Жалғансай ауылдық «Шалқыма» мәдениет үйінде ҚХА Жалғансай ауылдық округінің Аналар кеңесі «Ғибраты мол ақ орамал» атты поэтикалық кеш өткізді.
Шараға Жалғансай ауылдық округінің әкімі Асылжан Қайырғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Аруев, Махамбет ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Сара Қабазова, ҚХА аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Амангелді Есенғалиев пен ауылдың ақжаулықты аналары мен қыз- келіншектері қатысты.
Поэтикалық кеш қазақтың киіз үйінің көрінісі мен ұлттық құндылықтарды астастыра көркемдеген дөңгелек үстел басында ақ орамалдың қадір-қасиеті хақында келелі пікір айтудан басталды. Одан әрі ауыл кітапханасының меңгерушісі Гүлназым Нұрбаева «Ақ орамал – адалдықтың белгісі» тақырыбында кітап көрмесімен таныстырып, қазақтың салт- дәстүрлерін насихаттайтын еңбектер - Ділдә Матайқызының екі томдық кітабы, «Дәстүр» журналы, қазақтың қаламгер қыздары Ақұштап Бақтыгереева, Фариза Оңғарсынова, Ханбибі Есенғараеваның шығармаларына библиографиялық шолу жасады. Ауыл ардагерлері Гүлжамал Тарғынбаева, Күләндаш Хамзиева, Гүлсара Қыстаубаеваның тақырыпқа сай тұшымды ойлары да кештің мазмұнын аша түсті.
Әдемі басқосудың шырайын келтірген Жалғансай ауылдық «Шалқыма» мәдениет үйінің жанынан құрылған «Керім-ай!» аналар ансамблі баяншы Рахымжан Сабыровтың сүйемелдеуімен «Дүние-ай!», «Мен сыйға тартқан орамал» әндерін сызылта орындады. Сондай-ақ ауыл көркемөнерпазы Әзілхан Құралбай «Боз орамал», Қайрат Жұмашев «Арқа жайлап» әндерін нақышына келтіріп орындаса, ауылдың инабатты келіндері – Ләззат Ерғалиқызы мен Мөлдір Есенқұлова мәнерлеп өлең оқыды. Райгүл Мұқышева орамалдың киесі туралы өз ой-пікірін білдірді.
Мазмұнды іс-шара соңында Жалғансай ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Клара Көптілеуова аналар мен келіндерге ақ орамалды сыйға тартса, ауыл тұрғыны Амангелді Есенғалиев аталы сөзін айтып, бата берді.
Ал, ұйымдастырушыларға алғыс айтқан кеш қонақтары тағылымы зор игі істің жалғасын табуына тілектестік білдірді.
Айгүл БАҚТЫГЕРЕЙҚЫЗЫ,
«Қоғамдық келісім» КММ-нің
Махамбет ауданы бойынша
бас сарапшысы