Шешендік өнер мен ой ұшқырлығы сынға түсетін ойын – дебат. Ақтоғай орта мектебінің «Самғау» дебат ұйымында 6-11 сыныптар арасында кезекті дебат ойыны болып өтті.
Мақсат – оқушылардың жеке пікірін қалыптастыру, ойын ашық айтуға, көзқарасын анық жеткізуге, ұстанымын қорғай білуге үйрете отырып жеке тұлға қалыптастыру. Мектепішілік дебат жетекшісі Б.Даулетованың ұйымдастыруымен өткен ойын американдық парламенттік дебат форматында өткізілді. Дебаттың бұл түрі ЖОО студенттері арасында кең таралған, кейде «студенттік» деп те айтылып жүреді.
АПФ форматы 2-ге бөлінеді: саяси және құндылық. Саяси форматта нақты проблема бар және оны шешу жолдары қарастырылса, құндылық форматында құндылықтар сайысқа түседі, мұнда проблема жоқ және палаталар иә/жоқ, келісемін/келіспеймін деген позицияларды жақтайды. Әрқайсысы екі ойыншыдан тұратын екі команда – Үкімет пен Оппозиция қаралуға ұсынылған қарарды талқылайды.
Ақтоғайлық оқушылар арасындағы дебат «Бұл палата мектептерде ұялы телефонға рұқсат беру керек деп есептейді» және «Бұл палата қазақ тілін насихаттаудың ең жақсы тәсілін көрсетеді» тақырыптар төңірегінде өрбіді. Ойын барысында оқушылар пікір таластырып, өз ойларын анық жеткізіп жақсы ойын көрсетті. Жеңімпаздар анықталып, «Үздік спикерлер» дараланды.
Мектеп директоры Жоламан Ізғали өзін-өзі басқару, білім беру процесін демократияландыру, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру және бар мәселені бірлесіп шешу сияқты салаларда пікірсайыстың оң ықпалы бар екенін айтып, дебатқа қолдау білдіріп жүр.
Қ.БАҒЫТ