Балалар қауіпсіздігі – ортақ міндет

Аудандық орталық кітапханада «Балалар – біздің болашағымыз, қорғайық!» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтіп, онда кәмелет жасына толмағандардың қауіпсіздігі, отбасы ішіндегі қарым- қатынас мәдениеті және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.

Шараға аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, отбасын қолдау орталығының мамандары, Махамбет округі әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық аурухана психологі, полиция инспекторы және кітапхана қызметкерлері қатысты. 

Жиынды аудандық полиция бөлімі қауіпсіздік бөлімшесінің зорлық- зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция капитаны Арайлым Сапарғалиева ашып, 25 қараша – 10 желтоқсан аралығында республика бойынша өтіп жатқан «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн» акциясының мақсатына тоқталды. Ол елімізде отбасылық зорлық-зомбылықтың әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отырғанын айта келе, қоғамдағы әрбір азаматтың жауапкершілік сезімі қажет екенін атап өтті. 

– Зорлық-зомбылық тек әйелге немесе отбасы мүшесіне жасалатын физикалық әрекет деп қана қабылданбауы керек. Оның психологиялық, эмоционалдық, экономикалық және тәрбиелік көріністері бар. Осындай жағдайда ең көп зардап шегетіндер – балалар. Олар ашық түрде зорлық көрмесе де, үйдегі дау-дамайдың, жанжалдың, айғай-шудың ортасында өседі. Мұндай жағдай баланың психикасына тікелей әсер етеді. Біз, полиция қызметкерлері, әрбір шағымға жіті қарап, әр отбасының жағдайын бақылап, қолымыздан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз. Бірақ тек құқық қорғау органдарының күшімен мәселені шешу мүмкін емес. Әр ата-ана, әр отбасы мүшесі өз баласының ғана емес, жалпы қоғамның болашағына жауапты екенін түсінуі тиіс,- деді Арайлым Абайқызы. 
Ол сондай-ақ ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілік жүгін арттыру қажеттігін атап өтті: 
– Бала үйдегі әңгімеден бастап, ата-ананың мінез-құлқына дейін бәрін байқайды. Егер балаға уақыт бөлінбесе, оны тыңдамаса, ол өзін керексіз сезінеді. Осыдан кейін ол сырттан қолдау іздеуі мүмкін, бұл түрлі келеңсіз жағдайларға әкеп соғады. Сондықтан біз ата-аналарға әрдайым баламен ашық сөйлесуді, оның сезімдері мен пікірін ескеруді, күнделікті өмірінде қауіпсіз орта қалыптастыруды ұсынамыз. Баланы жақсы көру – тек тамақтандыру, киіндіру емес, оның жан дүниесін түсіну, қорған болу,- деді полиция капитаны. 

Аудандық аурухана психологі Динара Каримқызы да отбасындағы сенім атмосферасының маңыздылығына тоқталып, бала мен ата- ана арасындағы эмоционалдық байланыстың әлсіреуі көптеген келеңсіздіктерге алып келетінін айтты. Психолог баланың өзін- өзі бағалауына, мінез-құлқына, болашақ әлеуметтік өміріне ең алдымен отбасындағы тәрбие ықпал ететінін жеткізді. Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға полиция капитаны жауап беріп, қазіргі таңда ауданда ата- анасының ішімдікке тәуелділігіне байланысты бақылауда тұрған жасөспірімдер бар екенін атап өтті. 
– Біз жайсыз отбасылармен тұрақты түрде жұмыс істеп келеміз. Балалардың тағдырына бейжай қарауға болмайды. Әр отбасын аралап, жағдайын біліп, қажет болса, әлеуметтік қызметкерлермен бірлесіп көмек көрсетеміз,- деді ол. 

Махамбет ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы Сара Қабазова балалар қауіпсіздігіне қатысты құқықтық жадынамаларды «Жайық шұғыласы» газетіне енгізу туралы ұсыныс білдірді. Бұл тұрғындардың ақпараттануын арттыратын, әр отбасының зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларымен танысуына мүмкіндік беретін қадам екені атап өтілді. 

Капитан А.Абайқызы әлеуметтік желілерде Отбасын қолдау орталығымен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы материалдар тұрақты жарияланып отырғанын айтып, «Біз балалардың болашағы қауіпсіз болуы үшін барлық күшімізді салуға дайынбыз. Бірақ бұл – бір ғана мекеменің жұмысы емес. Бала – қоғамның айнасы. Егер біз қауіпсіз қоғам құрғымыз келсе, ең алдымен балаларымызды қорғауымыз керек»,-деген пікірін жеткізді. 

«Дөңгелек үстелді» аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Гүлнар Қырықбайқызы қорытындылап, мұндай шаралардың маңызын атап өтті. 


А.ТЕКЕБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT