Талантын табысқа айналдырған Амангүл

Киіз басып, сырмақ сыру, ою ойып, көрпе тігу – қазақтың ұлттық қолөнері.

Осы ұлттық өнерді кәсібіне айналдырып, қайта жандандырып жүрген қыз-келіншектер бүгінде аз емес. Солардың бірі – махамбеттік Амангүл Жұмағұлова. Ол 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бағдарламасы шеңберінде 2 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз қаражатқа ие болып, жүн өңдеу цехын іске қосты. Шаруа қожалықтардан қоқысқа шыққан мал жүндерін құрылғы арқылы түтіп, көрпе-көпшік жасап, табыс тауып отырған кәсіпкер келіншектің цехына барып қайттық. Аудан орталығынан ашылған «Дәулет» жүн өңдеу цехы тұрғындарға таза табиғи жүннен жасалған көрпе-көпшік өнімдерін ұсынып отыр. Мамандығы педагог, үш баланың анасы Амангүл жүнді өңдеу техникасын анасынан үйренгенін айтты.

a

-Анам өте шебер адам болды. Жүн жуып, тоқыма тоқып, сырмақ сырып, көрпе тігіп, киіз басатын. Бала күнімнен осы еңбекті көріп өстім. Әкем өмірден ерте өткен соң анама көмектесіп, қолғабысымды тигіздім. Бой жеткен соң тұрмыс құрдым. Педагог мамандығын алдым. Мамандығым бойынша 6-7 жыл еңбек еттім. Жұмыс жасай жүріп, көрпе тігуді де қолға ала бастадым. Шағын көрпелерден бастап, қыз жасауын тігетін дәрежеге жеттім. Тіккен өнімімді сатып, табыс көзіне айналдыра бастадым. Шаруа қожалықтарында малдың жүнінің тектен-текке қоқысқа кетіп жатқанын көргенде жүн өңдейтін жеке шеберханамды ашу туралы ой келе бастады. 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы 2 млн грант ұтып, алға қойған мақсатымды жүзеге асырдым. Бастапқыда жолдасым мен балаларым көмектесті. Кейін қарамағыма 2 жұмысшы алдым, - дейді Амангүл бізбен әңгімесінде.

Он саусағынан өнері тамған тігіншінің айтуынша, қойдың жүнінен жасалған көрпе жылы болуымен қатар емдік қасиеттерге ие көрінеді. Қойдың жүнінен жасалған көрпеге жатқан кезде адамның жүйке жүйесі тынышталып, бұлшықеттер мен буындар босаңсып, қан айналым жақсарады. Қазақ үшін қыз жасауының маңызы зор. Қазақы салтта құрақ көрпе– анасының қызына тартқан, өзі қолдан тігіп табыстаған сыйы. Ал қыз бала үшін құрақ көрпе – анасың көзі. Қыздың анасы оюөрнек арқылы сүйікті қызына деген сезімін, жүрек жылуын танытып, ыстық ықыласын, сағынышын білдірген.

amangul09-2

Амангүл сонымен қатар бос уақытында қазақтың салт-дәстүрін бойына сіңірген, ұлттық тәрбиеден нәр алған қыз балалардың өмірге икемін, шеберлігін шыңдау мақсатында оқушы қыздарға жүнді өңдеуді және көрпе тігуді, құрақ оюды үйретіп жүр. Амангүл Жұмағұлованың халық үшін жасап жүрген еңбегі бағаланып, 2021 жылы аудан бойынша «Үздік кәсіпкер» номинациясына ие болыпты.

- Болашақта шеберханамды кеңейтіп, жұмыс күшін көбейтіп, жүннен жіп шығаруды және киіздің заманауи түрлерін басып шығаруды ойластырып жүрмін. Өйткені жүннен иірілген жіп жылу ұстағыштығымен , күннің көзін өткізбейтіндігімен, бояуалғыштығымен жоғары бағаланған. Жүннен тоқылған киім қыртыстанбайды, әрі жеңіл келеді. Мақсатым – халықты отандық өніммен қамтамасыз ету,-дейді кәсіпкер.

Талантын табыс табудың көзіне айналдырып, кәсібінен нәсібін тауып отырған қазақтың алғыр қызына біз де сәттілік тіледік.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT