Алға ауылдық округінде Атырау облысы Әділет департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Гүланда Қыстаубаеваның бастамасымен тұрғындарға арналған «Тегін заң көмегі» акциясы ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заң аясында туындаған мәселелер бойынша қолжетімді кеңес беру.
Акцияға нотариус, адвокат және жеке сот орындаушылары арнайы қатысып, ауыл тұрғындарына құқықтық бағыттағы сұрақтары бойынша жан-жақты түсініктеме ұсынды. Жеке сот өндірісі, кәсіпкерлік саласындағы талаптар, мүлік қатынастары, алимент өндіріп алу, сот шешімдерінің орындалуы сияқты өзекті мәселелер көпшіліктің назарын аударды.
Кездесуге қатысқан аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев тұрғындармен ашық пікір алмасып, Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ілгерілету бастамасының маңыздылығын атап өтті. Ол ауыл тұрғындарын құқықтық мәселелерді уақытында көтеріп, белсенді болуға шақырды.
– Әрбір азамат заңды білуі және өз құқығын қорғау жолдарын түсінуі – құқықтық мемлекеттің басты талабы. Мұндай шаралар халықтың сенімін күшейтіп, олардың күнделікті өмірдегі түйткілдерін шешуге көмектеседі, – деді аудан басшысы.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан түрлі бағыттағы сұрақтар түсті. Олардың қатарында кәсіпкерлерді тексеру тәртібі, сот үкімдерінің орындалуы, жол қауіпсіздігі мен мал өтетін аймақтарда жол белгілерін орнату, мүгедектік тағайындау рәсімдері, алимент өндіру, берешекке байланысты жеке шоттардың бұғатталуы және оны ашу жолдары секілді мәселелер болды. Әрбір азамат қолданыстағы заңнамаға сәйкес нақты әрі түсінікті кеңес алды.
Заң көмегінің қолжетімді болуы – қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңызды бөлігі. Осындай азаматтарға бағытталған акциялар тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы сенімді нығайта түсетіні анық.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ


