Биліктің тұтқасын қолына ұстап, ел басқару ісіне араласқан Расул Мусин – аудандағы ауыл әкімдері арасындағы ең жасы.
Ол 1990 жылы Алға ауылында дүниеге келген. Орда бұзар жасқа жетпей әкім болу оның ойында да болмапты. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін аяқтағаннан кейін алғашқы еңбек жолын 2012 жылы бастап, мұнай-газ саласында үш жылдай қызмет атқарады. Кейін Алға ауылдық округі әкімі аппаратына қызметке орналасады.
– Сол жылдар аралығында білімімді шыңдап, көптеген әріптестерімнен тәжірибе алып, түрлі біліктілікті арттыру курсынан өттім. Мемлекеттік қызметке келудегі басты мақсатым – алған білімімді өмірлік азық ретінде пайдалану, ауылымызды көркейтуге кішкене болса да септігімді тигізу болды. Содан 29 жасымда ауыл әкімінің лауазымына тағайындалдым. Әкімдік жұмыста жас ерекшелік маңызды емес, маңыздысы елдің ықыласын алып, жақсы жұмыстардың басталуына себепкер болсаңыз ғана жеткілікті. Әкімнің басты қасиеті – кішіпейіл әрі көпшіл болу, жомарттық таныту, тұрғындармен тығыз байланыста болу деп есептеймін,-дейді Р.Мусин.
Расында қай ауылдың әкімі болмасын халықтың тұрмысын жақсарту, қордаланған көп шаруаны шешуді өздерінің алдында тұрған негізгі міндеті санайды. Расул Мусиннің аталған лауазымды қызметке орналасуымен Алға ауылында бірқатар өзгерістер орын алды. Көкірегі ауылды гүлдендіру мақсатындағы тың идеяларға толы жігіттің ойлаған ойлары жүзеге асып та жатыр. Бүгінде қала мен ауыл арасындағы қоғамдық көлік, жұмыссыздық мәселелері шешімін тапқан. Жолақысы қолжетімді автобуспен тұрғындар қалаға еркін қатынап, ауысымды жұмысқа орналасып, студенттер барып-келіп, білім алып жүр.
– Тағы бір өзгеріс – Жайық жағасын судан қорғау бөгетін жасау жұмыстарының жандануы. Жаңадан берілетін жерлерге инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл жұмыстар аяқталса, кезекте тұрған тұрғындарға жер телімін беруді ұйымдастырамыз. Жаңа спорт кешені, мәдениет үйі және 600 орындық мектеп құрылысын жүргізуге сұраныс жолданды. 280 орындық балабақша құрылысына жобалықсметалық құжаттама жасақталуда. Осы шаралар іске асса, ауылымызда өзгерістер легі көп болмақ,- дейді ауыл әкімі.
Кез келген азамат үшін ел сенімін, халықтың үмітін ақтаудан асқан жауапкершілік жоқ. Халыққа, мемлекетке қалтқысыз қызмет қылу, адал еңбек ету – әрбір азаматтың ең басты борышы, абыройлы міндеті.
– Өмірлік ұстанымым – жұмысыма адал болып, халықпен тең дәреже араласу және олардың ризашылығын алу. Халықпен жұмыс жасаудың зор жауапкершілік екенін терең түсінемін. Пікірлерге құлақ асып, айтқандарын тыңдаймын. Әркез бірлесіп жұмыс істеуге дайынмын, ашықпын. Халық алдында берген уәдемізді орындауға, сөзімнен ауытқымауға тиістімін. Екі сөйлегенім азаматтығыма да жараспайтынын білемін. Өзім жас болғандықтан өзімнен кейінгілер де менен үлгі алуы керек. Өзіме қарап, бой түзейтін інілерім болса, мақсатымның орындалғаны деп білемін. Әрине, мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан жастарға қолдау білдіремін. «Өз туған жеріне қызмет етемін» деген әр азаматқа мемлекеттік қызметте әрқашан есік ашық дегім келеді. Мемлекеттік қызмет – үлкен абыройлы қызмет. Сол абыройға нұқсан келтірмеген адам ғана жетістікке жетеді. Туған өлкемді көркейту тұрғысынан үдеден шыға білсем, елдің дамуына тамшыдай болса, қосқан үлесім болар еді деп ойлаймын,- дейді ауыл әкімі.
Бойында жастық жігері мен намыс оты жалындаған Расул Төлегенұлы – ел алдында әкім болуымен қатар отбасында Құдай қосқан жарымен бірге қос бірдей «қызғалдақ» өсіріп отырған үлгілі әке. Жан-жары да оның әр жасаған жұмысына, ойлаған жоспарына қолдау білдіріп келеді. Бастысы әкім өз ауылының бүгінгісінен ертеңінің биік болатынына сенеді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ