Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізуге міндеттелді. Тоқсан сайын халықпен кездесу ұйымдастыру бойынша аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев Махамбет ауылдық округі тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді. Аудан әкімінің сөзінше, «Мерей» мөлтек ауданына электр желілерінің құрылысын салу жобасына жергілікті бюджет есебінен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталды.
– Қазіргі таңда Махамбет ауылында 60 пәтерлік көпқабатты бір тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Тұрғын үйлердің аумағын абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымдар жүргізу жобасы бойынша облыстық бюджет қаражаты есебінен – 21 800,0 мың теңге, Ұлттық қор трансферттері есебінен 196 287,0 мың теңге қаралды. Бұдан бөлек, тағы 60 пәтерлік үш тұрғын үйдің жобасы жасақталуда. Махамбет ауылының 4,5 шақырым Жайық өзенінің жағасын бекіту жұмыстары басталып, қазіргі уақытта жұмыстар жалғасуда. Осы жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Былтыр аудандық бюджет есебінен ауыл ішінде 300 шаршы метрді құрайтын 9 жерден шұңқырлық жөндеу жұмыстарына 9111,2 мың теңге қаржы қаралып, 450 шаршы метр асфальт жөнделді. Ауылішілік жол құрылысын, жаяу жүргіншілер жолдарын салуға екі кезеңге бөлінген жобалы-сметалық құжаттары жасақталды. Жол құрылысын бастауға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, осы жылы құрылысын жүргізу жоспарлануда,- деді аудан әкімі.
«Өңiрлердi дамытудың 2025 жылға дейiнгi» бағдарламасы шеңберiнде өңiрлердi экономикалық дамытуға жәрдемдесу бойынша шараларды іске асыру бюджеттік бағдарламасы бойынша 2023 жылға 15 254,0 мың теңге жоспарланып, «Жайық шұғыласы» газетінің 50 жылдығы» атындағы көше, Жаңа ауылда орналасқан балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құжаттары конкурсқа берілді. «Самал» мөлтек ауданы, А.Оңайбаев көшесін толықтай асфальттау бойынша сұрақ бұған дейінгі есептік кездесулерде айтылып жүрген-ді. Аудан әкімі аталған көшеге жол құрылысын салу үшін 11 269 шақырымға екінші кезеңге жасақталған жобалық-сметалық құжаттары сараптамадан оң қорытындысын алғандығын айтты. Ипотекалық негізде салынған 80 үй орналасқан «Шұғыла» мөлтекауданының ішкі жолын кеңейтуге және жөндеуге ЖСҚ жасақталмақ.
Өткен жылы «Махамбет-Сарытоғай-Махамбет» бағытында жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған болатын. Аталған маршрутты субсидиялауға 23 000,0 мың теңге қарастырылған. Бұған қоса Махамбет ауылына өз алдына қосымша маршрут ұйымдастыруға конкурс жарияланды. Жиын барысында тұрғындар аудан әкіміне бірқатар ұсыныстарын айтты. Ұсыныстардың басым көпшілігі ауылішілік автокөлік жолдарының құрылысы, бұралқы иттердің көбеюі, ойын алаңдарының жағдайы және орталықтандырылған кәріз жүйесін салу секілді мәселелерге қатысты болды.
– Иесіз, бос жүрген ит-мысықтарды аулап, жою жұмыстары аудандық ветстансасының мал дәрігері мамандары жүзеге асырылып келген болатын. «ҚР Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңына сәйкес жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру жұмыстарын дара кәсіпкерлер немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыруы көзделген. Бұралқы иттердің санын реттеу мақсатында улы заттарды химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілмен жансыздандыру арқылы реттеуге тыйым салынған,- деді Қ.Нұрлыбаев.
Тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселеге қатысты аудан әкімі түсінік беріп, жиын хаттамасына тапсырмалар енгізіп, жауапты органдарға орындалысын бақылауға алуды тапсырды. Тапсырмалардың орындалысы туралы ақпаратты Махамбет ауданы әкімдігінің фейсбук, инстаграм желісіндегі ресми парақшалары арқылы танысуға болады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ