Ағымдағы жылдың аясында елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жарияланды. Президенттің бастамасымен қолға алынған шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысып, қолдаушылар саны күн санап артып келеді. Қоршаған ортаны, табиғатты таза ұстау әр адамның азаматтық борышы. Бүгінде әлемнің дамыған елдері тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісін қолданып, экологиялық апаттардың алдын алуға тырысып жатыр. Бірі полиэтилен пакеттерден бас тартып, экопакеттерге, себеттерге көшсе, енді бірі пластик құтыларды шыныға айырбастауда. Бірақ бұл да аздық етуде.
«Тазалық табалдырықтан» басталады деп бұрын үлкендер жиі айтатын. Расында, әр үйдің ауласы, көшесінің қасбетінен тиянақтылық пен тазалықтың деңгейі көрініп-ақ тұрады. Ал, қоғамдық орындардағы тазалық сақтау мәдениеті, өкінішке орай, бізге жат дүние болып барады. Арнайы қоқыс жәшіктері көбейген сайын ауыл ішінде, көше бойында шашылған тұрмыстық қалдықтан көз ашпай келеміз. Осы бір ғана Махамбет ауылының ішкі, сыртқы тазалық жұмыстарына қанша мекеме жұмылдырылып жатыр. Алайда күні бүгінге дейін жәшік сыртына төгіліп, лық толып тұратын қоқыстың деңгейі азаяр емес.
Тазалыққа қатысты түйткілді мәселе ауданда бары анық. Алайда жауапты мамандар мұны шешудің жолын тапты ма? Сенбі күні өткен сенбілікте қай мекемелер төбе көрсетпеді? Ауылішілік тазалық жұмыстарына жауапты мердігердің жеке кәсіпкелерге айтар шағымы қандай? 60 үйлік пәтердің тұрғындары не себепті балалардың қауіпсіздігіне алаңдап отыр? Жас- тар саябағына биыл жөндеу жұмыстары жасала ма? Жасыл белдеудің жайы енді не болмақ? Осы сынды өзекті сұрақтарға біз оқырман үшін жауаптылардан жауап іздеп көрдік.
«Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясының аясында екі апта бойы махамбеттіктер, оның ішінде, ауылдық округ мекемелері де жаппай сенбілікке шықты. Әр тұрғынды өзінің үй-жайының аумағын тазалауға шақырсақ, мекеме қызметкерлері Жас тар саябағы мен Г.Канцев атындағы саябақты тазартуға жұмылдырылды. Алайда, Жастар саябағына бөлінген 25 мекеменің тоғызы, яғни бірқатар үлкен ұжымдар сенбілікте бой көрсетпеді. Осы ретте ауыл тазалығына атсалыспайтын ұжымдарда үгіт-насихат жұмыстары жеткілікті дәрежеде жүргізілмейтіні көрінді. Бұл, әлбетте, басшылыққа сын.
Үйдегі ұл-қызымызды тазалыққа тәрбиелейміз, ал үлкендерді қалай тәртіпке саламыз? Бір жылдан астам уақыт мемлекеттік сатып алу шартымен ауылішілік тазалық жұмыстарын атқарып отырған Артур Иманалиннің де айтар өз уәжі бар.
–Бүгінде бір ғана Махамбет ауылы бойынша 100-ден астам қоқыс жәшігі орнатылған. Жуырда тағы да жаңадан тұрмыстық қалдықтар салуға арналған контейнерлер пайдалануға беріледі. Біздің техникамыз бен мамандарымыз аптаның алты күнінде қалдықтарды шығарып отыр. Бір ғана жексенбі күні демалыс кезінде тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың қосылған қоқысы тау болып қалады. Қанша рет ескерту жасап, айыппұл салдырсақ та кейбір тұрғындар есік, терезе сынды құрылыс қалдықтарын, малдың нәжісіне дейін әкеліп салып кетеді. Сонымен қатар дүкен иелері, жеке кәсіпкерлер өз аумағына қоқыс жәшігін қойдырып, ақылы тазартуға әлі күнге дейін ауыспай отыр. Олар да тұрғындарға арналған қоқыс жәшіктерін қосыла пайдалануда. Осы мәселенің бір шешімі табылса,-дейді кәсіпкер.
Жуырда әлеуметтік желі арқылы ауылымыздағы 60 үйлік пәтердің тұрғыны жергілікті әкімдікке, жауаптыларға үндеу жасаған еді. «Ас бөлменің терезесіне жақын орналасқан кәріз суының құдығы үнемі толып, тіпті тасып жатады. Бетіндегі қақпағы да осал тұр. Осы лас суға кішкентай балалар да келіп ойнағанын көреміз. Ал абайсызда қақпақты басып, құдыққа бала түсіп кетсе, немесе түрлі инфекциялық аурулар жұқтырса, кім жауапты болмақ? Неге әкімдік мамандары біздің осы жанайқайымызды естімейді?» - деп парақшасында үндеу жасаған тұрғынмен біз хабарласып, мән-жайды білген едік. Расында, күннің ыстығында қолаңсаны кептіретін өткір иіс терезе ашуға мүмкіндік бермейді. Ал құдықтың айналасы сөгіліп, қақпағы орнынан жылжыған.
Бұл мәселенге орай аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сырымбет Кенжебаев мынадай пікір білдірді:
–Бұл мәселеден біз толықтай хабардармыз. Күні бүгінде «Акватория Ақтөбе» мекемесімен келісімшарт жасалып, құны 12 млн теңге тұратын жаңа құрылғыны алғашқы болып, пайдалануға берілген 60 пәтерлі үйге орнаттық. Жай серіктестік құрып, осы пәтерлерге қызмет көрсетіп отырған кәсіпкердің өзі құрылғының қуаттылығын бағалап отыр. Енді оны басқаруды толықтай автоматтандыруға ауыстырсақ, кәріз сулары уақытымен кететін болады. Ескі қондырғының істен шығуына байланысты осындай қиындықтар туындағанын білеміз. Ал қауіпті құдық қақпақтарын мамандарға ескертіп, бекітетін боламыз.
Бөлім басшысының бұл жауабын әлбетте біз де назардан тыс қалдырмаймыз. Бірақ көп қабатты үйлердегі орталықтандырылған кәріз жүйесінің бұзылуына кейде тұрғындар да өз «үлесін» қосып жатады. Тұрмыстық қатты қалдықтарды ағызу кәріз суы жолдарының бітелуіне әкеп соқтыратынын ескермей, бір адамның салғырттығы бір үйдің тұрғындарына қолайсыздық жасайды.
Көпшілікті алаңдататын тағы бір мәселе – ауыл ішіндегі саябақтарды көгалдандыру, жөндеу жұмыстары. Бұл туралы Махамбет ауылдық округінің әкімі Нұрлан Сапаровтан сұрап білдік.
Биылғы жылға Махамбет ауылдық округіне қарасты саябақтар мен жасыл белдеудің көгалдандыру жұмыстарына 7 млн 500 мың теңге бөлініп отыр. Аймақтағы төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік сатып алу конкурсы кеш жарияланды. Әзірге жеңімпаз анықталмады. Ал жастар саябағына биыл ауылдық округ арқылы жөндеу жұмыстары жасалады. Оның ішінде сахнаны, ескерткіш тақталарды, субұрқақ пен гүлзарды қалпына келтіру де қамтылмақ, -деді ауыл әкімі өз сөзінде.
Жайқалып тұрған ағашы бүгінде жабайы тоғайға айналған жасыл белдеудің жайына тоқталсақ, оны да конкурс арқылы жеңген кәсіпкер өз күтіміне алуы керек. Бірақ, жасыл белдеудің аумағы тым үлкен, әрі тұрғындар ескертуге қарамастан, ішіне мал кіргізуді қояр емес. Осы ретте оның тазалығына жауаптыларды тұрғындар арасынан тағайындасақ деген ұсыныс та айтылып жүр екен. Оның қаншалықты нәтижелі боларын уақыт көрсетеді. Бірақ, бір кездері ауыл жанашырларының жасап кеткен игілігін, тірі табиғатты осындай дамыған заманда уақытылы сумен қамтып, арам шөбін тазартып тұруға жағдай жасай алмайтынымыз қынжылтады.
Сенбі күнгі сенбілікте тоғыз мекеме қатыспаса да, Тойған апай бастаған аудандық аналар кеңесі, №2 облыстық мектеп-интернатының қызметкерлері балалар ойын алаңының айналасын мұнтаздай етіп, тазалап шықты. Күннің ыстығына қарамастан қолдарына күрек пен кетпен ұстаған аналар балалардың таза жерде ойнауы үшін барын салды.
Қай кезде де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзі басқарған мекеме ауласын, үй- жайын жасыл желекке толтыратын Тойған Сариева тазалықты тұрғындардан талап ету керек деп санайды.
–Ауылымыздағы кейбір үйлердің аумағы тікенек шөптен көрінбейді. Балалардың емін-еркін, алаңсыз ойыны үшін ең болмаса өз ауласын тазаламайтын ата-анаға таң қаламын. Тазалықты үйде де, түзде де талап ету баланы еңбекке баулудың таптырмас құралы , қоршаған ортаға құрмет көрсетудің, мәдениеттің белгісі емес пе? Біз де бүгін, міне, кәрі-жас деп бөлінбей, «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, ауылымыздың тазалығына үлесімізді қосып жатырмыз. Өкінішке орай, қазір балалар ойын алаңы қоқыс алаңына айналып барады. Бала көргенін қайталайды, біздің айнамыз. Сондықтан үлкендердің кішіге үлгі болатын осындай бастамаларды жалғастыра бергені дұрыс,-дейді зейнеткер.
Түйін:
Расында, қоғамда тазалықты талап ету ғана жақсы нәтижеге жеткізері сөзсіз. Мемлекеттің бөлген қаржысынан қарымта күтпей, әркім өз шағын мемлекетінің маңын таза ұстаса да үлкен нәтиже болар еді. Таяқтың екі ұшы секілді мәселенің де екі жағы бар. Тұрғындар саябақта серуендеуді ұнатады, бірақ қарапайым тазалық шарттарын сақтамайды. Ең сорақысы сол - жастарымыз мародерлық әрекетін азайтар емес. Жастар саябағындағы «Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеген жауынгерлердің құрметіне» ашылған ескерткіштің жарық шамдарын осымен бірнеше рет сындырды. Ерліктің естелігін ескермейтін, жат жерде борышын қанмен өтегендерге құрмет көрсете алмайтын сорақылардың бет бейнесін ендігі жерде халық тануы керек. Бүгінде саябақтағы бақылау камералары істен шығып тұр. Бірақ, алдағы уақытта оны қайта қосып, қоғамдық орынның мәдениетінен мақрұмдарды жазалау мәселесіне біз де ат салысатын боламыз.
А.САТАЕВА