Жаңа 2025 жыл Сисеновтер отбасы үшін осындай жағымды жаңалықпен басталды. Көп балалы ата-ана атанған Саламат Сисенов пен Ару Сисенованың отбасында салмағы 6 кг 400гр алып бала дүниеге келді. Бұған дейін бұл әулетте, отбасында мұндай салмақты шақалақ туылмаған екен. Жақындары азан шақырып, алып балақайды Нұртас деп атапты. Небары 39 аптасында осындай салмақпен дүниеге келген сәбидің ата-анасы бұл бір Алланың ғажайып құдіреті дейді.
– Үшінші триместрдегі ультрадыбыстық бақылауда баланың салмағын 2 кг-нан асады деп көрсеткен. Алайда айтолғақпен ауруханаға түскен соң, дәрігерлер ішімнің үлкендігін аңғарып, тағы бір мәрте тексеріп көрді. Сол уақытта баланың салмағы үлкен екені анықталды. Өзіміз де таң қалып, бұл бір Алланың берген ерекше сыйы деп қабылдадық,-дейді алып балақайдың анасы Ару Сисенова.
Атырау облыстық периниталдық орталығында дүниеге келген сәбидің де, анасының да жағдайы жақсы. Мамандар толықтай денсаулығын бақылауда ұстап отыр. Бұған дейін еліміздің әртүрлі өңірлерінен тарайтын мұндай сүйінші хабарды енді барша махамбеттіктерге жеткізгіміз келді. Жарық дүниенің есігін асығып ашқан Алпамыстай алып балақай болашақта ауданның атын шығарар алып азаматқа айналсын дейміз.
А.САТАЕВА