Мен, Махамбет ауданы Есбол (11) ауылының байырғы тұрғынымын, осы ауылда тудым, білім алдым, еңбек еттім, қазір 86 жастағы зейнеткермін,тыл ардагерімін.
Есбол деген ауыл (бұрынғы Кулагин) Индер ауданында бар, осы екі ауылдың да Есбол аталуы халыққа қиындық келтіріп жүр. Түрлі құжат алуда, пошта арқылы заттар алуда шатасу көп. Осы жағдай ойлантып жүруші еді.
Өлкетанушы Әміров Базардың қолдауымен 2017 жылдан бастап, жоғалғанымыз табылып дегендей, Үсенұлы Айтуар атамыз жөніндегі іздену жұмыстары басталды. Мен жастық шағымнан бастап Айтуар би жөніндегі үлкендердің әңгімелерін естуші едім. Берірек келе атаның ұрпағы, ұлағатты ұстаз болған Жанасов Орынғали ағамыздың ата туралы көп әңгімелерін естідім. Мұрат Мөңкеұлының, Ығылман Шөрекұлының жырларын жатқа айтатын еді.
Айтуар би Үсенұлы туралы 2017- 2018 жылдары аудандық, облыстық баспаларда көп жазылды. Мақала авторлары Айтуар бидің әділ би болғанын, әр уақытта да қара халықтың жоғын жоқтағанын жаза келіп, соңында ата есімін Есбол ауылына беруді ұсынған. Жалпы аудан, облыс халқы ата туралы хабардар. Айтуар бидің ұрпақтары, ардагер ұстаз Қапашев Серіктің бастауымен арнайы есеп -шот ашып, қаржы жинап, 2018 жылы тамыз айында Алтын қауымындағы ата зиратының тұсы- Индер тас жолының бойына орнатылған Айтуар биге арналған ескерткіштің ашылуын жасап, соңынан атаға арнап ас берді. Сол жиында сөз алған адамдар Айтуар бидің Баймағанбет сұлтанның беделді биі болғанын, қарапайым халықтың қамқоршысы болғанын айта келіп, атаның есімін келешек ұрпақтың жадында қалдыру мақсатында Айтуар би есімімен Есбол ауылын атауды ұсынды. Бірақ сол уақытта түрлі себептермен халықтың ұсынысы өтпеді.
Биылғы жылы Әміров Базар Махамбет ауданының жаңа әкімі Джанглишов Ринат Бауыржанұлына сол ұсынысты қайта жолдаған, жаңа әкімге ауыл халқы атынан көп-көп рахмет, қолдау көрсеткеніне.
Енді ата туралы бірер ауыз сөз. Айтуар Үсенұлы 1782 жылы Махамбет ауданы Есбол ауылының аумағында ауқатты жанұяда дүниеге келген. Он екі ата Байұлының бірі Беріштен Себек, одан Сары ата, оның баласы Балталыдан Үсен туады, Үсеннің бір баласы Айтуар. Баймағанбет Айшуақов сұлтан правитель болып ел билеген заманда іріктеп алынған ақылшы билерінің бірі Айтуар Үсенұлы болса, екіншісі—Есет Қараұлы. Ел арасында «Беріште Есет пен Айтуар» деген есім қосарлана айтылады. Сұлтан өз ақылы жетпеген жерлерде осы билерді алдына салып, ел алдындағы беделін асырып отырған. Ел аузында Айтуар айтыпты деген әңгімелер көп. Кезінде жазу-сызу болмағандықтан, атадан балаға айтылған естелік әңгімелер біртіндеп ұмытылды, көп білетін көнекөз қарттар өмірден өтіп кетті дегендей. Тек 1925 жылдары Б.Қорқытовтың әкесі Ыбраш ата Жайық бойының батырлары мен билері туралы кейбір әңгімелерді қағазға түсірген. Сол дерек бойынша 1850 жылы Айтуар би хан тұқымы алдында Шеркеш руының батыры Асауұлы Тұрланды айтып келген ажалдан арашалап қалады.
Ол заманда ел ішінде барымта, жер дауы, жесір дауы, байлар мен төре сұлтандардың озбырлықтары, казак-орыстардың әлімжеттіктері деген сияқты келеңсіз жайттар көп болған. Айтуар би осыларды әділ шешуде халықтың қамын көздеп, төресұлтандарды қақпайлап, қара халыққа таяқ түгіл, сөз тигізбеуге күш салған. Өзінің шешендік тапқырлығымен көрініп, әділ би атанып елдің есінде қалған, халықтың құрметіне бөленген. Көнекөз қарттардың әңгімелері бойынша Айтуар би атамыз Исатай Тайманұлының шағын тобы Жайық өзенінен өтерде де, өткесін де көмек ұйымдастырған, қуғыншы әскерді теріс сілтеп жіберген дейді. Оған ақын Ығылман Шөрекұлының «ИсатайМахамбет» дастанындағы төмендегі жолдар куә:
Бірінші бөлім 25 «Жиылып тәмәм құралсақ,
Қаладан шыққан әскерге Шалдыртпай аман тұра алсақ,
Өтерміз деп ар жаққа, Жайықтың мұзын қатырып.
Жайықтан аман өте алсақ,
Ағайын-туған сонда бар Қаратоқай, Есенғұл, Есен мен Себек жолда бар.
Отырған шектес жіп тартып, Құлкеш пен Бегіс солда бар.
Жөн сілтеген сасқанда, Айтуар, Есет айтулы, Қоңыр мен Байнақ жорға бар,
Ер басына күн туса, Қашқаным барып қорғалар.»
Бұл сөзді айтып Исатай Халыққа хабар салдырды,
Өздеріне ергенін
Қасына жиып алдырды.
Айтуар бидің халқына сіңірген еңбегін құрметтеп, біздер, ұрпақтары, атаның есімін келешек ұрпақтың жадында сақтау үшін, Махамбет ауданы Есбол ауылын Айтуар би ауылы деп атауды жоғарыдағылар қолдар деп есептейміз.
Сағын ӘЛДЕШЕВ,
Есбол ауылының тұрғыны, тыл ардагері