Қос дөңгелекті қауіп: мопед, скутер...

 Мопед атты «дырылдақты» тізгіндегендер кептелісте немесе бағдаршамның қызыл түсіне тоқтап тұрған көліктердің арасындағы бос кеңістікпен зу-зу өтіп, кетіп барады. Байқаусызда айнаңызға не есігіңізге зияны тиіп кетуі де мүмкін. Бір уақытта қызыл түстің жанып тұрғанына қарамастан алдыңды орап, кетіп бара жататынын да көзіміз шалды. Жалпы мопед, скутер де­ген не нәрсе? Елімізде мұндай көлік түрлерінің көбеюіне не себеп болды? Оларға қойылатын талап, ереже бұзған жағдайда салынатын айыппұл мөлшері қандай?

МОПЕД ДЕГЕН НЕ?

Пандемияның уақытында, яғни осыдан 4-5 жыл бұрын Қазақстанда жеткізу қызметі үлкен сұранысқа ие болған шақта мопед мінетіндердің саны артқан еді. Кейде қос дөңгелекті көлік тізгіндегендердің көбі жол ережесінің өздеріне де қатысы барын білмейтіндей көрінеді. Бірақ, ол көліктің бәрі мопед боп саналмайды. Жол ережесінде оның нақты анықтамасы бар: «Мопед – көлемi 50 текше см-ден аспай­тын мотормен қозғалысқа келетiн екi немесе үш дөңгелектi және ең жоғары конструктивтi жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын көлiк құралы. Мопедтерге аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мо­киктер және осындай сипаттағы басқа көлiк құралдары жатады». Мопедке қатысты негізгі ережелер ҚР ЖҚЕ-нің 16 және 24-бөлімінде көрсетілген.

Ал скутер деп қуаты 0.25 кВт-тан көп және 4 кВт-тан аз, жылдамдығы 25 км/ сағ асатын, бірақ 50 км/сағ жетпейтін электрлі қозғалтқышы бар көлікті айтады. Қуаты және жылдамдық сипаттамасы жоғары электрлі тех­ника электромотоцикл болды. Аудан тұрғындарының бірі Алмагүл Ары­сова (аты-жөні өзгертілген) көшеде жылдамдықты асыра айдайтын мопед пен самокат тізгіндеушілердің қатарынан жасөспірімдерді жиі байқайтынын айтады.

– Бір-бірімен жарысып, құйындай зымырауға әуес жүргізушілердің іс-әрекеті өзіне де, өзгеге де қауіп ту­дыруы ықтимал. Қазір қай-қай жерде де мопед, самокаттың қатысуымен орын алған небір жағдайларды естіп, көріп отырмыз. Сан түрлі жайсыз жағдайлардан кейін балаларымның өміріне алаңдаймын. Өзі жұмыс істеп, ақша тауып, сатып алған мопедімен нәпақасын тауып жүрген балам сол мопедімен жол апатына түсті. Кінәлі автокөлік иесі өтемақысын төлегенімен, баламның денсаулығына залалын келтіріп, қазір ем алып жатыр. Ал мопеді айып тұрағына қойылды. Абырой болғанда бір апта көлемінде аяғына тұрды. Барша мопед, самокат иелерін сақ болуға шақырамын,-дейді ауыл тұрғыны.

Жол ережесінің 24-бөлімі, 1-тармағында мопедті тек 16 жасқа толған адамдар жүргізе алатыны жазылған. Мопедпен қоғамдық көлікке арналған жолақты қоса алғанда, жүргін бөліктің оң жақ шетімен жүруге рұқсат беріледі. Бұл тек веложолақ болмаған жағдайда ғана, себебі, мопедшілер ве­лосипед жолағымен қозғалуға міндетті. Тротуар мен жол жиегінде мопедпен қозғалуға тыйым салынған. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан мопед мініп өтуге болмай­ды. Бұл ережені бұзғандар 15 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Автома­гистральге шығуға да рұқсат жоқ. Ол жөнінде жол ережесінің 16-бөлімінде жазылған.

Мопед мінген азаматтарға қатысты шектеу қозғалуға болмайтын жерді сипаттаумен ғана аяқталмайды. Оған қоса:

ең болмаса бір қолмен рөлді ұстамай қозғалуға;

жолаушы тасымалдауға;

ұзындығы мен ені бойынша 50 см- ден артық шығып тұратын және көлік басқаруға кедергі келтіретін жүк тасуға;

трамвай жүретін жолдарда не бір бағытта қозғалуға арналған бірден көп жолағы бар көшелерде солға не кері бұрылуға;

велосипед не мопедпен сүйреуге рұқсат берілген тіркемеден басқа тіркемелерді және өзге велосипед не мопедті сүйреуге тыйым салынады.

ӨЗБЕКСТАНДА МОПЕДТЕРГЕ НӨМІР БЕРІЛЕ БАСТАДЫ

Жуырда Өзбекстанда мопед пен скутерді тіркеу қолға алынды. Мемлекеттік нөмір форматын, сондай- ақ жол ережесіне жаңа терминология бекітетін түзетулер қабылданды. Өзбекстан да Қазақстандағыдай жол ережесін елемейтін мопед жүргізушілерінің көбейгеніне назар аударды.

Наурызда Өзбекстан Ішкі істер министрлігі мұндай көлікті міндетті тіркеуді қарастыратын құжат жобасын жариялады, ал жақында жол ережесіне мопед пен скутер үшін мемлекеттік нөмірдің жеке категориясын, сондай- ақ бірқатар жаңа және қайта қаралған терминді енгізетін түзетулер бекітілді.

Мопед пен скутердегі нөмір мотоциклдегі белгіге ұқсас болады. Яғни 220 × 170 мм өлшемдегі тақта, бірақ байктерде жоғарғы қатарда үш сан және төменгі қатарда екі әріп болса, жаңа форматта әріптер де үшеу болады. Скутерлерде аймақ коды жасыл түспен боялады, бұл күштік құрылымы электрлі дегенді білдіреді. Мотокөлікті тіркеу мерзімі 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жүргізіледі. Жаңа жылдан бастап нөмірсіз жолға шығуға болмайды.

Құжатта жеке мобильділік құралының жылдамдығын шектеу бойынша түзетулер және ең төменгі жас шегі де көрсетілген: тротуарда 10 км/сағ, жүріс бөлігінде 20 км/сағ. Мысалы, жеке мобильділік құралын 14 жасқа толмағандарға басқаруға тыйым салынады. Жеке мобильділік құрал және мопед пен скутердің қозғалысын шектейтін жеке тармақпен екі жаңа белгі енгізіледі.

НӨМІРСІЗ МОПЕДТІ ТІРКЕУ ЖОЛДАРЫ

Kolesa.kz сайты АҚШ-та тіркелмеген мототехника мәселесін шешудің қызық тәсілі табылды. Қазақстанда көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі қозғалтқышы бар мопед тіркелмесе, АҚШ-та атап айтқанда Нью-Йорк штатында тіпті кіші кубты техника да нөмірмен жүруі керек, ал оны басқаратын адам жүргізуші куәлігін алуы қажет.

Бұрын мототехника сатушылары мопедті еркін сататын, ал көлікті тіркеу міндеті сатып алушыға жүктелетін еді. Енді жағдай түбегейлі өзгерді. Штат губернаторы Кэти Хокул мототехника­ны тіркеуге дилерлерге міндеттелетін заңға қол қойды. Яғни клиент техника­ны нөмірмен бірге сатып алады.

Заң мототехниканы тіркеумен шектеліп қана қоймады. Ол электрлі велосипед, электросамокат және т.б. жаңа көлік түрлерінің апат статистика­сын жинауды ұйымдастыруды, осын­дай техниканы қауіпсіз пайдалануға қатысты онлайн ресурстарды іске қосуды, парамедикке арналған тренингтерді, жаяу жүргіншіні өткізу және бағдаршам сигналы сияқты жол ережесінің негізгі талаптары бар стикерді мопед пен электроскутерге жапсыруды және басқа да бастамалар­ды қамтиды.

ЖАҚЫНДА ЖАҒДАЙ ӨЗГЕРЕДІ

Қазақстанда жол ережесі өзгеріп, мопед міну үшін жүргізуші куәлігін алуды міндеттейтін заң жобасын мәжілісмендер екінші оқылымда мақұлдап, Сенат қарауына жіберді. Со­дан кейін ол Президентке жолданады және өзгерістер күшіне енгенін күту үшін тағы жарты жыл кетеді. Осылайша мопед тіркеу 2025 жылдың көктемінде басталады. Тәртіп сақшылары мопедтің қозғалтқыш көлемі 50 кубтан асады деп күдіктенсе, айыппұл тұрағына жібермей, каталогтар немесе басқа тәсілдер арқылы тексеріп, дәлелдеуі керек.

Жаңа талап күшіне енген соң мотор көлемі 50 куб болатын скутер жүргізу үшін де А1 санатты куәлік алу керек болады. Қарапайым A1 санаты қозғалтқыш көлемі 125 см-ге дейінгі мототехниканы жүргізуге мүмкіндік береді, ал А санатты куәлікпен кез келген мотоциклді басқаруға болады. Жаңа ережеге сай, егер азаматта В немесе С санатты куәлік болса, ол А1 категориясына автоматты түрде ие болады.

Қазақстандық kolesa.kz сайты мынадай лайфхак ұсыныпты: «Егер қозғалтқыш көлемі 125 кубтан асатын техника жүргізбейтін болсаңыз әрі басқа санатты куәлігіңіз болмаса, онда B категориясын алуға кеңес береміз. Бұл бір оқпен екі қоян атқанмен бірдей. Бірақ мотоцикл мектебіне барып, екі дөңгелекті көлік жүргізу бойынша практикалық курстан өткен жөн».

Заңда мопед жүргізушісінде меншік құқығын растайтын құжат болуға тиіс деп жазылмаған. Оның қолында дүкеннен сатып алған кездегі түбіртек қана болуы мүмкін. Қолдан сатып алған жағдайда ешқандай келісімшарт жасаудың қажеті жоқ. Бұл хабарлан­дыру арқылы велосипед немесе шкаф сатып алғанмен тең. Билік мопедті барлығына құжат беру және рама­сында нөмірі жоқтарға нөмір беру үшін заңдастыруды көздеп отыр. По­лиция құжаты жоқ мопед жүргізушісін тоқтатып, техника ұрланған не ұрланбағанын және іздеудегі мопедке ұқсаса ғана рамадағы нөмірін тексере алады.

ТҮСІНІК ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Ауданда да скутер, мопед және электроскутер сияқты көлік түрлері халық арасында қең қолданыста. Полицейлер екі дөңгелекті көлік құралдарын қауіпсіз жүргізу және олардың жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Апаттылықтың алдын алу мақсатында шағын көлік құралдары жүргізушілерінің тәртібіне күшейтілген бақылау енгізілді. По­лиция бөлімі осы қозғалыс құралдарын пайдаланушыларға көлік жүргізудің қауіптілігі туралы және жолда жүру ережелерін сақтау керектігін еске салады. Полицияның мәліметінше, 16 жасқа толмаған балалардың скутер және электросамокат тізгіндеуіне рұқсат жоқ

– Биыл қаңтар айынан бері алты ай ішінде ауданда 6 жол-көлік қозғалысы тіркелді. Салдарынан бір адам қайтыс болып, 7 адам жарақат алды. Жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, бірнеше мәрте түсінік жұмысы жүргізілгеніне қарамастан, үй жануарларының қатысуымен екі жол- көлік оқиғасы тіркелген. Оқиғалардың көпшілігі «Атырау-Орал», «Атырау- Индер» тасжолында орын алған. Патрульдік полиция бөліністері елді мекендердің жолдарында қозғалыс қауіпсіздігін нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды сұраймыз. Екі дөңгелекті көліктің жүргізушілері маневр жасағанда, бұрылғанда, басқа жолаққа ауысқанда, жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін көрінетін белгілерді көрсетуі тиіс. Ал ереже бұзғандарға заңнамамен айыппұл қарастырылған. Жүргізуші де, жолаушысы да шлем киюі тиіс, -дейді аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Нұрлыбек Кенжеғұлов.

Мопед тізгіндегендердің тәртіпке бағынғысы жоқ. Жыл басынан бері об­лыста мопед пен скутердің қатысуымен 600-ден астам құқық бұзушылық тіркелді. 106 жол-көлік оқиғасы орын алса, 5 адам қаза тапқан. Өткен аптада атыраулық полицейлер мопедтердің қатысуымен 73 құқық бұзушылықты анықтап, ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бой­ынша әкімшілік хаттама толтырды.

ТҮЙІНДЕЙ АЙТСАҚ, БАЛАСЫНЫҢ АЙТҚАНЫН ІСТЕЙТІН АТА-АНАЛАРДЫҢ ДА ЖАУАПКЕРШІЛІГІН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕСІ ҚОЛҒА АЛЫНУЫ КЕРЕК СЕКІЛДІ. ОҢ-СОЛЫН БІЛМЕЙТІН ЖЕЛІКПЕ ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚОЛЫНА ТІЗГІН ТИГЕН СОҢ МАҚТАНЫП, ЖЕЛІГІП, ҚЫЗЫҚ ҮШІН ҚАТТЫ ЖҮРІП, ӨЗДЕРІНІҢ ӨЗГЕЛЕРДЕН АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫН КӨРСЕТУ ҮШІН ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЕРЕЖЕЛЕРІНЕ АТҮСТІ ҚАРАЙТЫНЫ ДА ЕСКЕРІЛУІ КЕРЕК. СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ, ОҚЫРМАН?

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT