Наурыз мерекесіне орай Сарайшық мәдениет үйінде аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен «Бауырсақ-FEST» байқауы өтті.
Оған алты мекемеден он адам, атап айтсақ, Сарайшық ауылдық округ әкімдігі, №1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Махамбет көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжі, Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебі, «Бүлдіршін» бөбекжайы, Сарайшық мемлекеттік тарихи- мәдени музей қорығы ұжымдары белсене қатысты.
Сахна ұлттық нақыштағы киіз үймен безендіріліп, ішіне оюлы, зерлі шапандар мен айыр қалпақтар, түлкі терісі ілінген. Үстел үстінде жез самаурын, зерең ағаш аяқтар тұр.
Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жексенбай Пазулов алдымен жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, ұлттық тағамды дәріптеушілерге сәттілік серік болсын десті. Байқауға Сарайшық ардагерлер кеңесі төрағасы Хадим Сисенғалиев, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Қайреденова, мәдениет саласының ардагері Қалығыз Ғилажқызы әділқазылық етті.
Шарада «Наурыз-думан», «Дәстүрлерім» әндері шырқалып, «Тұмар» бишілер тобы «Қазақ» биін мың бұрала биледі.
Ауылдық округ әкімі аппаратынан қатысушы ши бауырсақ, шілдехана бауырсағын, шелпек пісіріп әкелгенін айтып, ұсынды. №1 арнаулы әлеуметтік орталықтың мамандары болса жол, шашу, ши бауырсақтарымен қоса сәукеле нанын пісіріп әкелген екен. Махамбет көпбейінді ауыл шаруашылық колледж ұжымы тәтті ши бауырсақтарының жасалу жолымен таныстырып өтті. Ал, Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінен қатысушы Айсәуле болса, ши бауырсақты түрлі түске бояп, дайындап әкелген. «Бүлдіршін» бөбекжайынан қатысқан Шынар да ши мен шілдехана бауырсағын пісірген екен. Хан ордалы Сарайшық музей- қорығынан ұлттық нақыштағы киіммен шыққан Назерке көпшілікке ортағасырлық тостаған кейпіндегі және сәукеле пішіндегі нандары мен ши бауырсақтарын таныстырды.
Одан әрі жиналғандар арасында «Кім көп бауырсақ жей алады?» сайысы ұйымдастырылды. Ортаға суырылып шыққан үш жігіт бауырсақ жеуден жарысты. Ойын шарты бойынша әрқайсысы 20 бауырсақ, екі тостағаннан наурызкөже ішуі тиіс. Нәтижесінде Исламбек есімді жігіт жеңімпаз атанып, сый-сияпатқа ие болды.
Қазылар алқасының төрағасы Қадим Жексембайұлы бауырсақ дайындаған қыз-келіншектерге қолдарың дерт көрмесін деп, үш аталым бойынша жеңімпаздарды жариялады.
«Ең тәтті бауырсақ» номинациясын №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету ұжымы жеңіп алды. «Ең әдемі бауырсақ» номинациясына Хан ордалы Сарайшық музей-қорығы ие болса, ал «Ең көп пісірілген бауырсақ» номинациясы Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық колледжі ұжымына бұйырды. Сондай-ақ белсенді ұжым деп «Бүлдіршін» бөбекжайы танылды.
Байқауға қатысқан Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебі мен Сарайшық ауылдық округі әкімі аппаратынан қатысушылар аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА