«Көкпарға кел, ағайын»
Халқымыздың ұлттық ойындарының ішіндегі ең ерекшесі – көкпар. Елден бата алу үшін көкпар беру – атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың дәстүрі. Таңдай ауылында жергілікті шабандоз, көкпаршы Жансейіт Бердеш жаппай көкпар ұйымдастырып, елдің ризашылығы мен ақ батасын алды. «Көкпарға кел, ағайын» атауымен өткен дала төсін дүбірлеткен жаппай көкпарға көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының, Сағыз ауылының жастары, сондай-ақ Тараз, Шымкенттің жігіттері де қатысып, доданың думанын қыздырды. Жалпы жүлде қоры 500 мың теңгені құраса, «Өгіз өлдіні» салған палуандарға бір тай мен бір қой берілді.
Жұртшылықты дәстүрлі ойын мен ұлттық спортқа қызықтыру, бұқаралық спортты жандандыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұлттық спорттың додасы Таңдай ауылында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жансейіт жас болса да, бас болып, екі жылдай көкпар тартып, талай додаларда бақ сынап, енді туған ауылында жаппай көкпар берді.
Білек күші мен жүрек күші мығым, ештеңеден тайсалмайтын нағыз пауландардың додасы жиналғандардың делебесін қоздырып, қиқуға салдырды. Мықты ат пен палуан жігіттің қара күші сынға түсті. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын шабандоздар өзгелерден айласы мен шеберліктерін асыра салым салып, көрермен қошеметіне бөленді. Ал, жаппай көкпардың аяқталғанын білдіретін «Өгіз өлді» салымының бірін Нұриман Есенбай салса, екіншісін Ғалымжан Әріпбаев салды.
- Елдің үлкендерінен, ақсақалдарынан бата алу мақсатында, бір жағынан жастарды ұлттық спортқа қызығушылығын арттыру, туған ауылымның бірлігін арттырып, қуанышын көбейту ойымен көкпар бердік. Өзім Атыраудағы «Мырза-Адай» командасында ойнаймын. Сол жерде үйренгендерімді, білгенімді ауылдастарыма көрсеткім келіп, әкеммен ақылдаса келе үлкен доданы ұйымдастыруға бел будық. Ағайын-тума, дос-жарандардың арқасында дүбірлі доданы абыроймен өткіздік. Көкпар болатын жердің қалың қарын күреуге көмектескен таңдайлық кәсіпкер Ғаллам Сұлтанов ағамызға да рахмет. Алдағы уақытта көкпар тартатын жастардың қатары көбейеді деген сенімдемін,-дейді Жансейіт Мәжитұлы.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ