«Ер есімі – ел есінде».
Ұлы Отан соғысының отты жылдарында майдан даласында мерт болған жауынгерлер ерлігін есте сақтау - бүгінгі ұрпақ парызы. Осы орайда Талдыкөл ауылында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Мәні де, маңызы да зор кешке ауыл тұрғындары, тыл еңбеккерлері, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталып, Жеңіс туы желбірегеніне 75 жыл толды. Сан мыңдаған боздақтарымыз майдан түбінде жанқиярлықпен қаза тапты. Сондай-ақ ерен ерлігімен ерекше көзге түсіп, кеудесін орден, медальға толтырып елге оралғандар да болды.
Орталық саябақта орын тепкен ескерткіштің ашылу салтанатының алғашқы құттықтау сөзін алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Н.Аруев талдыкөлдіктерді құттықтап, ауылдың сәнін келтірген нысанның игілігін көруін тіледі. Кейін сөз Бейбарыс ауылдық округінің әкімі М.Сәрсенғалиев, Талдыкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Сүндетовтерге берілді. Ауыл әкімі ескерткіштің ашылуымен құттықтай отырып, алдағы жоспарларымен бөліссе, ауыл ақсақалы өзінің көрген-білгенін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, елді жайлаған індеттен амандықпен құтылуды тіледі. Кезек ескерткіштің лентасын қию және гүл шоқтарын қою рәсіміне келді. Бұл құрметке бөлену бақыты Жұмажан ақсақал мен Нұрғали Латифұлына бұйырды. Ауыл тұрғындары да өз ризашылықтарын білдіріп, осы жұмыстың басы-қасында жүрген жандардың бәріне алғыстарын жеткізді.
«Ескерткіш тақтада қашалып жазылған боздақтардың есімін жинақтауда Талдыкөл орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Ханшайым Аманованың еңбегі зор» ,- дейді жерлестері.
- Бұл ескерткіштің ашылуына мұрындық болған Ханшайым Бақытқызы көп жылғы зерттеу жұмыстарын жинақтау нәтижесінде майдан даласынан оралмаған ауылымыздың боздақтарының тізімін шығаруда көп еңбегін сіңірді. Әлі де жұмыстар жүргізілуде. Ол кісіге деген ұрпақтарының алғысы шексіз. Ал жалпы 1941-1945 жылдары Талдыкөл және көршілес жатқан елді мекендерден қан майданға аттанған 500-ге жуық жауынгердің 201-і елге оралмаған. Сол боздақтарымызға арналған ескерткішті олардың ұрпақтары және Талдыкөл ауылының тұрғындары көптен бері сұрап жүрген еді. Міне, биылғы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында әрі ауылдарды дамыту бағдарламаларының жүзеге асыру барысында керемет ескерткіш тақта ашылып отыр. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдігіне рахметімізді айтамыз. Олар да осы шараны өткізіп, келешекке тарихи нысан ретінде қалуына септігін тигізуде. Ерлеріміздің ерлігі мәңгілік есте қалуы керек деп есептейміз,- деді ауыл тұрғыны, тарих пәні мұғалімі Мұстахи Мақсотұлы.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген керемет нақыл сөзді берік ұстанған Талдыкөл ауылының тұрғындары, шараға қатысушылар боздақтарға арналған ескерткіштің ашылуынан кейін саябаққа жас көшеттер отырғызды. Бұл да болашақ ұрпаққа қалдырған аманат.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ