Таңдайдың қарбызы пісті

Жазғы аптаптан адамдар қалай қорғанарын білмей жүрсе, несібесін жерден терген шаруагерлерге күннің күрт ысуы жайлы болды.

Егіс алқабындағы булығып, өсе алмай тұрған ауыл шаруашылығы өнімдері аз уақытта күннің қызуымен тез өсіп жетілді. Сөйтіп, адам ағзасына небір пайдалы дәрумендерге бай жеңсік тағам түрлері халық дастарханына жол тартты. «Бақша байлық – бір байлық» дегендей, маңдай терлерінің өтеуі өз өнімдерін пұлдап өткізуге тырысқан шаруагерлер уақытпен санаспай мігірсіз еңбек етуде. Әсіресе, облыс бойынша алғашқылардың бірі болып өнім жинаған таңдайлық егіншілердің асығы алшысынан түсіп тұрғандай.

qar13721-2

ҚУАНЫШ ХАЛЫҚТЫ ҚУАНТЫП ОТЫР

Іргеміздегі Бақсай ауылдық округіне қарасты Есмахан ауылын бетке алып жолға шықтық. Күн тас төбеге келмесе де, ыстық біліне бастады. Көліктің салқындатқышы құтқарып тұр әзірге. Дала төсін шаңға бөгіп Нивамен жүйткіп келеміз. Иә, иә, соңғы үлгідегі бұл көліктерде салқындатқыш орнатылған. Есмаханнан өткеннен кейін баратын жерімізді таппай қалғанымызды-ай. Шаруашылық жетекшісімен байланысып, жолды сұрайық десек, бәріміздің телефонымызда «байланыс жоқ» деп шығып тұр. Жан-жағы сыммен қоршалған жерді көріп, алып ұшып барамыз, жоқ, бұл емес. Содан «Бақсай» каналын жағалап келе жатып, қойларын өрістетіп жүрген ауыл тұрғынын жолықтырып, жол сілтеуін сұрадық. Содан не керек, таптық-ау. Саман тастан салынған үйден жігіттер шығып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін шаруамызға көштік. Өткен жылы ғана жұмысын бастаған «Медеуов К» шаруа қожалығының 10 гектардың көлеміндегі көкөніс алқабына жол тарттық. Шаруа қожалығының жетекшісі Қуаныш Медеуовтің айтуынша, он шақты жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік алып отыр.

- Шыққан өнімді Атырауда, Махамбетте өтетін жәрмеңкелерге, таңғы базарларға шығарудамыз. Қарбыздың дәмі тіл үйіреді, өзім қарбыздың ортасында отырып алып, жаз бойы жей беруге бармын. Жергілікті өнімді халық асыға күтетіні белгілі. Біз де көп кешіктірмей маусым айының соңына қарай өнімді алдық. Өз өнімдерімізбен былтыр карантиндік шаралар күшейтілген мезгілде де еш кедергісіз қамтамасыз ете білдік. Биылғы жылы да жұмысымыз қарқынды жүріп, шаруашылықтардың алды болып отырмыз,-дейді шаруашылық жетекшісі.

Негізгі мамандығы заңгер, кейін тағы қос бірдей дипломды алған Қуаныш бұл салаға нарықта ауыл шаруашылығына деген сұраныстың жоғарылығынан әрі өңірде бұл саланы дамытуға көп мүмкіндік бар болғандықтан келгендігін айтады. Бұл кәсіпке келгеніне көп бола қоймаса да, жомарт жер жемісін беріп, ісінің берекесін арттырғаны көрініп тұр. Егіс басынан жылыжай салып, сәуір айында қарбыздың тұқымын жетілдіріп, отырғызудың арқасында ерте өнім алып отыр. Келер жылы бұл аумақты 20 гектарға дейін ұлғайту жоспарлары да бар екен. Қарбызының дәмінің тіл үйіретінін дәлелдемек мақсатта шаруашылықтың агрономы Бауыржан қарбызды ортасынан қақ бөліп, үлестіре бастады. Жол бойы нәр татпай келген біздер қарбыздың бір тілімінің өзіне шөлімізді қандырдық. Шаруашылық жетекшісімен, жұмысшыларымен қоштасып, егінжай басынан қозғалып,келесі қожалыққа жол тарттық. Жол бойы қарбыздың дәмі таңдайдан кетпей қойды.

qar-13721-3

«АБАЙДЫҢ» ҚАРБЫЗЫ – ОБЛЫСТАҒЫ ЕҢ АЛҒАШҚЫ ӨНІМ

Келесі нысанды жолдан адаспай таптық-ау. Көліктен түскен бетте ыстық леп соғып, күн төбені тесіп барады. «Абай» шаруа қожалығының жетекшісі Жанболат Бисекенов қарсылап алып, жұмыс барысын айта бастады. Өткен жылы «Үздік егінші» номинациясын жеңіп алған шаруагер, «Абай» шаруа қожалығының жетекшісі Жанболат Бисекенов биылғы жылы да биіктен көріне білді. Аудан орталығындағы дүкендерге келіп жатқан орташа көлемдегі қарбыздар – дәл осы жігіттің маңдай терімен шыққан өнімдер. Үш жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан шаруа қожалық жетекшісінің сөзінше, карантиндік шектеулерге, төтенше жағдай режиміне қарамастан өнімді жинаумен өткізуде ешқандай кедергі болмаған. Кәсіпкердің сөзінше,осындай қиын кезеңде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының көмегі көп болыпты. Соның арқасында сала мамандары жанқиярлықпен еңбек етіп, өлке тұрғындарын жергілікті табиғи өніммен қамтуға мүмкіндік алды.

- Биылғы жылы да ең алғашқылардың бірі болып қауын-қарбыз, қиярды шығарып, халыққа қолжетімді бағада сатудамыз.Жалпы қарбызды орташа есеппен 80-100 тонна алып отырмыз. Жердің көлемі бойынша кәріс шаруалармен бәсекелесе алмасам да, шығарған өнім бойынша бәсекеге толық қабілетім жетеді. Келер жылы 14,5 гектар егіс алқабын кеңейтуге тырысатын боламыз. Жұмысшы жағынан сәл мәселе бар, алдағы уақытта ретке келеді деген үміттемін, - дейді шаруашылық жетекшісі Ж.Абайұлы.

Атырау облысында алғашқы қарбыз өнімінің шыққан жері де – Таңдайдың топырағы. Жердің жайын, егіннің бабын білген шаруаның ғана еңбегі еш кетпесі анық. Таңдайдың кәрістерімен тайталасып егін егіп, жерінің көлемі олардан анағұрлым кіші болса да, алған өнімнің көлемі бір елі кем емес қос шаруа иесінің биылғы жылы үздіктер қатарынан табыларынан сенеміз.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT