Тарихи мұраны жандандыруға үлес қосып келеміз

“Тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет.

Ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін бір жоспарға келтіру керек.”

Мемлекет басшысы Көкше төрінде өткен келелі кеңесте тарихи-мәдени мұрамызды дамыту мәселесіне де тоқталды. Ғылым тақырыбында жан-жақты мәселелер қозғалып, оның ішінде еліміздің тарихи ескерткіштерін, тарихи мұрасын жаңғыртудағы ғылыми еңбектердің маңыздылығын атап өтті.

Осы ретте «Сарайшық» музей-қорығының басты мақсаты – ортағасырлық Сарайшық қаласының тарихи-мәдени мұраларын сақтауға, жаңа тарихи деректер мен жәдігерлерді анықтауға, ескерткішті насихаттауға, ғылыми-зерттеу және археологиялық-этнографиялық жұмыстар жүргізуге, ашық аспан асты музейін ұйымдастыру арқылы туризмді дамытуға бағытталған.

Музей-қорық республикалық мекеме атанғаннан кейін тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға рұқсат беретін мемлекеттік лицензияға ие болды. 2019 жылы 31 шілдеде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелді.

«Сарайшық» музей-қорығы ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы негізіндегі «ГУЛАГ жүйесіндегі Прорва және Астрахань лагерлері (1932-1950 жж.): «тарих, естелік, тағылым» жобасын (2020-2022) және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қаржыландыратын «Қазақстанның батыс өңіріндегі алтынордалық қалалар, көне керуен жолдары және керуен-сарайлар: пәнаралық зерттеулер (ХІІІ-ХV ғғ.)» (2021-2023) (бағдарлама жетекшісі, т.ғ.д., профессор Ұлжан Ахметова) бағдарламасын сәтті аяқтады.

Қазіргі таңда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған «Алтынордалық Сарайшық, Ұшқан, Ащысай, Қарағайлы ескерткіштері тарихи-мәдени мұра контекстісінде (ХІІІ-ХV ғғ.)» бағдарламасы (бағдарлама жетекшісі, т.ғ.д., профессор Ұлжан Ахметова), Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған «Астаналық Сарайшық Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұра контекстісінде (ХІІІ-ХVІ ғғ.)» ғылыми жобасы (жоба жетекшісі - т.ғ.д., профессор Әбілсейіт Мұқтар) аясында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. 

Жобаларды орындау барысында Ресей Федерациясының Москва, Санкт-Петербург, Казань, Астрахань, Өзбекстан Республикасы Ташкент, Самарқанд, Нүкіс қалаларындағы архив пен кітапханаларда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Сарайшыққа қатысты материалдар әкелінді.

Біз мұнымен де шектелмейміз. Сарайшықтың көнекөз тарихын бүкіл әлемге паш ету жолында ғалымдар мен тарихшылар өз алтын уақыттары мен білімдерін жұмсап жатыр. Біз де бірауыздан Президент айтқан пікірді қолдай отырып, шетел мұрағаттарын жаңғыртып, еліміздің тамыры тереңде қалған тарихын келешек ұрпақ үшін дайындап кеткіміз келеді.

Жұмабаев Амангелді Жеңісұлы

Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалым хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT