаға сағатына 1000 теңге болып бекітілген. Егер шектеусіз демалғанын қаласаңыз, 2 мың теңге төлесеңіз жеткілікті. Балалар ойын ойнап қана қоймай, дұрыс тамақтану әдебін де үйренеді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ