Қазақ халқы қашанда сөз қадірін өз қадірім деп түсінген халық. Сөздің қадірін, сөздің киесін білген халық тілге де аса құрметпен қараған. Себебі, тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, бүкіл бір ұлттың болмысы, түгел бір халықтың келбеті,ұлттың тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің бастау бұлағы, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарымыздың мәйегі.
Ежелгі дәуірлерден бері жалпы түркі халықтарының, билер кезеңінен бері қазақ халқының тілге деген бір төбе құрметін би-шешендердің, данагөй қариялардың өлең сөздерінен анық аңғарамыз.
Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ, - деген Бұқар жыраудың өлең жолдарынан ақылың асып, ел бастағаннан да, қайратың тасып, қол бастағаннан да қиыны қызыл тілдің құдіретін келтіріп, шаршы топта сөз бастау екеніне көз жеткіземіз. Бүгінде туған тілімізді құрметтеу – адамзат баласына, әрбір қазақстандыққа азаматтық парыз. Себебі, тілін құрметтеген адам елін де құрметтейді. Ең алдымен, тілді сүю, туған тілді қадірлеу – жүректің, жанның мәселесі. Адам шыр етіп өмірге келген сәттен бастап ананың ақ сүтімен дарыған ана тілін қалайша жан-тәнімен сүйе алмайды. Ана сүті арқылы қан мен бойға дарыған туған тілімізді, ана тілімізді шартсыз сүйе алу, туған тілге махаббатымызды арнай алу – адамдықтың ең үлкен белгісі деп таныр едім. Екіншіден, туған тілін қастерлей алмайтын, ардақтай алмайтын адамды толық адам қатарына қоса алмайтын едім. Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады»- деп, дүниенің білімін жинап, өнерін өрсе де, туған тілін білмегендіктің бекерлік екенін, өзге тілдің бәрін біліп, өз тіліңде сөйлей алмаушылықтың мәңгүрттік екенін тайға таңба басқандай көрсетеді.
Ғасырлар бойы жалғасып , ұрпақтар сабақтастығында үзілмеуі қажет бір құдірет болса, ол –тілге құрмет болуы керек. Біздің ата-бабаларымыз қазақ тілінде сөйледі, қазақтың шежіресі қазақша жазылды, ұлттық дәтүрлеріміз бен құндылықтарымыз қазақилық сипат алды, қазақтың тарихы қазақ тілінде сөйледі, ұлан- ғайыр даламызда қазақ тілінің билігі жүрді, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміз қазақ тілінің құрсағында дүниеге келді. Міне, біз тіл үшін шексіз құрмет, тіл үшін шексіз қызмет ете білуіміз үшін себептер де жетерлік. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?» деп тіл мен ұлттың арасындағы байланысты қалтқысыз көрсетеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, туған тілдің мәртебесін өсіретін де, өшіретін де өзіміз екенімізді ескере отырып, тілге деген құрметті әр адам өзінен бастауы қажет деп есептеймін. Сол себепті, ана тілімізді ардақтап, қастерлеу, туған тілді ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдыру – бүгінгі қазақ қоғамына өткен дәуірдегі ата-бабаларымыз аманаттаған ең ұлы аманат.
Маржан СИМАНОВА,
Сарайшық ауылдық кітапхана меңгерушісі