Талғатовтар — «Ұлағатты отбасы»

Облыстық «Мөлдір бұлақтан...» отбасылық сайысына ауданымыздан аттанған Талғатовтар отбасы тағы бір биік белесті бағындырды.

Облысқа қарасты аудандар мен қаланың өзінен бақ сынаған 8 отбасының арасынан, ұл-қыз тәрбиелеудегі ерекше үлестерімен көзге түсіп, сайыстың ең жоғарғы «Ұлағатты отбасы» номинациясын иеленді. Баланың бас ұстазы – ата-ана. Өйткені, балапан «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Балапан қыран болу үшін оны самғатып, ұшыратын ата немесе әке де қыран болу керек. Сондықтан отбасындағы әке тәрбиесінің маңызы өте зор. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі деп білсек, ана отбасының ұйытқысы, жылуы, шуағы, жақсы ана отбасына береке әкеліп, жанұясын бақытқа бөлейді. Талғатовтар отбасы өз жанұяларындағы жылу мен мейірімді, құрмет пен сыйластықты, жалпы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты «Бақыт неге келілеп сатылмайды?» өлеңіне шығарған билері арқылы паш етті. Мықты логикаға құралған бұл би өнері тамашалаушыларды тамсандырғаны үздіксіз көрсетілген қошеметтен аңғарылды.

Елбасы Н.Назарбаевтың балалық шағынан сыр шертетін көріністері де көрермен көңілінен шықты. Аллаға алақанын жайып келінінің жанын аман қалдыруды өтінген Мырзабала әже, тұла бойы тұңғышының өмірге аман-есен келгеніне қуанған Әбіш әке, бәйгеден жеңіп алған алғашқы кілемін кавказдық достарына сыйға тартқан бала Сұлтан, жасөспірім ұлының көрген түсін жақсылыққа жорыған Әлжан ана, осы рөлдің бәрін сахнада сомдай білген отбасы мүшелерінің шеберлігі әділқазыларды да тәнті етті. Отағасы Айдос Талғатов сонау Беріштің ұлы Қаратоқайдан басталатын отбасы шежіресінен сыр шертіп, ұлдары Олжас пен Назарға жеті атасын үйретуді парызы деп санайтынын айтса, отанасы Баян Сүйеуова қызы Асылайға қолынан келген өнерінің барлығын кішкене кезінен бойына сіңіріп келе жатқанын көрсетті. Облыс орталығында ауданымыздың атағын аспандатып, махамбеттік отбасылардың мәртебесін көтерген Талғатовтардың жеңісі талай жас отбасыларға үлгі боларлықтай-ақ.

Өз тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521