Тарас НАУРЫЗӘЛІ: «Журналистің қолында мықты қару бар»

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАҒАН ЖАҢА ЖОЛДАУЫ САН МИЛЛИОНДАҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ КӨҢІЛІНДЕ ҚУАНЫШ ҰШҚЫНЫН ТҰТАТТЫ. ОЛ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ ЖОЛЫНДА АТҚАРЫЛУҒА ТИІС ІСТЕРДІ САЛА-САЛАСЫМЕН БАЯНДАП БЕРДІ. СОНЫҢ ІШІНДЕ БІЗДІҢ ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН САЛАМЫЗ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНА ҚАТЫСТЫ ДА ИГІ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛАТЫНЫ КӨҢІЛ ҚУАНТЫП ОТЫР.  

Президент: «Бұқаралық ақпарат құралдары  бәсекеге  қабілетті  және еркін  болуы  керек.  Бұл  қағидат  қазір кез-келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін  ескере  отырып,  БАҚ  туралы заңды қайта қарау керек», - деп атап өтті өз Жолдауында.

Мемлекет басшысы сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті екенін айтты. «Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды. Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн»,- деді Президент.

Әрине, мұның бәрі журналистерге зор жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Бұқаралық  ақпарат құралдары  алғаш пайда болған кезден бастап күні бүгінге дейін оның қоғамға деген ықпалы күшті болып келеді. Мәселен, өзіміз ең алғаш журналистік жұмысымызды бастаған  кеңес  заманын  алайық.  Сол кезде цензураның мықты бақылауына қарамастан баспасөзде фельетон, памфлет секілді өткір жанрлар жазылатын. Сол фельетондар партия комитетінің бюросында талқыланып, соның кейіпкері болған небір мүйізі қарағайдай шенеуніктер партиядан шығарылып,  жұмыстан  қуылып  жататын. Ал қазір ондай фельетон жазар болса журналисті дереу сотқа беріп, моральдық залал өндіруге тырысады. Екінші  жағынан  ойлап  қарағанда,  фельетон жанры бүгінгі заман журналистикасына бармайды да. Өйткені мақалаға  сатиралық  элементтер  қосу қанша дегенмен адамдардың арнамысына тиеді. Кеңес кезінде фельетонда қаншама ауыр сөздер болса да, газет партияның органы болғандықтан ешкім  де оны сотқа бере алмай іштен тынатын. 

Ал қазір заман басқа. Сын бейтарап ұстаныммен жазылуы керек. Журналист белгілі бір өткір мәселеге қатысы бар, соны шешу міндеті болып отырған жақтардың ғана пікірін беріп, өзі бейтарап қалуы керек. Өз пікірін тек қана өзі жұмыс жасамайтын басқа бір басылымға бере алады. Менің ойымша, кеңестік журналистикада сән болған, тіпті тәрбиелік рөл де атқарған очерк секілді жанрлар бүгінгі баспасөз де үшін керек. Әрине, ол мүлдем жоғалып кеткен жоқ, сирек болса да беріліп келеді. Бірақ олардың көбі шекесінде «очерк» деп жазулы тұрғанымен, шын мәнінде оған ұқсаңқырамай жатады. 

Кеңес заманымен  салыстырғанда бүгінгі журналистердің ақпарат алу мүмкіндіктері мол. Бізде кезінде диктофон деген жоқ болды. Ақпарат алған кезде конспект жазып отыратынбыз. Яғни ауыздан шыққан сөзді сол бойда түгел қағазға түсіріп үлгеретінбіз. Ал қазір кез келген журналистің қолында диктофон, қол астында интернет. Осының екеуі де фотоаппаратымен қоса телефонның ішінде бар. Сен тек жұмысыңды біл. Осындай мықты қарулармен қаруланған бүгінгі жас журналистер үшін Президентіміздің  жаңа Жолдауы тың серпін берді деп ойлаймын.

 

Тарас НАУРЫЗӘЛІ,

«Жайық шұғыласы» газетінің байырғы тілшісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT