Жұрт тағы дәрі іздеп сенделмей ме?
Әлемнің кейбір елдерінде коронавирустың екінші толқыны басталып кеткені бізге дайындықты күшейтуге бірден-бір себеп. Елдегі тұрақты ахуалға қарамастан, бұрын жіберілген қателіктен сабақ алып, екінші толқынды мейлінше оңай еңсеру – Мемлекет басшысының басты тапсырмасы.
Алда тағы не болып кетер деген үрей де, біріншісін жеңсек, келесісін де өткерерміз деген үміт те жоқ емес. Жанға бататыны, жаңа толқынның балаларға тиетіні деген сыбыстың көбейе түскені. Халықтың дайындығы іштей моралдық және иммундық жүйесін жақсартумен байланысты болып тұр. Бұл ретте бұрынғыдан сабақ алған аудандық орталық аурухананың әзірлігін білмек үшін «Атырау адалдық алаңы» Махамбет аудандық жобалық кеңсе өкілі мен аудандық әкімдік жанынан құрылған мониторингтік топпен бірге арнайы ат басын бұрған едік.
Бізді орталық аурухана басшысының орынбасары Алмагүл Гайдарқызы күтіп алып, коронавирустың екінші толқыны болған жағдайда, індеттің алдын алу үшін ауруханада қарқынды жұмыстар жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Аудандық аурухана басшысының орынбасары Алмагүл Гайдарқызы Қазіргі уақытта пневмониямен ауырған науқастарға емдік препараттар ретінде Улкарил,Зитуак дәрілері жеткілікті. Сондай-ақ, дәрі-дәрмекке «СК-Фармация» ЖШС-не тағы қосымша дәрілерге тапсырыс берілгенін тілге тиек етті. Қазіргі уақытта антибиотиктердің 2 айға, емдік препараттардың 1 айлық қоры бар.Сонымен қатар, қазіргі уақытта ИВЛ аппаратынан 7, оттегі концентрантынан 34 аппарат бар екендігін жеткізді.
Аудандық емханадан шыққан соң мониторинг топпен бірге Таңдай ауылдық округіндегі дәріханаға да ат басын тіреген болатынбыз. Дәріхана қызметкері індеттің алғашқы кезеңінде ауылда дәрі-дәрмек жеткілікті болғанын екінші кезеңінде де жеткілікті болатындығын жеткізді. Соңғы уақытта аймақта науқастардың тіркелуі азайды. Дегенмен, екінші толқынның болуы мүмкін екенін ескеріп, осы бастан дайындық жұмыстарының жүргізілуі заңдылық. Жасалып жатырған жұмыстар соның айқын айғағы.
Қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы тексеріспен келген Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері дайындыққа оң бағасын берген. Аудан күздегі толқынға толығымен дайын болса да, мамандар тұрғындарды босаңсып кетпеуге шақырды.
А.СИРАШ,
«Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің аудандағы өкілі