Ел екпеден неге бас тартады?

Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында медициналық мекемелердің мамандарымен «Екпе деген не? Ол не үшін керек?» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Сондай-ақ шараға аудандық емхана, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдері, «Исатай-Махамбет» орталық мешітінің бас имамы, аудан әкімі аппараты, учаскелік полиция инспекторы, ақпараттық-талдау орталығының мамандары, мектеп мұғалімдері қатысты.

Дөңгелек үстелді Махамбет ауылдық округінің әкімі Б.Мыңбаев ашты. Ол елімізде таралған індетке байланысты округте тұмауға қарсы екпе салу жүріп жатқанын, кей тұрғындар сенімсіздік танытып, екпені алмай жатқанын тілге тиек етті. Махамбет аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары А.Гайдарқызы ел-жұртты вакцинациялау барысына тоқталды. Оның ішінде 21 ата-ана баласына екпе салдырудан бас тартқанын, көбі діни көзқарастағы ата-аналар екенін айта кетті. Махамбет ауылынан бір жасқа дейінгі балалардан екпені 40-50 пайызы, атап айтқанда, 377 бала алғанын, тұмауға қарсы екпені 3000 адам алуы тиіс болса, оны тек 2706 адам екпе алғанын, жоспар 70,4 пайыз орындалғанын еске салды.

- Көп ата-аналар туған баласына тек перзентханадан алатын екі екпесін ғана алады. Квотамен емделуге баратын адамдар да екпесін алады, себебі, ол жақта екпесіз қабылдамайтынын біледі. Жалпы арнайы дайындалған вакцина енгізу – ағзаны аурудан қорғайды. Бірақ халық медицина қызметкерлеріне емес, көбіне интернеттегі түрлі ақпарат көздеріне сенім артады. Арамызда «екпеден сал болып қалады» деп ойлайтындар да бар. Екпе алмаса да сал болып қалатындар барын түсіне бермейді. Қажылыққа аттанатындар да міндетті түрде екпесін салдыртады. Кей ата-аналар баласына екпе салдыртуға келісім, қолхат бермейді. Ал интернетке, біреудің айтқанына имандай сенгіш. Қызылша, оба, тырысқаққа да екпе салдыртады, - деді А.Гайдарқызы.

Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Г.Ажигалиева да бас дәрігердің айтқанын қостады.

- Осы жылдың шілде айында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекс шықты. Онда екпе салу міндетті және ерікті болып бөлінеді. Жоспарлы профилактикалық екпелерді алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу, мектепке дейінгі ұйымдағы ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткен кезде ғана жүзеге асырылады. Медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ жеке тұлғалар тізбеге сәйкес эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпеге жатады. Міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесіне кірмейтін екпелерді жүргізу ерікті болып табылады және ақылы негізде жүзеге асырылады. Эпидемия алдындағы кезеңде тұмауға қарсы медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда медбақылауға жататын балалар, жиі ауыратын балалар, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлерінің балалары, медәлеуметтік ұйымдардың қызметалушылары, жүктіліктің 2-3 триместріндегі жүкті әйелдер, жүрек-қантамырлық жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар адамдарға тегін екпе жүргізілуде,-деді Г.Бақтыбайқызы.

din-14-1020

«Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы Е.Иманғалиев екпе салдырудың өзі уайымдайтын мәселе екенін, салатын екпенің құрамын халыққа кеңінен таныстыру керектігін қаперледі. Бас имам өз отбасында үш бала тәрбиелеп отырғанын, өзінен бастап бәріне екпе салдыртатынын айтты. Сондай-ақ ол басқосуларға ата-аналарды да міндетті түрде қатыстыруды, екпе жасау тек дәрігерлерге ғана жүктелетінін, бейнероликтерді қолдануды, қай аурудың да алдын алуға тырысу керектігін қосты. Өзі шетелге шыққанда ақылы түрде екпе салдыртқанын, ол ауру-сырқаудан сақтану үшін қажет екенін меңзеді. Махамбет ауылдық округінің бөлім меңгерушісі Б.Сисенова намазхандар екпе салдыруға мүлдем жоламайтынын, олармен жүйелі жұмыс жүргізе алмай отырғанын еске салды.

Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі О.Гарифуллина бүгінде екпеге деген көзқарас әртүрлі екенін, көбі оны салдырудан қашатынын, әсіресе, шетелден келген вакцинаға көңілде күдік ұялайтынын, көбі «өз елімізде неге шықпайды?»-деп жататынын, екпені пайдалану жағын дұрыс түсіндірсе, көп жұртшылық оны біреудің жеке бизнесі деп ойлайтынын, ерікті екпе дегесін халық одан бас тартып жатқанын айтты.

Ал Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің мұғалімі Т.Пангерей ата-аналарға «Zoom» қосымшасы арқылы конференция ұйымдастыруды ұсынды. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, жұмылдыру даярлығы және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің бас маманы Г.Төлегенова да өз пікірін қосып, жат діни көзқарастағы адамдармен жұмыс жасайтынын, тізім берілсе, екпе салдыртуға көмектесетінін айтып, бірігіп жұмыс жасаса, үлкен нәтиже шығарына сендірді.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT