«Табысымыздан айырылған кезде бұл қаражат аз да болса көмек болды»

Елімізде төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандар 42500 теңге тағайындалады деп жариялағаннан бері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай көмекке өтініш берушілердің саны күннен-күнге артуда.

Аталған көмекті қолына алғандардың бірі махамбеттік тұрғын Асылай Қабдолова. Жасы жиырмадан асқан екі баланың анасы осыдан төрт-бес ай бұрын ауыл тұрғындарына «кілем жуу» қызметін көрсетуді бастаған. Алайда, карантин жарияланғалы бері бұл қызметі тоқтап, жалақысыз қалған еді.

-Жұмысынан айырылғандарға жалақының ең төменгі мөлшеріндегі әлеуметтік көмек көрсетіледі дегенді естігенде қуанышымда шек болмады. Алдымен 1325 теңге көлеміндегі бірыңғай жиынтық төлемді төлеп, 42500.еnbek.kz, Еgov.kz сайттарынан берген өтінішімнен ешқандай хабар болмағаннан кейін, Телеграм-бот қызметіне жүгіндім. Өтінішті өткен аптада жіберсем де, ешқандай смс-хабарлама келместен, банктік есепшотыма 5 күн ішінде 42500 теңге түсті. Табысымыздан айырылып үйде отырған осындай қиын-қыстау кезде бұл қаражат біз үшін аз да болса көмек болуда, - дейді А.Қабдолова.

Айта кететін жайт, 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемнен салық, зейнетақы төлемдері ұсталмайды. Бұл жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов:

«42500 теңгеден ешқандай салық та, алым да ұсталмайды және одан несие, коммуналдық қарыздарды ұстауға болмайды. Сізге 42 500 теңге тағайындалса, онда сол сомма есепшотыңызға түседі» деген болатын.

Өтініш беріп, алайда әлеуметтік төлемге қолжеткізе алмай жүргендер де бар. Егер сіз төтенше жағдайға байланысты табысыңыздан айырылған болсаңыз, бұл қаражат сізге міндетті түрде беріледі. Бастысы құжаттарыңызды талапқа сай тапсырсаңыз болғаны.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT